Өткен сенбі күні Сауд Арабиясының билігі танымал уағызшы шейх Нимр Бакр әл-Нимрді және Сауд Арабиясындағы азшылық қауымды құрайтын шейіттердің тағы қырық алты өкілін жазалағаннан кейін Иран мен Сауд Арабиясының қарым-қатынасы күрт шиеленісіп кетті. Олардың барлығына да терроризм бойынша айып тағылды, - деп жазады Би-би-си.
Тегеран Эр-Риядтың әрекетін қатты сынға алды, ал Ирандағы сауд елшілігіне шабуыл жасалды. Содан кейін Сауд Арабиясы Иранмен дипломатиялық қарым-қатынасты үзетіні туралы мәлімдеді.
Бұл жанжал қаншалықты ушығуы мүмкін?
Зибакалам Мофрад, Тегеран университетіндегі саясаттану профессоры:
Иранда бірінші болып туған реакция ретінде жиналған жұрт Сауд Арабиясының елшілігіне шабуыл жасады. Бірақ енді ирандықтардың көпшілігі мұны айыптап отыр, өйткені баршаның назары елшілік ғимаратына өрт қойылуына ауып, шейх Нимр Бакр әл-Нимрдың жазаланғаны елеусіздеу қалды. Болған жағдай өкінішті-ақ, себебі бұл аймақтағы шейіт-суннит жанжалын шиеленістіре түседі.
Сонымен қатар, Иран өлім жазасы үшін қатал кек алатынын мәлімдеді, бірақ, менің ойымша, бұл іс жүзінде Сауд Арабиясына қатысты қандай да бір әскери іс-қимыл болады деген сөз емес. Осыдан екі айға жуық уақыт бұрын қажылық кезінде болған сығылыста бірнеше жүздеген ирандық қаза тапқанда Ирандағылардың көбі, соның ішінде «Ислам революциясының сақшылары» да мұны кешірмейтіндерін, кек алатындарын мәлімдегенін естен шығармау керек. Бірақ іс жүзінде ештеңе де болған жоқ. Бұл жолы да Иранның қолынан келетіні шамалы деп айтар едім.
Иран сонымен қатар Сауд Арабиясымен қарым-қатынастың үзілуінен зардап шегуі мүмкін, өйткені іс жүзіндегі дипломатиялық қарым-қатынас болмаса, оның қолында Эр-Риядқа қысым жасау тетіктері болмайды. Иранның басқа араб мемлекеттерімен қарым-қатынасы да онша тұрақты емес, осылайша оның әсер ету ауқымы шектеулі әрі өз пікірін білдіру мүмкіндіктері тым аз.
Халыққа, қарапайым ирандықтарға келсек, Сауд Арабиясы елшілігіне шабуыл жасағандарға интернетте сын айтып жатқандарды көптеп көріп отырмын. Кейбір тәуелсіз газеттер да бұл оқыс оқиғаны сынға алды.
Ханан Разек, Би-би-си Араб қызметінің тілшісі:
Бірнеше саясаттанушымен сұхбаттасқанымда, олардың барлығы да бұл жанжалдың қатты ушығып кетуі мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді. Солардың бірі жоспарда соғыс болмаса да, ол кездейсоқта, бір тарап немесе олардың одақтастарының бірі шалыс қадам жасаса тұтанып кетуі ықтимал деп айтты.
Бұл жанжалдың ушығуы ғана емес, оның бүкіл аймаққа және ең алдымен Сирия мен Йеменге тигізетін салдары алаңдаушылық туғызады.
Осы айда бұл екі елдегі жағдай бойынша бейбіт келіссөз өтуге тиіс, ал енді оның болатын-болмайтыны және болған жағдайда табыспен аяқталатыны не басқаша сипат алатыны түсініксіз болып отыр.
Болып жатқан жағдайға Сауд Арабиясында алуан түрлі реакция туындады. Елдің шығысындағы азшылық шейіттердің кейбір өкілдері соңғы екі күнде аяқ астынан наразылық шерулерін өткізіп жатыр.
Ал көпшілікті құрайтын сунниттер биліктің шешімін қолдап отыр. Әлеуметтік желілерге, әсіресе, Сауд Арабиясында кеңінен пайдаланылатын Твиттерге қарасақ, адамдардың көпшілігі король отбасына мақтау сөз айтып, оның қабылдаған шешімі үшін алғыс айтып жатыр.
Олар мұны дұрыс әрі уақтылы қабылданған шешім деп санайды. Дегенмен аймақта соғыс басталып кетуі мүмкін деп қауіп илеп отырғандар да бар.
Ресми саясатқа келсек, ирандық дипломаттар 5 қаңтарға дейін Сауд Арабиясынан кетуге тиіс. Кеше Эр-Риядтағы сыртқы істер министрі оларға жиналып кетуге 48 сағат уақыт берді. Кейбір басқа елдер бұған ниеттестік танытты. Айталық, Бахрейн және Судан Иранмен дипломатиялық байланысты үзетіндері туралы шешімге келсе, Біріккен Араб Әмірліктері Ирандағы дипломатиялық өкілдігін қысқартпақ.
