Еуропа қазақтарының дәстүрлі құрылтайы биылғы жылдың 6-8 маусымында Германияның астанасы Берлинде өтеді. Еуропа Қазақ қоғамдары федерациясының (FEKA) қолдауымен Берлин Қазақ қоғамы тарапынан ұйымдастырылатын көлемді шараға Еуропаның түрлі елдерінен 1500-ге жуық қандасымыз бас қатысады деп күтілуде,-деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
FEKA-ның баспасөз қызметінен ұғысуымызша қазіргі кезде Еуропа қазақтарының Берлинде өтетін құрылтайының дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыпты. Берлин Қазақ қоғамы құрылтай бағдарламасын да дайындап қойған. «Еуропа елдерінде 25-рет өткелі отырған биылғы қазақ құрылтайының бұрынғылармен салыстырғанда айтарлықтай ерекшеліктері бар. Біз бағдарлама жасауда «Құрылтай тойланатын емес, ойланатын жер» дегенге көбірек көңіл бөлдік. Айталық, құрылтай аясында өтетін Халықаралық дөңгелек үстелде ең алдымен Еуропадағы қазақ диаспорасының ана тілге, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрдің сақталуына қатысты дөп келіп отырған қиындықтар талқыланып, оларды ретке келтірудің жолдарын қарастыру мақсат етілсе, екінші жағынан Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығын атап өту көзделіп отыр. Бұған қоса құрылтай бағдарламасының басымдығын жастар жағына да аудара отырып, «Қазақша білесің бе?» атты білім сайысын өткізбекпіз. Ондағы мақсат – Еуропадағы қазақ жастары арасында ана тілді насихаттап, оған деген қызығушылықты арттыру болып отыр»,-дейді Еуропа Қазақ қоғамдары федерациясының (FEKA) төрағасы Абдұлқаюм Кесижи. Ал, құрылтай аясында өтетін спорттық шаралардың басында Еуропа қазақ жастарынан құрам тапқан 10 команданың қатысуымен өтетін футбол турнирі тұр. Соған қоса, Қазақ күресі, асық ойыны мен тоғыз құмалақ та құрылтайдың маңызын арттыра түспек. Қазақстан Күрес федерациясымен бірге ұйымдастырылатын Қазақша күрес сайысында кәсіби палуандармен қоса әуесқой спортшылар да белдесетін болады. Құрылтайдың ұлттық спорт ойындарымен де ерекшеленуінің себебінен тоқталған FEKA төрағасы Абдұлқаюм Кесижи былай деді: «Қазақтың ұлттық спорт ойындарын құрылтай бағдарламасына енгізудің өзіндік мәні мен мақсаты бар. Бұлар арқылы жастарды қазақтың ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүріне деген қызығушылығын арттыру және олардың атажұрт-Қазақстанмен болған байланысын нығайту көзделіп отыр». Еуропа қазақтары бас қосатын Берлиндегі құрылтайға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдері, Қазақ елінің қоғам қайраткерлері, өнер жұлдыздары және БАҚ өкілдерінен құрам тапқан үлкен делегация қатысады деп күтілуде. Бұдан басқа құрылтайға Еуропадан тысқары жерлерде тұратын қазақ диаспорасының өкілдері де қатыспақ. Айта кетейік, Еуропаның әр елінде бытырай қоныстанған қазақ жастарының басын қосып, олардың танысуына, қарым-қатынастарының нығаюына жол ашу мақсатымен 1980 жылы құрылған Еуропа қазақ футбол командалары өз араларында көптеген сайыстарды өткізе бастаған болатын. Осылайша жыл сайын ұйымдастырылып келген аяқ доп додасы Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы болып мазмұнын да маңызын да кеңейткен еді.
Майгүл СҰЛТАН