Алматы облысында: Талдықорған тынысы

/uploads/thumbnail/20170708204148922_small.jpg

Американың Бас консулымен жүздесті
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Талдықорған қаласының басшысы Бағдат Қарасаев Америка Құрама Штатының Бас консулы Марк МУДИМЕН кездесті. Мәртебелі жүздесудің негізгі мақсаты – Алматы облысын қоса алғандағы еліміздің экономикасын өркендету барысында қос мемлекет арасында білім, мәдениет, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салалары бойынша өзара ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру. 
Жер ұйығы Жетісуға арнайы ат арылтып келген қонақтардың облыс аумағына басқан қадамдарына құтты болсын айтқан Алматы облысының әкімі өзі басқаратын өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен мол мүмкіндіктерін, жеткен жетістіктері, әсем табиғаты мен тарихи құндылықтары жайлы жан-жақты әңгімеледі. 
– Сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын. Өйт­кені бұл жүздесудің екі мемлекет үшін де маңызы аса зор деп ойлаймын. Өздеріңіз білесіздер, Алматы облысы аграрлы аймақ, ауыл шаруа­шы­лығын, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді өр­кен­детуге өте қолайлы. Мыңғырған мал бар, көкөніс пен жеміс-жидектің небір түрі өсіріледі. Қызылша, жүгері, картоп, арпа-бидай өсіріп, өңдеуден өзге өңір­лердің алдындамыз. Облыста екі миллион ха­лық тұрады. Жалпы, қазақ халқы қашанда көршісін сыйлайтын, бейбіт өмірді қалайтын қонақжай ел ғой. Оған жүзден аса ұлт өкілдерінің ауызбірлікті тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқандығы дәлел. 
Тазалығымен ерекшеленетін шағын қаламыз Тал­дықорған да жыл өткен сайын көркейіп, гүл­деніп келеді. Тарихы тереңнен тамыр тартқан ай­мақ­тың табиғаты тіптен тамаша. Бізде тау, өзен, су, көл, орман бар. Бір сөзбен айтқанда, табиғат-ана­ның барлық белдеуін осыдан табасыз және бұл жағ­дай осы облыста туризмді дамытуға үлкен қолай­лы­лық туғызады. Өздеріңізге белгілі, Ұлы Жібек жо­лы да облыс аумағын басып өтеді. Елбасының са­раб­дал саясатының арқасында бүгінде осы сауда жо­лы қайта жаңғыртылуда. Қазіргі кезде инф­ра­құрылымды дамытуға мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінуде. Соның арқасында облыс экономи­ка­сы қарқынды өсіп, жаңа жұмыс орындары ашылуда.
Алматы – Талдықорған бағытындағы тас жолға да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заман та­лабына сай лайықталып, қайта салынып жатыр. Кәсіпкерлік пен өндіріс саласы да жоғары деңгейде өсіп-өркендеп келеді, – деген облыс басшысы Тал­дықорған қаласының АҚШ-тағы шаһарлардың бірі­мен бауырласқаны қос тарапты бүгінгіден де жақындастыра түсетіні туралы ойын да ортаға салды. 
Қазақстан, соның ішінде Жетісу жері туралы өзі­нің білетіндерімен, жағымды ойларымен бөліскен Марк Муди өз кезегінде ұйымдастырылып отырған бұл екіжақты кездесудің ерекшелігі, жаңа мүм­кін­діктерге қол жеткізуге себеп болатындығына тоқ­талды. Болашақта білім, мәдениет, ауыл шаруа­шы­лығы мен кәсіпкерлік салаларын өрістетуде өзара тәжірибе алмасып, бірлесе жұмыс істеудің айрықша маңызға ие екендігін тілге тиек етті. Талдықорғанмен бауырласатын қала туралы ұсынысқа құптау біл­дірді. Әкімдіктегі әдемі әңгімеден кейін Бас консул Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушылары жә­не білімгерлерімен кездесіп, білім саласына қа­тысты АҚШ-тағы белді университеттермен өзара тә­жірибе алмасып, әріптестікті одан әрі күшейту жө­нінде ұсыныс-пікірлерді тыңдап, өзінің ойын да біл­дірді.
 
