«2017 жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиада ойындарын 80 елден 1 миллиард халық тамашалайды». Бұл туралы Алматыда Универсиадаға дайындық аясында өткізілген Отандық тауар өндірушілермен ынтымақтастық форумында Алматы қаласының халықаралық спорттық жобалар дирекциясының директоры Әсет Әбдуалиев мәлімдеді. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды.
Оның cөзінше, Универсиада сияқты ірі доданың телеаудиториясы үнемі ауқымды болған. «Алматыдағы студенттердің қысқы Универсиадасы әлем жұртшылығы тағатсыздана күтіп отырған спорт шараларының бірі. Сондықтан әлемге танымал телеарналар жарыстан тікелей трансляциялар жасап, 80 елге таратпақ. Біздің есебімізше әлемнің 1 миллиард халқы Алматыдағы доданы тамашалайды»,-деді Әсет Әбдуалиев.
Алматыдағы қысқы Универсиада 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпанда өтеді. Аталған дода елімізді тарихында өтетін ең ірі спорттық шара болмақ. Оған 2000 спортшы, 1000 техникалық делегат пен төрешілер тобы қатысады. Және жарысты тамашалауға 30000 турист келеді деп жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, жуырда Алматыда қысқы Универсиадаға дайындық аясында отандық өнім шығарушылармен ынтымақтастық форумы өткен болатын. Қорытындысында қазақстандық өнім шығарушылармен 20 млрд теңгеге меморандум бекітіліген болатын.