Өрісі өрелі өндіріс

/uploads/thumbnail/20170708203945561_small.jpg

Бұрынғы заманда бір бағытта ғана жұмыс істеп келген көптеген кәсіпорындар Тәуелсіздіктің таңы атқан шақта уақыт талабына орай жан-жақты даму жолдарын қарастыра бастағаны есте. Олардың кейбірі даму үдерісінің дұрыс жолын таба алмай дағдарып қалғаны да рас. Дегенмен, тәуекел етпей тіршіліктің тегершігі қозғалмайтыны тағы бар. Осындай тәуекелге барып, қазіргі күнде бәсекелестерінен оқ бойы озық тұрған кәсіпорынның бірі – «Цесна-Астық» концерні» ЖШС.

Кеңес дәуірінде тек қана ұн мен мал жемін өндіріп келген кәсіпорынның басшылары 1997 жылы, яғни Ақмола астана болғалы тұрған кезде кеңесе келіп, концернді жан-жақты дамыту шараларын қарастырады. Сөйтіп, әлемдік стандарттарға сай өнім шығарып, тұтынушылары мен мемлекет талабын қанағаттандыруды көздейді. «Ізденген жетер мұратқа» демекші, әлемдегі дамыған елдерді шарлап, Швейцарияның макарон шығаратын технологиясына таңдау жасайды. Таңдау дұрыс болған. «Біз негізінен қысқа кесілген, ұсақтау макарон өндіреміз. Технологиямыз швейцарлық. Өніміміздің сапасы аса жоғары десек, артық айтқандық емес. Кәдімгі Еуропа елдерінде тұтынатын макарон өнімдерімен бәсекеге түсуге еш тартынбаймыз. Себебі, олардың өнімінің сапасынан біздің макаронның сапасы мысқалдай да кем емес. Оны осында келіп-кетіп жүрген батыстық технолог мамандардың өзі айтып жүр», деді концерннің бас директоры Владимир Лихтей.

Кәсіпорын басшысының бұл сөзіне қарап, неге онда алыс шетелдерге макарондарын экспорттамай отыр деген ой келді. «Өндірген өнімдеріміз қазіргі таңда жақын, көршілес жатқан Өзбекстан, Түрікменстан, Моңғолия, Қырғызстан, Қытай елдеріне экспортталуда. Ал алыс шетелдерге шықпайтын себебіміз, өнімді жеткізу жолы тым қиын әрі өте қымбат.

Әупіріммен Еуропа елдеріне жеткізген күннің өзінде, бағасы еселеп өсіп кетеді. Сөйтіп, сапа бәсекесіне төтеп бергенімізбен, баға тайталасында ұтылып қалатынымыз анық. Сондықтан әзірше бір аймақтағы елдерді місе тұтып тұрмыз. Егер елдегі сауда логистикасы қарқын алып, тауар тасымалының құны қолайлы болып жатса әлемнің кез келген еліне сапасы жоғары макарон жеткізуден тіптен тартынбаймыз», деді кәсіпорын басшысы.

Маманның сөзіне илансақ, соңғы 10 жылда кәсіпорын өнім шығаруды 4 есеге дейін өсірген. Демек, аталған өндіріс ошағы Астанамен бірге дамып, өрісін үзіліссіз кеңейтіп келеді. Кезең-кезеңмен іске қосылған қазіргі үш макарон желісінен сағатына 8 тонна өнім шығаруға болады. Бірақ, қазір оны толық қуатында іске қоспай тек 60-63 пайыздық қуатымен ғана жұмыс істеп тұр. Егер зауыттың барлық қуатын пайдаланатын болса тәулігіне 54 тонна макарон өнімі дайындалады. «Мәселе өндіріс орнын толық қуатында жұмыс істетуде емес. Негізінен, макарон өндірісі саласында ең жоғары дегеннің өзінде кәсіпорын толық қуатының 75 пайызымен жұмыс істесе ол өте жақсы болып есептелінеді. Оның өзінің технологиялық шешімдері бар. Сондықтан, егер де біз қаласақ экспорттың кеңістігін де көлемін де арттыруға әлі де жұмсалмай тұрған әлеуетіміз жеткілікті», деп жалғады сөзін В.Лихтей.

Макорон зауытында бүгінгі таңда 200-ден астам адам еңбек етеді. Байырғы кәсіпорынның жанынан құрылған өндіріс ошағы болғандықтан, мұнда кәсіби шеберлігі жоғары үлкен буын мамандары жеткілікті. Өмір үдерісіне қарай алдыңғы толқын мамандар кейінгі толқын кәсіп иелерін дәстүрге сай шәкірттікке алып, тәрбиелеп, өсіріп шығарады. «Жұмысшылар мен мамандарға қойылатын талап өте зор. Оның үдесінен шыға алмағандар біздің қатарымызда қала алмайды. Себебі, біріншіден, ас атасы нан өнімін шығарғанда ұлттың нанға деген көзқарасы мен қасиетті ұғымын ескере отырып макарон әзірлеген ләзім. Екіншіден, өз кәсібіне жетік болумен қатар, жұмыс орнын қастерлей білуі шарт. Өйткені, обалы мол ұнмен жұмыс істегенде бәріміз де таза әрі мұқият болғанымыз абзал. Үшіншіден, өніміңді адамдар тұтынатынын, олардың арасында өзіңнің ата-анаң мен отбасың да бар екенін есте ұстап жұмыс істегені жөн. Бұларға қоса айтарым, мамандардың біліктілігін арттыру үрдісі тоқтаусыз жүргізіліп отырады. Сондай-ақ, жоғарыда айтқанымдай, алдыңғы буын мамандар ізіне ерген кәсіп иеленушілерге өз тәжірибесін үйретіп, жадына сіңіріп отырады. Таяуда ғана осында 30 жылдан астам уақыт еңбек еткен маманды үлкен құрметпен зейнеткерлік демалысқа шығарып салдық. Оның ісін жалғастырып, бұрынғыдан да жетілдіріп жүрген шәкірттері баршылық», деп бір қайырды В.Лихтей.

Кәсіпорын жетекшісінен мемлекеттің бизнесті дамытуда тудырып отырған мүмкіндіктері жөнінде де сұрадық. «Шындығын айтқанда, айналамызға қарасақ кәсіпкерлерге берілген еркіндік пен көмек біздің елден өзге таяу мемлекеттердің бірде-бірінде жоқ деуге болады. Бизнес жоспарыңды жақсылап жасап, тиісті органдарға немесе Ұлттық кәсіпкерлер палатасына барсаң жөн-жоба көрсетумен қатар, ақысыз ақыл-кеңесін береді. Оған қоса, рұқсат құжатымен бірге көмек қолын да созады. Осыған қарап, Қазақстанда жұмысым жоқ, кәсіпкерлікпен шұғылдануға мүмкіндігім жетпейді деп ауызды қу шөппен сүртуге еш негіз жоқ деп білемін. Бірер жыл бұрын кәсіпорынның қуатын арттыру мақсатында мемлекеттік бағдарлама бойынша біз де белгілі мекемелерге бардық. Қалаған қаражатымызды қиындықсыз әрі жеңілдетілген түрде несиеге алып, тиісті жабдықтарымызды жаңаладық. Осының арқасында өнім сапасын бұрынғыдан да жақсарта түстік. Технология ай сайын жетілдіріліп, жаңарып жатқанда, дамымай тежеліп қалуға тағы да болмайды», деп жауап берді ол.

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар