«Ұлттық қордағы қаражат 6-7 жылда таусылады» деп сұхбат берген Берік Өтемұрат қызметінен босатылды. Шындықты айтқаны үшін ол «ҚР Ұлттық банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы» АҚ басшысы қызметінен қуылып отыр. Ал оның орнына іле-шала Есжан Біртанов тағайындалды. Бір қарағанда бұл мәселеге баса назар аударудың қажеті жоқ сияқты. Алайда, Берік Өтемұраттың әрекетін назардан тыс қалдыруға әсте болмайды.
Жалпы жоғары лауазымды басшылардың өткір мәселе көтеріп, бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беруі өте сирек кездеседі. Ал алда-жалда ашық мәлімдеме жасай қалған жағдайда оның басы дауға қалып, жұмыстан қуылады. Мұны білдей бір корпорацияны басқарған Берік Өтемұраттың білмеуі мүмкін емес. Алайда, ол «Қазақ елінің Ұлттық қорындағы 64 млрд доллар алдағы алты-жеті жыл ішінде таусылуы мүмкін» және «Біз Ұлттық әл-ауқат қорын «жеп жатырмыз» деп ашық айтты.
Ұзын сөздің қысқасы Берік Өтемұрат Кәрім Мәсімов басқаратын министрлер кабинетінің жұмысын сын садағына алды. Өйткені, Үкімет Ұлттық қордың инвестициялық менеджментіне дұрыстап назар аудармай келеді. Қазіргі таңда Берік Өтемұраттың осы сұхбаты қызу талқыланып жатыр. Азаматтардың басым көпшілігі оны «шындықты айтты» деп мақтаса, екінші тарап мұны «қандайда бір ойын болуы мүмкін» деп күмәндануда. Бұл мәселенің ақ-қарасын айыру әсте мүмкін емес. Алайда, біздің елде шындықты айтқан басшының қызметте көп тұрақтамайтыны көпшілікке жасырын емес. Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Қ. Келімбетов те қызметінен теңге бағамының төмендегені үшін емес, біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражаттың айналымына қатысты құпияларды ашып қойғаны үшін кетті дейді білетіндер.

Мәселен бұған Берік Әбдіғалидың бір күнде қызметтен қуылғаны дәлел бола алады. Аталған азамат Ұлытау ауданынан бастап Жезқазған, Арқалық қалаларын жақсы басқарған болатын. Тіпті Арқалық жұрты әкімдеріне риза болғаны сонша «Ақ Берік» атты әнде шығарды. Осы еңбегінің арқасы болар ол Қарағанды облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Әйтсе де, аталған қызметте бір ай отырмастан оны қызметтен алып тастады. Себебі, ол алдына келген журналистің сұрағына жауап беріп, өзге басшылар сияқты бұқаралық ақпарат құралдарынан қашпайтын. Міне осы сұхбаттарында алашшыл азамат шындықты жасырмай ашық әңгіме айтты.
Жалпы біздің елде өткір мәлімдеме жасап, көзге түскен азаматтарды жұмыстан алып тастайтын «дәстүрі» қалыптасқан. Айналып келгенде мұның бәрі жабық қоғамныің салдары. Егер де еліміз ашық қоғамға біртабан жақын болса, Берік Әбдіғали, Берік Өтемұрат сынды тағы да басқа азаматтар жұмыстан қуылмас еді. Өкінішке қарай, біз ашық қоғамнан алшақтап, жабық қоғамның құшығана еніп кеткенбіз. Ал ашық қоғамнан неғұрлым алшақтай бастасақ, соғұрлым Берік Әбдіғали, Берік Өтемұрат сияқты азаматтардан айырыла береміз. Мәселен өркениетті елдерде қандайда бір басшыны қызметтен алып тастаса, оның неліктен отставкаға кеткені туралы ақпарат беріледі. Ал біздің елде жұмыстан босатылған азаматтың не үшін айыпты болғаны туралы ештеңе айтылмайды. Айналып келгенде мұның бәрі жабық қоғамның жазылмаған заңының салдарынан болып отыр.
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана