Степногор подшипник зауыты елімізде баламасы жоқ кәсіпорын. Қазіргі күні ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп отырған зауыт өнімдері ТМД аумағында да кеңінен танымал. Әйткенмен, алдымыздағы жылы өзінің 40 жылдығын атап өтетін өндіріс ошағының өсу жылдары бұралаң белдерге толы болғандығын айтудың реті бар. Мәселен, баяғы кеңестік дәуірде жабық зауыттардың негізінде құрылған подщипник кәсіпорнының басындағы күмәнді бұлттың қоюланып барып, жарқ етіп жазылып кеткеніне таңдана қуанған кездеріміз болды. Сондағы сәтті таңдау еуропалық әріптестермен қауымдасу еді.
Анатолий ТомиловтыңЕлбасы Н.Ә.Назарбаев бастамашы болған «Еуропаға жол» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, Қазақстан Үкіметінің қолдауымен зауыт 2001 жылы Ресейдегі «Еуропа подщипник корпорациясы» холдингінің мүшесі атанды. Бұл қазақстандық өнімнің Ресей теміржолдары мен вагон құрылысы және жөндеу зауыттарына үздіксіз жөнелтілуін қамтамасыз етумен қатар, Степногор кәсіпорнының шырайлы болашағына сенім қалыптастырды. Қазірдің өзінде интеграциялық құлшыныс күрт артып отыр. Жуырда зауытта болғанымызда, оның бір белгісін инвестициялық құйылымдардың арта түскенінен байқадық. Мәселен, бұрнағы жылы өндірісті дамытуға 479 258 мың теңге жұмсалса, биылғы тоғыз айда оның көлемі 393 миллион теңге болған. Жыл басына қарай болжамдық көрсеткіштің өсе түсетінін айтпағанның өзінде, әлгі қаржының арқасында зауытта жаңа жабдықтар орнатуға, технологиялық үдерістерді дамытуға, өнімнің жаңа түрлерін шығаруға мүмкіндік ашылғанын білдік. Дағдарысқа қарсы бағдарламаның басты бөлігі – токарьлық-термистік цехтағы 23 станок пен жону-жинақтау цехын-дағы 13 станокты микропроцессорлық басқару жүйесіне енгізу сәтті аяқталған. Сондай-ақ, радиалдық подщипниктер дайындау цехында Германияның белгілі «Garl Zeіss» фирмасының үш координатты өлшеу машинасының монтаждалуы үлкен табыс саналуда. Осы жерде зауыт басшылығы өз жаңашылдары мен өнертапқыштарын қолдауға ынталы екендігін айтқымыз келеді. Былтыр учаске бастығы Александр Ластовкиннің қуат ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі ұсынысы өндіріске енгізілді. Желілік қондырғыларды жетілдіру нәтижесінде балқымалар сапасы артып, жылдық үнем 1,5 миллион теңгеге жеткен.
– Достастық аумағындағы Мәскеу, Самара, Вологда, Саратовтағы ең ірі подшипник зауыттарының басын біріктіретін холдингтің құрамына енуіміз тиімді таңдау екендігі сөзсіз, – дейді бізбен әңгімесінде Анатолий Иванович. – Біз осы арқылы өз өнімдерімізбен жаңа тұтыну нарықтарына шықтық және Ресей мен Қазақстан теміржол көлігін аса қажет подшипниктермен қамтамасыз ететін ірі кәсіпорынға айналдық. Зауытымыз қысқа цилиндрлі роликтермен жабдықталған радиалдық подшипниктер дайындауға маманданған. Ал, 2007 жылдан бастап кен өндірісі, металлургия, ағаш өңдеу кәсіпорындары, машина жасау және мұнай-газ өнеркәсібі үшін өнімдер шығара бастадық. Енді, былтырдан бері ірі габаритті подщипниктер өндірісін игердік. Жабдықтар мен құрал-саймандар өндірістік іркілістегі «Мәскеу ЕПК» АҚ-тан тасымалданды. Бұл біз үшін де күрделі кезең еді.
Әсіресе, биылғы жыл өз мүмкіндіктерімізді жүзеге асырудағы қиындықтарға толы болғандығын жасырғым келмейді. Мұны әлемді құрсаған экономикалық дағдарыспен, қаржы-валюта саясатындағы келеңсіз ауытқушылықтармен, Ресей рублінің құнсыздануымен байланыстыруға болады. Осыған сәйкес, холдингтің өндірістік ұстанымдары біршама өзгерді.
Мәселен, біздің негізгі тұтынушымыз – «Ресей темір жолы» АҚ өзінің вагон паркін жаңарту бағытын ұстанды. Бұл Степногор подшипниктерінің 30 пайызы сұраныссыз қалды деген сөз. Ал, оның орнын толтыратын жаңа өнімдер дайындау қажет. Қазір біз Мәскеу номенклатурасындағы өнімдерді шығаруға бейімделудеміз. Ол уақытты талап етеді.
Соған қарамастан, абыржитындай жағдай жоқтығын айтады «ЕПК Степногор» АҚ бас директоры. Еуроподшипник корпорациясы өндірісті сауықтыру қадамдарын бастады. Зауыт 2015 жылы кепілдендірілген 518 мың дана подшипникті әріптестеріне жөнелте алатынына сенімді. Өнім көлемінің азаюы мүмкін екендігіне қарамастан, кәсіпорын биылғы жылғы жұмыс ауқымымен қамтамасыз етілген. Тіпті, үстіміздегі жылы одан бұрынғы жылдардың көрсеткішіне жету жөніндегі ниет те жоқ емес. Демек, жұмысшыларды қысқарту болмайды, ал подшипниктердің жаңа түрлерін игеру қосымша күшті қажетсінетіні анық.
Дәп қазір маман жұмысшылардың қажеттілігі мына жағдайлармен байланыстырылып отыр. Біріншіден, кәсіпорын холдингтің номенклатуралық тізіміндегі подшипниктердің 150 түрін дайындау мүмкіндігіне ие болған. Қазірше оның 50 түрі шығарылуда. Екіншіден, бүгінгі күні Мәскеудегі корпорация басшылығы ірі габаритті өндірісті «ЕПК Степногор» акционерлік қоғамына беру мәселесін көтеріп жатыр. Зауыттың бұған дайындығы да, ынта-жігері де жеткілікті. Бұл жоғары сұраныстағы подщипниктердің ауқымы 2,5 метрді, салмағы 6 тоннаны құрайды. Сондықтан, логистикалық талаптарға сай, небәрі 20 пайыздық жүктемені алып отырған бірнеше нысанды жұмыс істеп тұрған өндірістік буындарға жақындату қолға алынған. Бұл орайда, сыннан өткен дәстүрлі бөлімдер де қуаттанады. Батыстық фирмалар ұсталық кәсіптен баяғыда алыстаған. Оның өнімдерін сырттан сатып алуды тиімді санайды. Ендеше, кәдуілгі ұсталар мен токарьлар, соған сабақтас учаскелердегі адамдар жұмыссыз қалмайды.
Зауыт өзінің технологиялық бренді – вагон подшипниктері өндірісін кеңейтетін болады. Ресейдегі Саратов, Вологда зауыттарының бұл өнімді шығаруды доғаруы, Харьков зауытының тоқтап тұруы степногорлықтарды монополиске айналдырып отырғандай. Ендеше, бұл бағытта да қолайлы мүмкіндіктер бар деп ойлаймыз. Өйткені, қажетті құрастырмалы жабдықтар түгелдей Саратов зауытынан жеткізілуде.
Осы айтылғандардың барлығын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың экономикалық саясаттың алдағы шараларын қарастырған сөздерімен байланыстырғым келеді. «Біздің интеграциялық саясатымыз өте дұрыс, деп атап көрсетті Елбасы. Қазақстанда экономика көлемі бойынша да, халық саны бойынша да нарық жеткіліксіздігі сезіледі. Бізге өзге де нарықтар керек. Біз үшін Ресей мен Қытай үлкен нарық». Президент интеграциялық үрдістің өрісті кеңейтетінін айтып отыр. Бұл Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше ел ретінде бәсекелестік қозғалысты барынша дамытуды талап етеді.
Бұл үшін, жоғарыда айтқанымыздай, жаңа еңбек қатынастарына дайын кадр шешуші тұлға болатыны түсінікті. Зауыт Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосібір, Нижний Новгород, Екатеринбург, Астана, Алматы қалаларындағы кәсіптік оқу орталықтарымен тығыз байланыс орнатқан. Сондай-ақ, кәсіпорын базасында Степногор политехникалық колледжінің филиалы жұмыс істейді. Бұған қосымша, қыркүйек-мамыр аралығындағы оқу жылында 63 кісі зауытішілік сабақтарға қатысып, үш бағыттағы аралас мамандықты игерді.
Самғау соқпағымыздың басты бағдары сапа екендігін зауыттықтар жақсы біледі. Жоспарлы, табанды жұмыстың нәтижесінде СПЗ-да 2002 жылы сапа менеджменті жүйесі қалыптасты. Кәсіпорын өнімдерінің сапасы ресейлік және батыстық ГОСТ пен ИСО стандарттарына толық сәйкес келеді. Оны кәсіпорынның көп жылдардан бері халықаралық регистрлер бекіткен ІSO 9001:2000 және ГОСТ Р ИСО 9001:2001 сертификаттарын табысты қорғап отырғанымен дәлелдеуге болады. Халықаралық және тәуелсіз сертификаттау органдарының жыл сайынғы инспекторлық тексеріс қорытындылары да жақсы ойларға бастайды. Былтырғы қыркүйек айында «СПЗ» акционерлік қоғамында «Lіoyds Regіster Gualіty Assurance»» асессорлары жұмыс істеді. Аудит қорытындысы бойынша сапа сертификатын алдағы үш жылдық кезеңге жаңартуға ұсыныс жасалды.
Ақмолалықтардың абыройын асырған осынау үлкен табысқа ұжым ұзақ жылғы тыңғылықты дайындық жасағанын айту ләзім. Негізгілерін тізбелеп көрейік. 2004 жылы зауытқа республика Үкіметінің сапа саласындағы табыстары үшін сыйлығы, 2006 жылы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Құрмет грамотасы, 2007 жылы «Нұр Отан» партиясының «Бәсекелестікке қабілетті Қазақстан үшін» акциясы шеңберінде «Қазақстандық марка-2007» жеңімпаздық белгісі, 2007 жылы «Ең үздік экспорттық стратегия» республикалық конкурсының алтын жұлдызы табыс етілді. Қазіргі таңда «ЕПК Степногор» АҚ жоғары технологияны игеруде Қазақстанның машина жасау және металл өңдеу саласында ғана емес, ТМД подщипник жасаушылары арасында көшбастаушылық деңгейге көтерілді. Мұның өзі қазақстандық сапа көрсеткіштеріне жаһандық қызығу-шылықтың өскендігін айқындайды.
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"
Пікір қалдыру