Мұхтар Шерім: Телеарналарда "ит жоқта шошқа үріп" жүргендей

/uploads/thumbnail/20170708151315119_small.jpg
Шындықты шырылдап тұрып айтар болсақ, еліміздегі теле арналарды "әншілер елесі" кезіп жүр. Олай дейтініміз, сахна жұлдызы болғанымен, эфир жұлдызына айнала алмайтын әншілер ә дегеннен "жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" бола алмады. Қатты айтсам, кешірерсіздер, мұның өзі-" ит жоқта шошқа үредінің" кері болып тұр. Сөздің өзін "сорпалатып жіберетін " әншілер мен әртістер қай бағдарламаның рейтінгісін жалаулатып көтеріп әкетті? Бір мезгіл көк жәшікке телміріп, тебіреніп тыңдайтын не қалды бүгінде? Бесіктен белі шықпай жатып, "жұлдыз" бола қалғысы келетін жастар жаулап алды бұл экранды. Иә, оған дау бар ма, жастар бағдарламалары, ток шоулар керек те шығар, бірақ "бояушы, бояушы дегенге сақалын да бояп жберіпті" дегендей, телаарна кеңістігін тек жастарға арнай салу әділетсіздік қой! Екінің бір "әнші". Сол шіркіндер экраннан өздерін көріп отырып, дауыстарының жоқтығына, ән мәтіндерінің сапасыз екенін біліп, мағынасына келсек, жастар тілімен айтқанда, "қуып" кеткендеріне ұялмайды ма екен? "Шіркін-ай..." дейсің осындайда, баяғы Сағат Әшімбаев, Бейбіт Құсанбаевтар жүргізген бағдарламалар қайда? Мән-мағынасы жоқ, әйтеуір рейтинг жинау мақсатында көрсетіліп жатқан мүгедек жобалар.Есесіне әлеуметтік желілерде, әсіресе "фейсбукте" өткір ойлар, зымыраннан да ұшқыр жазбалар көп.Неге дейміз тағы да, неге біздің телеарналарда Жириновскийлердің аузына құм құятындай бағдарламалар жоқ...Айтпақшы, телеарналардан "КВН" әзілкештері түспейтін болды. Оларда да бет жоқ екен. Ұялмайды. Күлдіре алмайтындарына. Салмақты сатираны түсінбейтіндеріне. Аузына келгендерін лақ еткізе салады. Оларынан жиіркенбейді де. сахнада тұрып алып айқайлайды келіп. Көрермендер шеттерінен кереңдер сияқты. Алғашқы кезде осы "КВН" дегеніңіз қызықтау болғаны рас. Қазір "бұзықтау" болып барады. Көргенсіз болып. Сонда деймін-ау, телеарна басшылары қандай "тәрбиесі" үшін қызыға қалды екен? "Жылайын десем, көзімнен жас шықпайды, өтірік жылайын десем, жұрт сенбейді" демекші, қазіргі теле арналардан байыпты, салмақты, ой салып, көңіл көкжиегіңді кеңейтетін бағдарламаларды итпен іздеп таба алмайсың. Итіңнің өзі іздеуден бас тартардай... Айтыңдаршы ағайын, енді не істейміз, а?

Қатысты Мақалалар