Мемлекеттік кірістер басқармасының жаңа мекені
 
Алматы облысы орталығының халқы саны алға жылжыған жылдармен бірге артып келеді. Соған сай қалада мемлекетке салық төлейтін заңды тұлғалар – шағын және орта кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар саны да көбейген. Өндіріс орындары да көптеп іске қосылуда. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, Талдықорғанның тізгінін ұстағанына бір апта да болмаған су жаңа әкім Бағдат Қарасаев бірер күннің ішінде бірнеше қуанышты жаңалыққа жаршы болды. 

 
Халық игілігіне жұмсалатын қазынаның бүйірі ортаймауы жолында мақсатты жұмыс жүргізетін Талдықорған қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы бұған дейін облыстық салық департаментінің ғимаратында отыратын. Күні кеше басқарма күрделі жөндеуден өткізілген жаңа ғимаратқа кіріп, қоныстойын жасады. Алдағы кезде Талдықорған қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы жаңа жүйемен жұмыс істей бастайды. Ол – кедергісіз жүйе деп аталады. Салықшылардың қуанышына ортақтасуға уақыт тауып, арнайы келген қала әкімі өзінің құттықтауында мемлекеттік кірістер басқармасы мен ондағы қызметкерлердің жемісті еңбегі облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына оң ықпал етіп, үлкен үлес қосатынын айрықша атап өтті. «Қызмет қыл да міндет ет» демекші, бюджеттің берекелі болуын қамтамасыз ететін саладағылардың қызметтік жағдайын жасау көптен айтылып келе жатқан еді. Ақыры шешімін тапты. Заманауи техникалармен жабдықталған су жаңа ғимаратта халыққа «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіледі.
Талдықорған қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Мейрам Мұсаевтың айтуына қарағанда, дәл қазіргі кезде облыс орталығында 146 мыңнан астам салық төлеуші тіркелген. Олардың 3621-і заңды тұлға болса, 12 мыңға жуығы – жеке кәсіпкерлер, тағы 130 мыңы – жеке тұлғалар. Үстіміздегі жылдың 10 айында талдықорғандық салықшылар мемлекет қазынасына 14 миллиард теңгеден астам-қаржы түсіріпті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 17 миллиард теңгеден асып-жығылады деген батыл болжам бар. 
Жаңа ғимараттың ішін аралап, озық техникалық мүмкіндіктің шамасын байқап көрген қала басшысы ұйымдастырушылық жұмысқа жоғары баға беріп, алдағы кезде халыққа көрсетілетін қызметтің сапасы барынша жақсаратындығына сенім білдірді. 
 
Алматы мен Астана Талдықорғанға жақындай түсті
 
«Qazaq Air» әуе компаниясы Алматы – Талдықорған – Астана және Астана – Талдықорған – Алматы бағыттары бойынша жаңа әуе қатынасын іске қосты.

