Байыпты да батыл қадамдар

/uploads/thumbnail/20170708203950593_small.jpg

Алматы – еліміздегі ең ірі қала. Дәлірек айтқанда, Қазақстандағы ең ірі экономикалық орталық. Қазақстандағы ішкі жалпы өнімнің 20,9 пайызын, барлық салық пен салықтық емес түсімнің 32 пайызын, барлық сауда операцияларының 41 пайызын иеленіп, республикадағы еңбекке жарамды халықтың 15 пайызын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған ауқымды мегаполис. Орталық және Шығыс Еуропаның басты қалаларымен бәсекелесте иық түйістіретін Алматының әсемдігі мен әдемілігі өз алдына үлкен әңгіме. Оның үстіне бүгінде өзіне тән тартымдылығы бар қала келбеті Қазақстаннан да тыс жерлерге өте жақсы танымал болып алды. Биік шыңды ақбас Алатаудың баурайындағы Алматының ежелден-ақ «гүл-қала, жыр-қала» деген лайықты атауы және бар. Ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің ғасырлық тарихы бар айрықша ордасы. Еліміздегі мұндай экономиканың локомотиві іспетті бас қаланы басқару қазіргі заман талаптары таразысына салар болсақ, тәжірибелі де тәрбиелі, креативті кадрлардың ғана қолынан келсе керек-ті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ал­маты әкімі қызметіне қылшылдаған қы­рық­тың қырқасына бет алған жас жігітті тағайындағанда Бауыржан Байбектің – мұндай қызмет тізгінін қолына алған «Болашақ» бағдарламасының бірінші түлегі деп ескерткені жоғарыда біз сөз еткен алып қаланың салмағы мен мәртебесін бағамдағаны шығар. Бұл тұста Бауыржан Байбек еліміздің Сыртқы істер министрлігінде, Президент Әкімшілігінде, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып, едәуір тәжірибе жинақтап үлгерген.

Елбасының өзі болашағынан үміт күткен азаматтың әрбір қадамы сол күннен бастап бірден қоғамның назарына ілікті. Біріншіден, байырғы тұрғындардың өзі қаланы мұндай жас азаматтың басқарғанын көрмеген. Екіншіден, мынадай бүйірден әлемдік дағдарыс ұрған, жаһандық мазасыз сәтте елдегі ең ірі қаланы басқару да оңай іс еместігі көзге бірден ұрып тұрғандай еді.

Жаңа әкім қызметке отырған тұста Алматыда бұрын-соңды болмаған лайлы сел жүріп өтіп, апатты аумақтың халқы әрі-сәрі күй кешіп жатқан… Бауыржан Байбек аттың басын бірден сол жаққа бұрды. Жаңадан шаңырақ көтерген Наурызбай ауданының зардап шеккен тұрғындарымен кездесті. Ала жаздай бір тамшы тамбай, күн ысыған сайын қала тұрғындары одан бетер дүрлігіп, әлі де үрейден арыла алмай жүрген. Қала әкімі тау бөктері мен апатты аумақтарды түгел жаяу шарлап, оны ғылыми тәжірибе жүзінде мониторингілеп, ойын екшеп алған соң халықпен қайта қауышты. Қауышты да көрген-білгенін, қауіптің жоқтығын айтты. Әкімнің тікелей өз ауызымен жеткізген мәліметтері халықты сабасына түсіргендей еді. Бірақ күдік сейілмеді… Бұл кезде апат болған аумақта қоғамдық ұйымдардан тыс 1000 жауынгер күн-түн демей лай мен қоқыс басқан көшелер мен аулаларды тазалау үстінде-тін. Сел өткен Қарғалы өзенінің 13 шақырымы тасқын толтырған қоқыс пен батпақтан тазаланып, 5 шақырымдай өзен арнасы қайтадан, мықтап нығайтылды. Апатты аймақтан 175855 текше метр тас араласқан қойыртпақ-балшық қала сыртына шығарылды.

2015 жылдың 18 тамызында қала әкімі Бауыржан Байбек оқиға болған аймақта көшпелі мәжіліс өткізіп, «Біз бүгінгі қалыптасқан жағдайды ескере отырып, төтенше жағдайлар мерзімін тоқтаттық. Бұдан әрі қарай барлық міндетті әдеттегідей коммуналдық қызметтің мойнына жүктейміз. Ендігі мақсатымыз – 1 қыркүйекке дейін апатты аумақтағы 3 орта мектепті балаларды қабылдайтындай дәрежеге жеткізу», дегенде барып Алматы тұрғындары, әсіресе, Наурызбай мен Алатау аудандарының халқы терең бір тыныс алды. Әкім айтқанында тұрып, көшелер мен бос жатқан жерлерді қалыңдығы 60 сантиметрлік лай-батпақтан аршып, мектептер 1 қыркүйек күні «Алғашқы қоңырауды» күмбірлете сыңғырлатты. Қым-қуыт шараларды асыға атқара жүріп, жүздесу мен кездесулерді де ұмытпай, ширақ қимылдаған қаланың жас басшысы осы екі арада қарамағындағы орынбасарларын да жаңалап үлгерді. Арман Қырықбаев пен Әсел Жүнісова, Румиль Тауфиқов пен Саясат Нұрбек сияқты жаңа заманның көшбасшы өрендері Бауыржан Байбектің командасының қатарын түзеді.

Ең қызығы, қала әкімінің әлеуметтік желінің тамыршысы бола білгені де өз пайдасын берді. Қалалық балалар инфекциялық ауруханасында өрескел тәртіп бұзушылық әкімнің назарына ілігіп, кешікпей өзі сонда барып, берекесіздікті өз көзімен көріп, ақыр-соңында оқиға мекеме басшысының қызметтен босатылуымен аяқталды. Осыдан кейін-ақ қаладағы «әй дер әже, қой дер қожасын» ұмытқан талай-талай мекеме-ұйымдар аяғын тартып, етек-жеңін жинауға кірісті.

Алматының «Астана» алаңына күллі техникасын тізіп қойған қаланың коммуналдық қызметшілері әкімге алдағы қыстан қысылмай шығуға тегіс дайын екені туралы баянат берді. Қала әкімі сабырлы қалпымен, әлі де болса істі мұқияттау керектігін ескертті. Арада 10 күн өткенде Алматыны бір түнде қар жапты. Коммуналдық қызмет өз міндетін ойдағыдай атқарып шықты. Әкімнің тағайындалғанына 100 күн толған тұста Алматы екінші рет қалың қардың астында қалды. Қала әкімінің тікелей назарында тұрған коммуналшылар бұл жолы да уәде үдесінен шықты. Дегенмен екі оқиғада да түс ауа күн жылынып, қардың көбі қала буымен ерігенін ұмытпайық! Үшінші сын қатал болмақ. Қыс таяу!

Қазір қала Бауыржан Байбектің «Алматы-2020» бағдарламасымен қызу жұмыс істеуде. Күні кеше Алматыда өткен «ҮЕҰ: Жаңа өзгерістерге» атты ІХ Азаматтық форумда Бауыржан Байбек жергілікті атқарушы билік органдарының басшылары мен мәслихат депутаттарын, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен бизнес өкілдерін, барлық дәрежедегі сарапшыларды Алматының 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасының жобасымен таныстырды. Әкім үлкен қаланың өміріне зор өзгеріс алып келетін бұл жобаның Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес институттық реформасы және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының аясында іске асатынын да түсінікті тілмен тәптіштеп түсіндіріп берді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы үшін Алматы қаласы мен оның жас әкімінің мұндай батыл қадамы бірден ой салыпты. Алматыдағы ең соңғы алқалы жиында БҰҰ-ның өкілі А.Мунхтуя дүниежүзі бойынша ең мәртебелі 15 қаланың тізімі жасалу үстінде екендігін, оның қатарынан орын алуға Алматының мүмкіндігінің барлығы туралы әкімнің өзіне айтып салды. Әкімге осылайша халықаралық дәрежеде сенім артылды!

Бүгінде Алматының ең басты проблемасы – көше кептелегі. Алматы 1987 жылы 1 млн.-шы тұрғынының дүниеге келгенін ресми түрде тіркесе, қазір ресми мәліметте 1,6 млн., ал бірқатар сарапшылар қала халқының саны 2-2,2 млн.-ға жеткен деген деректі алға тартады. Қала әкімі қоғамдық кездесулерде ол жайында үнемі еске алып, назарда тұрған көкейкесті мәселенің шешілу жайын жалықпай қайталай айтып та жүр. Алматы бойынша тіркелген көліктің саны 700 мыңнан асады, күнделікті қалаға кіріп-шығатын көліктің саны 250-300 мың шамасында.

Алып шаһарға батыс жағынан кіретін жалғыз қақпа Райымбек даңғылы саналады. Тараздан шығып «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» даңғылына түскен жеңіл көлік Алматыға дейінгі жолды бес сағатта жүріп өтіп, қалаға кірер ауыздағы «Алтын Орда» сауда орталығынан басталған жол кептелегіне тұмсығын тіреп 1-1,5 сағат жоғалтып жатады. Бұл бүгінгі күннің ақиқаты. Батыс бағытқа жолға шыққан әрбір жолаушы, әрбір жүргізуші яки көлік иесінің бүгінгі бар арманы – «Осы кептелектен қайтсек құтыламыз?» Қала мен Алматы облысының (Қарасай ауданы) жер аумағындағы осы кептелекке қатысты әрлі-берлі жарыстырып алты қатарлы жол салу туралы Бауыржан Байбектің идеясын бүгінде көзіне жас ала қуанып қолдамаған жан кемде-кем. Осы арада айта кетер бір жайт, Алматы ғана емес, жақын маңдағы бүкіл елді мекендерден қалаға қатынап жұмыс істейтіндердің қамын ойлаған жоба халық арасында Бауыржан Байбектің беделін тағы бір сатыға жоғарылатты. Жұртшылық өкілдерімен әрбір кездесуде елдің іші-бауырына кіріп әңгімелесіп, көкейкесті мәселелерді созбалақтамай тиянақтайтын әрі өз ойын қысқа да нақты жұптайтын жаңашыл әкімді қала тұрғындары іші тартып та қалған сыңайлы. Әсіресе, Қарттар күніндегі қала әкімінің жасы ұлғайған азаматтарға жасаған ілтипаты, әртүрлі нысандарды ашу салтанатында уақытты созбай аяқтап, тап-тұйнақтай жүретін салмақты әкімнің ширақ қимылы да көңіл көншітті. Әр кездесуде қала халқымен мемлекеттік тілде мазмұнды тілдесуі, ой сала ашық-жарқын кеңес беруі мен әр жерде, әр кезде үнемі қайталаудан жалықпайтын «Мәңгілік Елдің ұйысқан ұлты, жастар арасындағы патриотизм мен ана тіліне деген құрметін» де айрықша жақтырып жатқандар бір төбе…

Президенттің сенімі мен үмітін арқалаған Алматы әкімінің алғашқы 100 күнін қысқаша қорытындылағандағы ойларымыз осындай. Алда – қыс. Дағдарыстың ызбарлы ызғары да ерекше байқалып тұр. Қазақстанның қуаты тасыған ең үлкен қаласы әдеттегі кейпінде – буырқанып, бусанып, тіршілік қазанын қыздырып қайнатып жатыр. Сенімді қолда екенін сезінгендей де… Ендеше, бойында жігері тасыған, тұрғындарға жақсылық жасауға асыққан, бастама-бағдарламасының бағыты түзу, ісі оң жас әкімнің алдағы мазасыз күндері мен түндеріне тек қана табыс тілейміз!

Дереккөз: "Егемен Қазақтстан"

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар