«Түрікменстан — жер көлемі 488,1 мың км² алып жатқан, батыстан шығысқа 1100, солтүстіктен оңтүстікке 650 км созылып жатқан Орталық Азиядағы мемлекет. Жерінің 80 % артығын шөл (Қарақұм шөлі), құм көшкіндері, тасты таулар мен ащылы алаптар басып жатыр. Түрікменстанның ең үлкен өзені Әмудария. Оның ұзындығы 1415 км болса, соның 1000 км осы елдің аумағында. Осы өзеннен бастау алып Түрікменістанның астанасы Ашхабат қаласын, өзге де Мары, Бүзмейін, Балқанабат (Небит тау), Түрікменбашы (Красноводск) сияқты ең үлкен қалаларына ауыз су жеткізіп жатқан Қарақұм каналы.
Халқының саны 6 млн-ға жуық. Түрікмен халқының жалпы саны қазір 20,0 млн. артық деген дерек бар. Түрікмендер Ауғанстан, Иран, Түркия, Ирак,Сирия секілді елдерге де жайылған» (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан).
«Ұлан байтақ қазақ жерінің оңтүстік-батысында XVIIІ ғасырда Каспий теңізімен шектесіп, Хорасан (Иран) мемлекеті, Хорезм хандығы арасында түркімендер көшіп қонды. Өз бастауларын Сібірден көшіп, Арал, Каспий бойларына дейін бір заманда жайлаған оғыздардан алып, Иранға, Кавказға, Ресейге дейін тарады. XVII ғасырдағы түрік жазба ескерткіші - «Шежіре-и түрк» «Оғыз балалары түрікпенмен бірге Мәуереннахр мен Хорасанда болды. Қыпшақтар Дон, Еділ, Жайық өзендерінің арасын мекендеді» -деп атап өтеді (Әбілғазы. Түрік шежіресі. – Алматы, 1991, 31 б.).
XVIIІ ғасырдың зерттеушісі П.И.Рычков өзінің «Топографиясында» «Түркімендер - қырғыз-қайсақтармен аралас көшпелі халық, олар Ембі өзенінің арғы бетінен, қырғыз-қайсақтар мекенінен бастап Каспий теңізін бойлай көшіп, парсы және хиуа иеліктеріне дейін созылған аралықты жайлайды» деп толықтыра түседі. (Рычков П.И. Топография Оренбургской губернии. – Уфа,1999.с.17).
Түрікпендерді бұл күндері тілі басқа болса да, қазақ шежіресі бізге ең жақын туыс ел деп шежірелейді. Қаз Адай шежіресі оларды Анес, Жабал, Мекорай, Сәһил, Құрайыш, Аламан, Сейілхан деп, Сейілханнан сегіз арыс түрікпен: Ерсары, Дербіш, Сарық, Салар, Теке, Жәуміт, Егдір, Шаудір руларын таратады. Ал, «Түрікпендер» өз тектерін Есен (Хасен) және Сүйін (Сейіл) деген екі ағайынды жігіттен бастайды. Сүйіннен жоғарыдағы қазақ шежіресіндегі сегіз арыс түрікпен тараса, Есеннің бес ұлы болған екен, олар Шәудір, Егдір, Бозашы, Мұрыншық, Абдал. Бұларды бес Есен деп атайды. Өзбек, ноғай, қарақалпақ, қазақ руларының бірінің ішіне бірі кіріп араласып жатқаны сияқты, қазақ пен түрікпен рулары да араласып жатыр. Мысалы, Шәудір - Әлімұлы, төртқара-қарамашақ руының үлкен тақталарының бірі болып, ол Қойлыбай-Шәудір деп аталса, Шәудір Маңғыстауды мекендеген түрікпен руы. Қойлыбай сөзін түрікпеннің аққойлы, қарақойлы этнонимдерінен көруге болады. Тана – Алшын, 12 ата байұлының бір атасы, орта жүз Уақ руының Еренші-Сейіткен-Бөкен тармағынан тарайтын тақта болса, Балқан жәуміттерінде Тана деген ру тармағы, қазақта Сары атауы бар көптеген ру-ата есімдері, Сарық-Оғыз түрікпен руы. Аспан - Әлімұлындағы Шөмекей тобының үлкен бөлігі, Ясман-Теке руының бір бөлімшесі. Көкше батыр-Қазақтың эпостық батыры, тегі Уақ руы Маңғыстау-Үстірт өңірінде тұрған. Геокче – Теке руының бір бөлімшесі. Уақ «Убақ» – орта жүздің алты руының біреуі, Убақ-түрікпеннің ата руының бір тобы, Алаша – байұлының үлкен бір ағасы болса, Сарық руына кіретін бес атаның біреуі Алаша деп аталады. Таз, Масқар руларында Абдал аталығы болса, түрікпенде де Абдал руы бар.