Естеріңізге салар болсақ, бұған дейін Талдықорғаннан Ас­танаға жергілікті «Жетісу» әуе компаниясының Ке­ңес­ Одағынан мұра болып қалған «ЯК-40» ұшақтары қатынайтын. Заманның бүгінгі даму қарқынына қарап отырып, қай кезде заманауи әуе лайнері арқылы қалық­тайтын боламыз деп армандайтын талдықорған­дық­тардың тілегі орындалды. Облыстық, әкімдіктің қол­дауының арқасында Талдықорған әуежайының ұшу және қону жолдары, жолаушыларды шығарып салып, тосып алатын алаңы толығымен жаңартылды. Әуежайда барлық ар­найы теxникалар ауыстырылып, жаңадан әуенави­гация­лық жабдықтар орнатылды. Осылайша, Талдықорған әуежайы қазіргі заманғы әуе кемелерін қабылдап, жо­лаушыларға сапалы қызмет көрсетуге кірісті. Бұдан бы­лай Талдықорған өңірінің тұрғындары Астана мен Ал­маты қаласына барлық қолайлы жағдайлар қарас­тырылған жаңа ұшақпен қатынайтын болады. «Qazaq Air» әуекомпаниясының 78 орынды «Bombardier Q 400» ұшағы Алматы мен Астананы Талдықорғанға жақындата түсті. Өткен аптаның сәрсенбісінде елордадан осы ұшақпен жеткен жолаушыларды талдықорғандықтар салтанатпен қарсы алды. Астанадан қонған ұшақтағы жо­лаушылар арасында болған «Qazaq Air» әуеком­паниясының президенті Полок Блэр жетісулықтардың қонақжай көңілі мен достық пейіліне ризашылық біл­дірді. Оның сөзіне қарағанда, Жетісу жері әуе тасымалына өте ыңғайлы. Әзірше әуе компаниясы аптасына үш рейс жасаса, таяу келешекте ұшу бағытының санын арттыру жоспарлануда. Өйткені жыл өткен сайын бір қаладан екін­шісіне жылдам жетуді талап еткен туристердің, кәсіпкерлердің, шенеуніктердің қатары көбейіп келеді. Сол себепті, әуекомпаниясы тек жаңа әрі қауіпсіз ұшақ­тарды сатып алуды ойластыруда.
Жаңа әуе бағытының ұшу кестесі төмендегідей: 
Ұшақ Алматы – Талдықорған – Астана, Астана – Тал­дықорған – Алматы бағыттары бойынша аптаның 1,3,5 күндері (дүйсенбі, сәрсенбі, жұмада) қатынайды.
Алматы қаласынан сағат 9:10-да ұшып, Талдықор­ғанға сағат 10:05-те қонады, сондай-ақ Талдықорғаннан сағат 10:55-те ұшып, Астанаға сағат 13:00-де барады. Кері ба­ғытта Астанадан ұшу уақыты сағат 14:10-да, Тал­дықорғанға қону уақыты сағат 16:15-те, сондай-ақ Тал­ды­қорғаннан сағат 17:05-те ұшқан ұшақ Алматы қа­ла­сына сағат 18:00-де қонады.
 
Жылыту маусымы ойдағыдай өтуге тиісті
Талдықорғандағы Журналистер үйінің мәжіліс залына БАҚ өкілдерін жинаған ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Алматы облыстық бөлімшесі бұл жолы журналистерді Алматы облыстық энергетика және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Әсет Қанағатовпен және «Талдықорғанжылусервис» коммуналдық кәсіпорнының директоры Манархан Ахымбековпен жолықтырды. Екі тарап облыс пен облыс орталығының қысқы жылыту маусымына дайындығын талқылап, өздерін ғана емес жұртшылықты да толғандырып жүрген сауалдарға жауап тапқандай болды. 

