Кеше Алматы қаласының әкімдігінде Алматы қаласының 2016 – 2020 жылдарға арналған даму бағдарламасының жобасы бойынша жұмысшы топтың отырысы өтті.
Өңірдің даму бағдарламасы елімізде алғаш рет көпшіліктің талқысына түсіп отыр. Кездесу барысында қала әкімі Бауыржан Байбек шаһарды әр қырынан дамытудың 7 бағытын атап, бағдарламаны жан-жақты саралап, жетілдіре түсу үшін барша халықты белсенді атсалысуға шақырды.
Бағдарламаның дайын жобасы бүгіннен бастап көпшіліктің, яғни сарапшылардың, бизнесмендердің, үкіметтік емес ұйымдар мен қала тұрғындарының талқылауы және ұсыныстарын білдіруі үшін қала әкімдігінің almaty.gov.kz ресми сайтында жарияланады. Бір ай ішінде ұсыныстар мен толықтыруларды арнайы құрылған almaty2020@a-a.kz электронды поштасына жіберуге болады. Бұл – Елбасының бес институттық реформасы мен «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамды» іс жүзінде жүзеге асыру.
Даму бағдарламасының жобасын жасауға мемлекеттік органдар өкілдерімен бірге қала құрылысы, сәулет, экономика және қалаларды стратегиялық жоспарлау салаларында үздік халықаралық тәжірибе жинаған, әлемге танымал «McKinsey&Company» компаниясы тартылды.
Шара барысында Даму бағдарламасын талқылауды және толықтыруды қамтамасыз ететін, құрамына ірі үкіметтік емес ұйымдардың, қаржы институттарының өкілдері, салалық қоғамдастықтардың басшылары, қоғам қайраткерлері, түрлі сарапшылар енетін Қоғамдық кеңес құрылатындығы айтылды.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қолдау көрсетуінің арқасында Алматы бүгінде әлеуеті мол, еліміздің аса ірі экономикалық орталығы болып қалыптасты. Қала бүгінде еліміздің жалпы ішкі өнімінің 30 пайызын, салық түсімдерінің 28 пайызын және сауданың 41 пайызын қамтамасыз етеді. 2014 жылдың қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы жалпы аймақтық өнім 29 мың доллар болды. Бұл Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің астаналары мен ірі қалаларының деңгейіне тең екенін көрсетеді. Өнім көлемі бойынша Алматы Өзбекстанмен теңессе, Қырғызстан мен Тәжікстаннан 5 есе алда. Дей тұрғанмен, әлем қалаларының даму деңгейіне сай болу бізден батыл қадамдарды талап етіп отыр. Сондай-ақ урбанизация – қазіргі адамзат дамуының ең басты үрдісі. Мәселен, 2008 жылы әлемде қала тұрғындарының саны ауыл тұрғындарының санымен тең болса, 2050 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамынша, жер шарының 85 пайызы қалалықтар болады екен. Яғни қазіргі бәсекелестік, ең алдымен – қалааралық бәсекелестік. Елбасымыз «Қазақстан – 2050» стратегиясында еліміздің әлемнің бәсекеге қабілетті 30 мемлекетінің қатарына ену міндетін қойып отыр. Осы үлкен межеге жету үшін қазір кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр, – дейді әкім Бауыржан Байбек.
Әкімнің айтуынша, ұлттық жоспар қадамдарымен ұштастыра жасалған бұл бағдарлама Алматының дамуына жаңа дем бермек. Бағдарламаның мақсаты – Алматыны әлемдік деңгейдегі заманауи қалаға, яғни жүк тасымалы, инновациялық бизнесті дамытып, капитал мен туристерді өзіне тарта білетін және тұрғындар үшін еңбек етуге қолайлы ортаға айналдыру. Бұл мақсатқа жету үшін халықтық 5 реформамен біте қайнасқан негізгі бес принцип басшылыққа алынбақ. Олар: әрбір адамға қамқорлық көрсету, озық тәжірибелердің негізінде тиімді экономикалық шешімдер қабылдау, экономиканың қозғаушы күші ретінде бизнесті ынталандыру, азаматтық қоғамды барынша қатыстыру, басқару органдарының есеп беруі мен ашықтықты ұстануы. Осы принциптердің негізінде «McKinsey&Company» компаниясы және басқа да өкілдердің қатысуымен, халықаралық тәжірибе негізінде «Алматы – 2020» бағдарламасында дамудың 7 бағыты айқындалған.
