Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында атап көрсетілген ұлттық мерекелердің бірі – Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі 37 тармақтан тұратын өңірлік іс-шаралар жоспары жасалды.
Облыс аумағында облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Текті сөздің төресі – терме» жыршы-термешілер байқауы, Бикен Римова атындағы драма театрының ұжымы Абылай ханның өмірін бейнелейтін Қ.Бекхожинның «Ұлан асу» тарихи қойылымы, Т.Әліпбайдың «Томирис» тарихи-драмасын көрсетті. Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығының бастау алу күніне орай, негізгі тақырыптың бірі ретінде Қазақ хандығының 550 жылдығы қамтылып, көрнекті жерлер мерекенің арнайы бекітілген логотипімен безендірілді. Облыстық Бикен Римова атындағы драма театрының артистері, Жетісу Мемлекеттік университеті мен колледждер студенттері, Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелері, қала тұрғындарынан құралған 2000 адамның қатысуымен «Қазақ хандығының тарихы», «Жеті жарғы» тарихи қойылымдары көрсетілді. Бәсі биік ортақ мерекеге облыс өнерпаздарымен қатар Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Лаки Кесоглу, «Жігіттер» тобы қатысып, жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен Облыстық әскери комиссариаттың ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «70 жұлдызды күн» акциясының бастау алу шарасына қатысқан ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне, әскери бөлімдер сарбаздары мен қала жастарына Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған бейнебаянда ерлік пен елдіктің тарихынан сыр шертіліп, тақырыптық әндер орындалды.
Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында Облыс әкімінің қатысуымен «Жастар» саябағына көк шырша, Тянь-Шань шыршасы, қарағайлардың 200 түптен астам жас көшеттері отырғызылды. Қарасай ауданында зиялы қауым өкілдері мен жастардың қатысуымен «Біздің тарихымыз бірігу тарихы» тақырыбында ғылыми конференциясы ұйымдастырылса, Талдықорған қаласында «Мәңгілік Ел», Панфилов ауданында «Қазақ елі» ақындар айтысы жоғары деңгейде өткізілді.
Астана қаласындағы Өнер академиясының Жамбыл залында Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығына арналған Халықаралық Түркі академиясы, Алматы облысының әкімдігі, «Нұр Отан» партиясы, ҚР Мәдениет министрлігінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Алатаудың ақиығы» атты халықаралық рухани-танымдық конференция өткізілді.
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Астана қаласындағы «Барыс» сарайында Елбасының «Тарих толқынында» атты кітабының желісімен өткен гала-концертте Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығы кеңінен қамтылды.
Жамбыл аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан жыл басынан С.Аронұлының 200 жылдығына орай «Ақиық ақын» атты іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті мекемелерге таратылды. Жоспарға сәйкес, аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Айтыстың – алтын діңгегі» атты оқушылар арасында ақынның өмірі мен шығармашылығына негізделген кездесулер мен тәрбие сағаттары өткізілді. «Жыр сүлейі Сүйінбай» атты оқушылар арасында танымдық кеш, «Алдаспан жырдың алыбы» тақырыбында шығармалар байқауы ұйымдастырылды. «Жамбыл ауданы – ақындар мен батырлар елі» тақырыбында ақпараттық-насихат топтарымен бірлескен шаралар өткізілді. Алматы қаласындағы Жазушылар одағында және Сүйінбай атындағы гимназия мектебінде әдеби-танымдық конференция өткізілді. Конференцияға Сүйінбай мұражайының көшпелі көрмесі қойылып, ауданның ақын-жазушылары мен делегация мүшелері қатысты. Конференция соңы аудандық «Сүйінбай сазы» халықтық, фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Талдықорған қаласындағы Көркемөнер галереясында «Қазақ хандығының шежіресі» атты облыстық кәсіпқой суретшілер мен қолөнер шеберлерінің туындыларынан жинақталған көрме өткізілді. Елдік пен ерлікті паш еткен көрмеге 20 суретшінің 40-тан астам шығармалары көрермендер назарына ұсынылып, кәсіби мамандардан құралған әділқазылар алқасы жеңімпаздарды анықтады. Бірінші орынды «Керей мен Жәнібек» туындысының авторы, талантты жас суретші С.Сәрсенбаева, екінші орынды «Қадырғали Жалайыр» портреті үшін танымал суретші А.Бейсенбетов иеленсе, қазылар құрамының шешімімен жүлделі үшінші орын қылқалам шеберлері Д.Өтелбаева мен Б.Ахметовтерге бөлініп берілді.
Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын аудан, қалалардың мәдениет күндерінде «Қазақ хандығы – Мәңгілік елдің бастауы» тақырыбында театрландырылған қойылымдар көрсетілді. Биыл аудан-қала мәдениет күндері Алматы және Талдықорған аумағы бойынша екі бағытта атқарылды.
Жамбыл облысындағы арнайы белгіленген жерлерге жетісулықтар атынан фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер мен кәсіби өнер ұжымдарының концерттік бағдарламалары, қолөнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылды.
Дереккөз: Айқын-ақпарат