Алматы облысы қысқы жылыту маусымын тыңғылықты дайындықпен бастапты. Бұл мақсатқа бюджеттен 5,4 млрд теңге бөлініп, қазандықтар, жылу, су мен кәріз жүйелері қысқа сақадай-сай етілген көрінеді. Өңірдегі 2243 әлеуметтік нысан мен 1424 тұрғын үйге жылу уақытында берілген. 
Алматы облыстық энергетика және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Әсет Қанағатовтың айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Алматы облысында инфрақұрылымды дамытуда құны 1,74 млн болатын 6 жоба жүзеге асырылуда. Оның бесеуі Қапшағай қаласына тиесілі болса, біреуі Талдықорған қаласының үлесінде. Аталған жобалар «ТҮКШ жаңғырту және дамыту қазақстандық орталығы» АҚ-тың несиелендіру желісі арқылы атқарылуда. Қапшағай қаласында 25,2 шақырым жылу жүйесіне жаңғырту мен Заречный ауылында орталық қазандықтың құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күнге аталған 
6 жобаның ішінде Қапшағай қаласындағы жылу жүйесіне қатысты 3 жоба толығымен аяқталды. Алдағы 2016 жылға «Нұрлы жол» бағдарламасына ауызсу мен жылыту жүйелеріне қатысты 45 жобаны енгізу көзделіп отыр. 
Отын қорына келетін болсақ, барлығы ойдағыдай. Облысты пеллетпен (егіннен қалған сабаннан, қамыс-құрақтан дайындалатын отын) жылыту жүйесіне көшкен 35 нысан бар. Дизель отынына қарағанда, үш есе арзанға түсетін бұл жаңа биоотын түрін облыста Қаратал, Көксу, Кербұлақ аудандарындағы 3 зауыт шығарады. Қаратал ауданында күріштің, ал қалған екі ауданда майбұршақтың сабаны пайдаланылады. Аталған жасыл энергетика жылыту жүйесіне жаңадан енгізіліп жатқандықтан, биылғы жылы жергілікті бюджеттен 1 айлық дизель отынына жұмсалатын 15 млн теңге көлемінде артық қор қарастырылыпты. Ә.Қанағатовтың айтуынша, бюджеттік ұйымдар үшін 2,2, млрд теңгеге 20,6 млн литр дизель отыны сатып алынған, ал тұрғындардың тұтыну қажеттілігін құрайтын 1 430,8 мың тонна көмірдің 1 207,9 мың тоннасы бүгінгі күні облыстағы қоймаларға жеткізілген. Қысқы маусымда жылумен және энергиямен қамтушы кәсіпорындар да отын жағынан дер кезінде қамтамасыз етіліп, мазут пен қатты отынның тиісті мөлшері алынған. 
Бұрындары қыс ортасында жылуға қатысты проблемаларымен жиі мазалайтын шағын қалалардағы мәселе де біртіндеп реттелуде. Сарқан қаласында құны 1,1 млдр теңге болатын орталық қазандық пен жылу жүйесінің құрылысы аяқталды. «Сарқан жылу» МҚК-ның жарғылық капиталын қалыптастыру мақсатында арнайы техника сатып алу үшін облыстық бюджеттен 100 млн теңге, көмір алуға 67,97 млн теңге бөлінді. Қазіргі кезде Сарқандағы бюджеттік саланың 14 нысаны орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылыпты. Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласындағы «Жылыту орталығы» ЖШС-ның қазандығына 746,2 млн теңгеге жаңғырту жұмыстары жасалыпты. Ал Текелі қаласының «Алатау» және «Достық» шағын аудандарында жалпы ұзындығы 12,5 шақырым болатын магистральды жылу жүйесі төселуде. Бұл өз кезегінде тұрғындардың орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілу деңгейін 19%-дан 26%-ға дейін жеткізуге, тозығы жеткен жылу жүйелерін 58%-дан 50%-ға азайтуға мүмкіндік береді. 
Жүйесіз жұмысымен талайлардың ұйқысын қашырып жүретін «Талдықорғанжылусервис» мекемесінің директоры Манархан Ахымбеков бұл жолы да жақсы жаңалыққа жарытпады. Оның айтуынша, жаппай қымбатшылық кезеңі табалдырықтан аттапты. Желтоқсанда жылудың, ыстық судың бағасы біршама қымбаттайтыны осы басқосуда мәлім болды. Сондықтан қарапайым халықты «есептегіш» құрал орнату ғана коммуналдық қызметтің қымбатшылығынан аздап болса да құтқарады. Әзірге Талдықорған қаласындағы бюджеттік мекемелер түгелімен «есептегіш» орнатып алса, кәсіпорындардың 62 пайызы, тұрғындардың 48 пайызы ғана тиімді жабдықты жабылып жүріп қойғызыпты. 
 
Облыс орталығы басқаларға үлгі болуы керек
 
алдықорған қаласының әкімі алғашқы жұмыс аптасын ұйқысыз өткізді десек, артық айтқандық бола қоймас. Күн сайын таң атысымен қаланың тазалығы мен тәртібіне, коммуналдық қызметіне жауаптыларды жанына ертіп, елден бұрын тұрып, облыс орталығының көшелері мен шағын аудандарын аралап шығады. «Көркем Талдықорған» МҚКК жұмысының басталуын өз көзімен көріп, олардың таңертеңгі дайындығына көңіл аударған шаһар басшысы «тазалықшылардың» материалдық-техникалық базасымен танысып, ненің бар, ненің жоқ екеніне назар салды. Қазан айының ортасында мекемеге жеткізілген жаңа жабдықтар мен техникаларды көріп, болашақта олардың қатарын нығайтуды ойластыру қажеттігін қасындағылардың есіне салды. 

