Қала іргесіндегі аудан әлеуетті болуы тиіс

/uploads/thumbnail/20170708204151219_small.jpg

Қостанай ауданының шаруашы­лықтары мен елді мекендері облыс орталығын қоршай орналасқан. Облыстың өзге өңірлеріне қарағанда ерекшелігі де, артықшылығы мен мүмкіндіктері де облыс орталығының іргесіне қоныс тебуінде. Өзге өңір­лерде өндірген өнімді базарға өткізу үшін де шақырымдап жол жүреді. Ал Қостанай ауданы шаруашылықтары мен елді мекен тұрғындары өндірген өнімін сатамын десе аудан орталығы Затобол кенті мен Қостанай қала­сындағы бірнеше базардың сөресі дайын. Аудан шаруашылықтары мен әлеуметтік нысандарын аралауды облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аудан орталығында өткен жәрмеңкеден бастады. Қазір теңге бағамының еркін айналымға жіберілуіне байланысты базар бағасының шылбыры да қолдан сусып барады. Мұ­­ны барлығы да түсініп отыр. Дегенмен, Қостанай ауданының шаруа­шылықтары әкелген азық-түліктің бағасы алушыларды қуантты десе болады. Сиыр етінің бағасы күнделікті базар бағасынан кем болмаса көп болған жоқ. Ал сәбіз бен қызылшаның, қырыққабаттың килограмын қостанайлықтар 45 тең­геден алды. Бұл баға шарықтап бара жатқан нарықта біреу берген­мен бірдей. Жергілікті көлден ауланған балықтың килограмы да 250 теңге. «Север птица» құс фабрикасы әкелген сапалы жұмыртқаның он данасы 185 теңге болды. Оны жәрмеңкеге келген жұрт пышақ үстінен бөліскендей етіп алып кетті.
Әлеуметтік жағдайдың көші экономика алға басқанда ғана түзеледі. Ал дүниені бір тарының қауызына сыйдырып отырған дағдарыс ке­зінде өнеркәсіп, оның ішінде өң­деуші-өндіруші сала дамымай алға басқан қадамың кейін кете бере­рі хақ. Ауданда соңғы жылдары Индус­трияландыру картасы бойынша 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 220 жұмыс орны ашылды. Биыл осы бес жобаның төртеуі межелеген қуаттылық деңгейінен көрінді. Әкім «Қарсу-Ет» ет өңдеу кешеніне барды. Бұл әп дегеннен ет өңдеуді заманауи деңгейде бастаған кәсіпорын болатын. Оның өндірген шұжық өнімдері, еттен өндірілетін басқа да аталымдағы өнімдер Қостанайдан басқа Қазақстанның бірнеше облыс­тарына, сонымен қатар шетелге де жіберіледі. Рубль бағамының түсуіне байланысты экспортқа жіберілетін өнімдер бірсыпыра кідіргені рас, ол кәсіпорынның жобалық қуаттылық деңгейіне де әсер етті. Кәсіпорын мамандарының айтуынша, енді Ресейге ет және шұжық өнімдерін жө­нелту қайта жанданатын болады.
Облыс орталығының іргесіндегі ауданда осыдан бес жыл бұрын атаулы көмек алатын отбасылардың саны 115 болса, қазір ол 51-ге дейін азайды. Дегенмен, жұмыссыздар саны баршылық. Бұл жөнінде Архимед Бегежанұлы Қостанай қаласымен жалғасып жатқан және өңдеу, өндіріс кәсіпорындары мол орналасқан, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы дамыған ірі аудан үшін жұмыссыздық болмауы тиіс екенін айта келіп, бұл орайда аудан басшыларына жұмыс істеу керектігін айтты.
Аудандағы ауыл шаруашылығы өнімін өңдеп, тұтынушыға сапалы азық-түлік ұсынып отырған кәсіп­орынның бірі «Садчиковское» деп аталады. Мұнда «Иволго-Хол­­динг» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігінің бас директоры Васи­лий Розинов әкімге «Сад­чиковское» кәсіпорны өндіретін сүт, нан өнімдерінің және көкөніс көрмесін көрсетті. Василий Розинов басқаратын «Иволга-Холдинг» көп­салалы агроөнеркәсіптік тобына кіретін шаруашылықтар бидай мен еттен бастап, азық-түліктің түр-түрін өндіреді. Ірімшіктер, шұ­жықтар, нан, сүт өнімдері сапасымен ерекшеленеді.
– Біздің өндірген азық-түліктің барлығы экологиялық таза өнімдер. Мысалы шұжықтың құрамы тек еттен, ірімшік тек сүттен тұрады. Біздің кәсіпорындар өнімнің әр килограмына ғана емес, әр грамына ар-ұжданымен кепілдік береді. Біздің өнімдерде химиялық қоспа, жұрт айта беретін ұнтақ деген болмайды. Сондықтан біздің өнімдерді өткізуде ешқандай көлденең кедергі жоқ. Қазір адамдар экологиялық таза, сапалы тағамның не екенін түсінді. Сондықтан тұтынушы бізді іздейді, – деді.
Қостанай қаласындағы «ДЕП» сүт зауыты Қостанай ауданы орталығынан нан өнімдерін шығаратын зауыт салып жатқанына үш жылдың жүзі болды. Германиядан әкелген заманауи құралдармен жабдықталған цехтарда сағатына 4 тонна нан пісіруге болады. «ДЕП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Евгений Дружинин болашақ нан зауытының ерекшелігін тілге тиек етті. Онда «мұз­датылған» нан пісіріледі, ол көп сақталғанмен дәмдік, сапалық қасиетін бұзбайды. Евгений Петровичтің айтуынша, жақын шет­елдерде мұның баламасы жоқ көрінеді. Зауыт іске қосылып, толық қуатына жеткенде еліміздің бүкіл шалғайына нан өнімдерін жөнелтуге мүмкіндігі жететін болады. Бірақ әзірге ғимараттың ішіндегі шетелдік құрылғылар әлі тыныштықта тұр. Зауытқа электр энергиясының жеткі­зілмеуінен, кейбір рұқсат ету құжат­тарының кешігуіне байланысты оның пайдалануға берілу уақыты созылып кеткен. Облыс әкімі жағдайды зерттеп, Е.Дружинин өтінгендей, электр энергиясын зауыттың тікелей тасымалдаушыдан алуының қаншалықты заңды болатыны анықталатынын айтты. Кәсіпкердің жұмыс істеуіне кедергі болмау керектігі де еске­рілетін болады.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанай қаласына иін тіресіп жатқан ауданды бір аралап өткендегі оның экономикалық тынысы осындай болды. Әкім қала іргесіндегі ауданның қай жағынан да мықты болуы қажеттігін ескертті. Өйткені, аудан нарықтың да, жолдың да, жұмыс күшінің де мүмкіндігін еркін пайдаланып отыр.

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар