Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков төрт ай бұрын Астанада лаңкестік оқиғаның алды алынғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасай отырып.
«Лаңкестікке қарсы жұмыстар бүгін бірінші орынға шығып отыр. Терактілер тек Парижде ғана болады деп ойламауларыңыз үшін айта кетейін, Ұлттық қауіпсіздік комитеті осында, қалада төрт ай бұрын жасырынған үлкен топты әшкереледі. Олар Астанада теракт жоспарлаған екен»,- деді Ә. Жақсыбеков заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыспен күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында. Мұны айтпас бұрын ол жариялауға бола ма деп ҰҚК өкілінен рұқсат сұрады. Ол «Бұл бұған дейін БАҚ-та жарияланған» деп нақтылады.
Сондай-ақ, әкімнің айтуынша лаңкестікті тек жедел әрекеттермен, құқыққорғау органдарының жұмысымен жеңу мүмкін емес, ол үшін қоғамдық орындарда бейнебақылаулар орнатып, бақылауды күшейту қажет.