Арнайы техникалармен жабдықталу жа­ғынан және адам күшімен толық қамтылып отырған мекеменің жұмысына көңілі тол­май­тынын да жасырған жоқ. «Басты назар­ла­рыңды онсыз да ретті әрі таза орталық пен не­гізгі көшелерге аударып, қаланың басқа қал­тарыс-бұлтарыстарын, шағын аудан­дар­дың ішкі жағдайын көзге ілмейсіңдер. Қала тұрғындарының негізгі бөлігі тұратын шағын аудандардың аулаларында заңсыз қоқыс үйінділері пайда болған. Жекеменшік жеке үйлер секторларындағы жағдай да оңып тұр­ған жоқ. Сондықтан тез арада көшелер мен орамдарды тазартудың жаңа жұмыс схемасын жасау керек. Тазалық пен тәртіпке бағын­ғы­сы келмейтіндермен күрестің тың тәсілдерін ойлап табыңдар» деген қала әкімі өзінің бірінші орынбасарын біраз терлетіп алды. 
Осылайша, алдағы кезде жоғарыда атал­ған «Көркем Талдықорған» МҚКК мен «Жи­гули» ЖШС сынды қаланың тазалығына жауап­ты мекемелердің жұмыс жоспары қай­та қаралып, оларды заманауи техни­ка­лармен жаб­дықтау жалғасын табатын болды. Со­ны­мен бірге коммуналдық қызмет сала­сын­дағы­лар мен тұрғындар арасындағы бай­ланысты нығайтып, жұмыс тиімділігін арт­тыру мақсатында қалалықтардың арыз-ша­ғымдарына тез арада назар аударып, нақты әрекет ететін шұғыл топ құрылады. Жақын күндері Талдықорған қаласы әкімдігінде «WhatsApp» жедел желісі жұмысқа кіріседі. Кез келген қала тұрғыны коммуналдық са­лаға қатысты өтініштері және қаладағы заң­сыз күл-қоқыс үйінділері мен тағы басқа ке­лең­сіздіктерді дәлелдейтін фотосуреттерді «WhatsApp» арқылы хабарласып, жөнелте ала­ды. 
Қала әкімі бірер күн ішінде қаланың та­за­лығын көңіл таразысынан өткізіп қана қоймай, облыс орталығын ауызсумен қам­та­масыз ететін «Жетісусуқұбыры» МКК кә­сіпорнының жұмысымен, талдықор­ған­дықтардың қыста тоңып қалмауы және ыстық судан тапшылық көрмеуіне жауапты «Тал­дықорғанжылусервис» МҚКК қысқа дайындығымен жете танысып, басшы­ла­рымен әңгімелесіп, оларды толғандыратын мә­селелерді тыңдады. Талдықорғандағы жы­лыту маусымының талапқа сай өтуіне тікелей қызмет көрсететін негізгі қазандық «Басқуаттың» қаншалықты қуатты екендігін өз көзімен көрген қала басшысы одан кейін облыс орталығындағы тұрғындар көптеп шо­ғырланған орамдардағы шағын қазан­дықтардың отынмен қамтамасыз етілуі мен техникалық жабдықталуына назар салды. Сенбі мен жексенбіде облыс орталығындағы жұртты негізгі азық-түлік түрлерімен қам­та­масыз ететін базарлардың жай-күйін аралап көрді. Тұрғындар көп келетін «Жерұйық» ком­муналдық базарының қызметін жетіл­діру, мұндағы бағаның қарапайым халық үшін қолжетімді болуын қалыптастыру жө­нінде ойларын ортаға салып, сауда сала­сы­ның мамандарымен ақылдасты. 

Дереккөз: Айқын-ақпарат

Қатысты Мақалалар