– Біріншіден, Алматы өмір сүруге жайлы қала болуы керек. Екіншіден, қауіпсіз, үшіншіден, әлеуметтік салаға бет бұрған қала болғаны жөн. Төртіншіден, экономикалық тұрғыдан тұрақты, бесіншіден, бизнес пен жеке капиталдың қаласы болуы тиіс. Алтыншыдан, интеграцияланған, яғни барлық аумақтар біркелкі дамыған, халықаралық қатынастарда орны мығым, жетіншіден, тұрғындары белсенді қала болуы қажет. Осы басымдықтарды табанды түрде жүзеге асыру – алдағы бес жылда қаламызға айтарлықтай оң өзгерістер алып келеді деп сенеміз. Кез келген маңызды құжат қоғамда кеңінен талқылануы керек. Бұл зайырлы мемлекет пен толысқан қоғамның үрдісі. Бес халықтық реформаның негізгі қағидаты – ашықтық. Алдағы бір ай көлемінде қаламыздың белсенді топтарымен, яғни бизнес өкілдерімен, қаржыгерлермен, қоғамдық ұйымдармен, ғалымдармен, жалпы, зиялы қауыммен, жастармен және басқаларымен арнайы кездесулер өткізіп, құжатты талқылайтын боламыз, – деді әкім.
Бағдарламаны жүзеге асырудың негізі – бес институттық реформа мен «100 нақты қадам». Қазір парламентте аймақтың және еліміздегі бизнестің дамуы үшін кәсіби ортаны өзгертетін 57 заң жобасы қарастырылуда.
– Соңғы бес жылда Алматы халқының саны 3 пайызға артты және территория екі есеге ұлғайды. Қазір «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында инфрақұрылымдар нысандары салынып жатқанын білесіздер, Алматыда халықаралық аэропорт салу туралы шешім қабылданды. Яғни болашақта Алматы халықаралық көлік-логистикалық орталық ретінде қалыптасуы керек. Жалпы, Алматы экономикасының құрылымы ең үздік мегаполистердің мәдениетімен сәйкес келеді. Қазақстандағы «стартаперлердің» шамамен 90 пайызы Алматыда тұрады. Алматы қаржы орталығы және екінші деңгейлі банктер осы қалада қалатынын Елбасы да айтты. Сондай-ақ 2017 жылы Универсиада өткізуіміз – Алатау ауданында жаңа спорттық құрылымдардың салынуына, ауданның жаңадан қалыптасуына септігін тигізеді. Қазір біз Наурызбай ауданында заманауи емхана, мектеп, балабақшалар салу, әлеуметтік инфрақұрылымдар, спорттық алаңдар құруға 17 миллиард теңгеге меморандумға қол қойдық. Алдымызға қойып отырған мақсаттарымызға қол жеткізуіміз үшін келеңсіз жағдайларға, әсіресе, жемқорлыққа жол бермеуіміз керек. Бұл біздің елдің ғана проблемасы емес, жемқорлық әлем экономикасына жыл сайын 2-3 триллион доллар залал келтіреді екен. Еуропалық Одақ жемқорлықтан жыл сайын 120 миллиард евро жоғалтады. Бұл барлық мемлекетке кесір тигізетін әлеуметтік кесел деуге болады. Сондықтан мұнымен күресуді тоқтатпауымыз қажет, – деді Бауыржан Байбек.
«GlobalFinancialTimes»-тің бағалауы бойынша Алматы инвестициялық тартымдылығы бойынша 83 қаланың арасынан әлемдік рейтингте 51-орынды иеленеді, ал «FinancialPost» баспасының деректері бойынша қала экономикасы барынша қарқынды дамушы 96 қаланың ішінен Топ-10 қаланың құрамына енген.
Беделді The Economist басылымының сарапшылары берген бағасына сәйкес, 2025 жылға қарай Алматы капиталды, технологиялар мен білікті мамандарды тарту бойынша әлемдегі бәсекеге қабілетті жүз қаланың құрамына енбек. Дегенмен бүгінде мегаполистің проблемалық тұстары да жеткілікті. Мәселен, қылмыстық жағдайлардың өсуі, едәуір көші-қон қысымы, қолайсыз экология, автожолдардың бос еместігі, ТКШ-инфрақұрылымының тозуы, қала аудандары дамуының әрқилылығы, халықтың тұрғын үймен толықтай қамтылмауы, жұмыссыздықтың жоғары үлесі, жергілікті органдардың жеткіліксіз үйлесімділігі. Мысалы, қалаға күн сайын Алматы облысынан 250 мың автокөлік келіп, кетеді екен. Көліктің мұндай ағыны жолдардың кептелісін туғызатыны анық. Сондықтан бұл шешілуі тиіс негізгі мәселенің бірі.
Осы мәселелерді ескере отырып, көпшіліктің талқылауынан өткен бағдарлама дайын болғаннан кейін, 2016 жылдың бюджеті қолға алынбақ.
– Шынымен, қазір қала деңгейінің рөлі артып келеді. Дамыған 30 елдің қатарына кірудің талаптарының бірі – қалалық агломерацияны және әлемдік деңгейдегі қалаларды дамыту. Әлемдік деңгейдегі қала атануға Қазақстандағы Алматы, Астана қалаларының мүмкіндіктері мол деп ойлаймын, – дейді «McKinsey&Company» компаниясының өкілі Сергей Киселев.
Енді, Алматы тұрғындары бір ай ішінде «қаланың басты ресурсы – адамдар, олардың ақылы мен шығармашылық қабілеті» деп көрсетілген «Алматы – 2020» Даму бағдарламасын талқылауға белсенді түрде қатыса алады.
Дереккөз: Айқын-ақпарат