Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында республикамызда ғылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылған. Бағдарламаның 64-ші қадамында «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Заңды әзірлеу қарастырылған еді. Сол заңға таяуда Елбасы қол қойып, баспасөзде жарық көрді. Жасыратыны жоқ, осы заңды білім және ғылым қызметкерлері көптен күтті. Себебі, осы күнге дейін ғылыми-зерттеу жұмыстардың нәтижелерін нақты өндіріске енгізу мәселесі заңды түрде шешілмей келеді. Нақты айтсақ, ғылыми жобалардың нәтижелерін өндіріске енгізу механизмін реттейтін нормативтік құжат болған жоқ. Ал сондай құжат болмағандықтан осы жұмысты қаржыландыру мәселесі де толық шешілмеді. Сондықтан да бұл заң Отанымыздағы ғылыми және ғылыми техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыру қызметін жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды жетілдіреді. Сондай-ақ, коммерцияландыру процестері мен ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландырудың мемлекеттік кепілдік берілген қолдау тетіктерін реттейтін болады.
«Жаңа технологиялық толқын жалына жармасып, теңдессіз инновациялар жасау барлық елдің қолынан келе бермейді. Сондықтан ауқымды халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуымыз қажет», деген Елбасы Н.Назарбаев инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясатын ұсынды.
ТарМУ халықаралық білім беру кеңістігінде интеграцияны тереңдету, оқытушылардың ғылыми-зерттеу мүмкіндіктерін кеңейту және білім алушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту мақсатында Шанхай ынтымақтастық ұйымы университеттерінің (ШЫҰУ) желісіне ресми түрде қабылданды. Яғни, университет студенттерді жоғары және жоғары оқу орнынан кейін білім беру бағдарламасы бойынша 3 мамандықтан «Су ресурстары және суды пайдалану», «Жерді мелиорациялау, баптау және қорғау», «Гидротехникалық құрылыс және ғимараттар» ШЫҰУ шеңберінде оқытуды ұсынатын болады.
Сонымен қатар, білім ордасы Беларусь-Қазақстан ғылыми-білім консорциумына мүше. Консорциум аясында Беларусь жоғары оқу орындарымен бірге 8 жоба әзірленуде. Ұсынылған жобалардың ішінде Жамбыл аймағы үшін «Дәнді дақылдарды қайта өңдеу негізінде жаңа тұрпаттағы өнімдер алу үшін техникалар мен технологиялар әзірлеу» жобасының маңызы ерекше. Бұл жобада дәнді дақылдарды сұрыптау коэффициентін 93-96 пайызға жеткізетін әмбебап технологиялық нобайы бойынша дәнді дақылдарды өңдеудің ресурсүнемдеу технологиясын, сонымен бірге, жаңа техникасын енгізу қарастырылған. Жоба Жамбыл облысында дәнді дақылдарды өңдейтін, әсіресе, ұн өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың қатысуын қажет етеді.
Бұдан өзге ауқымды ғылыми жобалардың бірі М.Х.Дулати атындағы ТарМУ және Беларусь ұлттық-техникалық университетінің ғалымдары қатысатын «Ғимараттардың қадалық іргетастарын қалау үшін ресурс үнемді ұңғымалы темір-бетонды қадаларды тәжірибелік сараптау және әзірлеу» жобасы. Соққыға шыдамды әрі экономикалық жағынан тиімді, ТМД-да және алыс шетелдерде теңдесі жоқ берік қадалар отандық құрылыс саласын инновациялық даму жағынан жаңа белеске көтерілуіне мүмкіндік береді. Бұл жобаға байланысты университет «ПетроҚазақстан Кумколь Ресорсиз» АҚ-пен келісім-шартқа тұрды.
2015 жылдың сәуірінде ТарМУ Университеттердің Еуразиялық Ассоциациясына толыққанды мүшес ретінде қабылданды. Бұл біздің ғалымдарымызға жаңа ғылыми жобаларды осы Ассоциация аясында орындауға мүмкіндік береді.
Тараз мемлекеттік университеті Оңтүстік өңірде ең ірі патент иеленуші болып табылады. Жалпы айтқанда, ғылым – монография немесе диссертация үшін керек емес, ғылым қарапайым халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталуы қажет. Жыл сайын университет ғалымдары жаңа құрылғылар мен жабдықтарға, механизмдерге, құрылыс материалдарына орта есеппен 30-дан астам еліміздің инновациялық патентін және авторлық куәліктерін алады. Өкінішке орай, олардың көбісі қағаз жүзінде қалып, нақты өндіріске енгізілмей келеді.
Жамбыл облысында патент иеленушілер қатарында М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-ден басқа «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС, Жамбыл жобалау институты, Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті және бірқатар ұйымдар бар. Облыстағы жоғары оқу орындары мен ұйымдарында көптеген патенттер мен авторлық куәліктердің шоғырланғанын ескере отырып оларға коммерциялау бойынша іріктеу жүргізіп, Жамбыл облысы әкімдігінің аясында арнайы аймақтық талдау орталығын (АСО) құру қажет, деп білеміз.
Аталған аймақтық талдау орталығының жұмысына ғалымдар, экономистер, бизнес, кәсіпорын өкілдері және мүдделі тұлғалар қатысуы тиіс. ТарМУ өзінің мамандарының қызметін ұсынуға және аталмыш орталықтың тиімді жұмысы үшін университет базасында қолайлы жағдай жасауға дайын.
Іргелі білім мекемесінің даму стратегиясына сәйкес, әр жылы зертханалық базаның өркендеуіне 180-200 млн. теңге бөлінеді. Соңғы екі жылдың ішінде 15 кафедраның зертханалары жаңа құрал-жабдықтармен толықтырылды. Мысалы, «Су ресурстары» кафедрасына Ұлыбританиядан гидроқұрылымдардың қауіпсіздігін зерттейтін арнайы зертхана алынып орнатылды. «Биология» кафедрасында табиғи материалдардан өнімдерді дайындау технологиясын іске асыру мақсатымен жаңа зертхана жабдықталды. Бұл зертханада Мойынқұм ауданында өсетін цистанхе (сай сағызы) тамырынан тамақ және косметология өнімдерін дайындау технологиясы зерттеліп жатыр.
«Наноинженерлік лаборатория» арнайы пресс-машиналармен жабдықталды. Осы құрылғылар арқылы құрылыс материалдардың сапасын сараптамадан өткізуге толық мүмкіндік алып отырмыз.
Махметғали САРЫБЕКОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылған Ұлттық ғылыми кеңестің төрағасы.
Жамбыл облысы.
Дереккөз: Егемен Қазақстан
Пікір қалдыру