Тентіреген теңге-ай!

/uploads/thumbnail/20170708205923147_small.jpg

Теңгені "құнсыздады, құнсызданды!" деп ойбайлайсыздар. Құнсызданса - қоқыста жатпас па еді? Қайдағы? Шаруасы жалпақ деген достарымның қалтасында жел азынап тұр. Өзім сияқты. Соған қарағанда АҚШ доллары асқақтаған сайын, теңгеміз тесікке тығылып қалған ба деймін.

Әңгіме бұл туралы да емес. Теңгенің шығу тарихы жайлы. Оны былай білетін де сияқты едім. Сөйтсем, ол білгенім тым жалаң, атүсті екен. Өйткені...
Конституциямыздың 98-бабының бірін қалдырмай, мұқият оқып шықтым. Ата заңда ұлттық валютамыз - теңге туралы бір ауыз сөз жоқ. Тіпті, "Ұлттық валюта туралы" заң да, қаулы да қабылданбапты. Ресми құжаттардан президенттің "Ұлттық валютаны айналымға енгізу туралы" Жарлығынан басқа түк таппадым.

Меніңше, бұл - нонсенс нәрсе! Сонда, осы уақытқа дейін теңгеміз заңсыз айналымда жүргені ме? Мысалы, АҚШ-тың өз ақшасы пайда болғанға дейін испан, ағылшын, француздың валютасын қолданды. 1785 жылы АҚШ Конгрессі долларды ақша бірлігі ретінде айналымға шығару туралы Қаулы қабылдаған. Содан кейін ғана, яғни, 1792 жылы Филадельфияда ақша шығаратын Монеталық Сарайды тұрғызады.

Алысқа сілтемей, мына Украинаны алайық. 1918 жылы Орталық Рада гривнаны ұлттық валюта етіп енгізу туралы заң қабылдады. Кейін, сол заңның негізінде гривнаны қайта қалпына келтірді. Ал біз ше? Біздің ұйқылы-ояу депутаттарымыз не бітірген? Әй, заңгерлердің көзінен таса қалған теңгем-ай, теңгем-ай! Тентіремей, тентіретпей, тұрақтаншы.

Тоқтар Жақаштың «Фейсбук» парақшасынан алынды

 

Қатысты Мақалалар