Белгілі болғандай, Кувейт те Ирандағы өз елшісін кері шақырып алатынын мәлімдеді.
Кристиан Коатс Ульрихсен, Лондондағы Чатэм-хаус Корольдік халықаралық қатынастар институтының ғылыми қызметкері:
Қазіргі текетірес бұрын 1980-ші жылдарда болған жанжал сияқты қауіпті. Сол кездерде екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас тұңғыш рет 1988 жылдан 1991 жылға дейін уақытша тоқтап қалған еді.
Бұл жағдай 1979 жылғы Иран революциясы мен сегіз жылға жалғасқан 1980 - 1988 жылдардағы Иран-Ирак соғысын қамтыған дау-дамайлы онжылдықтан кейін орын алған болатын.
Бұл соғыс кезінде Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағындағы Араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің басқа мүшелері Саддам Хусейнді қолдап, өздерінің кемелеріне Иран тарапынан шабуыл жасалғанынан зардап шеккен еді, ал 1984 жылы Сауд Арабиясының әуе-әскери күштері Сауд Арабиясының әуе кеңістігін бұзды деп Иранның жойғыш ұшағын атып түсірді.
Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағындағы басқа араб елдері Иранның революциядан кейінгі үкіметінің және шейіттердің арасында соғысқұмарлық көңіл-күйдің артуының, 1981 жылы Бахрейнде ұйымдастырылып іске аспай қалған төңкерістің және содан кейін төрт жыл өткен соң сәтсіздікке ұшыраса да Кувейт әміріне қарсы қастандық жасалуының арасында байланыс бар деп есептейді.
Тап сол кезде 1987 жылдың мамырында Ливандағы «Хезболланың» үлгісімен Иранның қолдауына сүйенетін діни негіздегі «Хезболла әл-Хиджаз» деген әскерилендірілген топ құрылды. Оның көздеген мақсаты Сауд Арабиясы аумағында әскери операциялар жүргізу болатын.
«Хезболла әл-Хиджаз» Сауд Арабиясы королінің отбасына арнап қоқан-лоққыға толы бірнеше мәлімдемені жария етті. 1980-ші жылдардың аяғында, Иран мен Сауд Арабиясының арасындағы қатынас күрт шиеленіскен кезде бұл топ бірнеше қантөгіс шабуыл жасады да.
Қазіргі жанжал кезінде осынау тікелей майдандасқан жағдайлар болмаса да, бұл шиеленістің 1980-ші жылдардағыдай қаупі зор. Мұның үш себебі бар.
Ең алдымен, бұл көптеген жылдарға жалғасқан, Таяу Шығысты сунниттер мен шейіттердің мүдделеріне қарай тереңінен екі жарып бөлген әрі Иран мен Парсы шығанағындағы оның көршілерінің арасында тұңғиық сенімсіздік ахуалын туғызған сектанттық саясаттың салдары.
Мұндай шиеленісті ахуалда халықтың ұстамды бөлігінің ықпалы қатты әлсіреп, билік тізгіні аймақтық істерде қатаң әрекет етуді қолдаушылардың қолына өтті.
Екіншіден, Парсы шығанағы мемлекеттері соңғы төрт жыл бойы барған сайын табанды сыртқы саясат жүргізіп келеді. Өйткені олар бір жағынан Иран көп жыл бойы аймақтық жанжалдарға араласып отыр деп есептесе, екінші жағынан оларда Барак Обама әкімшілігінің Таяу Шығысқа қатысты жоспарларына күмәнмен қарау күшейіп отыр.
Парсы шығанағындағы елдердің көпшілігі үшін Ираннан төніп отырған негізгі қатер – оның ядролық бағдарламасында емес, ал Тегеранның «Хезболла» сияқты боевиктерге қолдау көрсетуінде және соңғы кезде Йеменде бас көтерген шейіт көтерілісшілерінде жатыр.
Ақырында, Сауд Арабиясы мен Иранның арасындағы дипломатиялық қатынастың үзілуі ең болмағанда жуық арада Йемен мен Сириядағы соғыстарды тоқтату бойынша аймақтық талпынысты іске асырмай қояды.
15 желтоқсанда Йеменде басталған осал бітуананың қазірдің өзінде күллі көкке ұшты.
БҰҰ эгидасымен өтетін Йемен бойынша келіссөз 14 қаңтарда қайта басталуға тиіс, бірақ Сауд Арабиясының коалициясы мен Иран басқа біреудің қолымен бұл қақтығысқа қатысуын белсендірсе, келіссөздің өтуі екіталай.
Қаңтардың соңында Женевада басталуға тиіс Сирия бойынша бейбіт келіссөз де осындай жағдайға ұшырауы мүмкін. Жанжалдың ең ықпалды осы екі сыртқы тарапы отқа май құюын қоймаса, қарсыласушы тараптармен ұзақ уақыт жүргізілген ыждағатты астыртын жұмыс бекершілік болып шығуы ықтимал.
Дереккөз: serke.org