Бес Есен руы Адай құрамында да бар. Олар да бес Есен деп аталады. Адай – Келімберді – Бұзау – Шылым – Өрдек – Есен (Бес Есен) болып таратылады. (Маңғыстау энциклопедиясы. Алматы, 1997, 200 бет).
Сүйін руы да Адай шежіресінде Адай-Құдайке-Қосай-Сүйіндік, яғни Сүйін жігі (Жаман Адай, немесе Түрікпен Адай деп те аталады) болып таратылады.
«Қосайдан - Әйтей, Бегей, Байбол, Тіней, Бәли, Сүйіндік (Жаман Адай). Олар өскен ауыл. Адай шежіресінде Алты Қосай болып аталады. Бұлардың анасы түрікпен қызы болғандықтан олар ел арасында «Түрікмен Адай» деп те аталады. Сегіз арыс Адайдың үлкен бір тобын құрайтын осы Алты Қосай (немесе «Түрікмен Адай») болып есептеледі («Манқыстау энциклопедиясы» Алматы, 1997.199 бет).
Көрсетілген шежіре дерегінің растығын айғақтайтын қазіргі түріктен жерінде таза қазақи топонимдер: Қазақсор атты сор; Қазы, Қазанжық, Қазар, Қаракөз, Қаракөл, Қарабекауыл, Мары атты елді мекендер; Балқан (Балықшы хан) атты тау, үлкен көлемдегі Қарақұм құмы мен Қарабұғаз мүйісі т.т. бар.
Олардың бізбен түбі бір туыс екендігін қазақ шежіресінің оларды Түрікпен Адай деп атайтынынан да айқын көре аламыз. Атаның (Аданың) соңына жалғанған «Й» дыбысы әрқашанда ұрпағы (баласы) деген мағына береді. Ежелгі ұлы ғұламалардың барлығы өз тектерін:Иассауи, Жүгінеки, Фердауси, Низами, Сарайи, Жалайри, Тарази, Баласағұни т.т. деп жазған. Бұл жерде Қазақтың рулық шежіресі түрікпендердіАдай Атаның баласы деп айқын көрсетіп тұр.
Бұл қағида олардың қазіргі Түрікпен (Түрікман) деген атауында да еш өзгермейді. Түрікпеннің толық мынасы Түрік Манның ұрпағы. Олардың бізбен түбі бір туыс, олардың тегінің бізден тарайтынына Түрікке жалғанып тұрған Ман деген атасының атынан да айқын көре аламыз.Ман Ата есімінің соңғы «Н» дыбысы ежелде де, қазірде де біз қолданып жүрген «ов» пен «ев»-тердің орнына қолданылады. Мысалы, Сарының баласы – Сарин, Алтынсарының баласы – Алтынсарин, Нұралының баласы – Нұралин, Нұртазин, Бегалин, Мустафин, Майлин, Мамин, Карин т.т. болып кете береді.
Түрікпендер құрамында Ата деген ру да бар. «Этнографтар мәліметі бойынша бүгінгі солтүстік батыс Түркмения (Оқ – Балқан), Батыс Түркмения және оған тарихи жағынан да, географиялық жағынан да сабақтас Маңғыстау түбегінің «түркмендікі» делінетін әулиелі нысандардың көпшілігі осы «ата руынан шыққан» делінеді. Шир–Кабир (Медет ата), Шарлоук (Бедели ата) бейіттері Балқан облысының оңтүстік–батыс бөлігінде, ал Балқанда – Дана–ата, Үдек, Күкірт, Қошоба қорымдары, Қараәлем ата сияқты әулиелер бар. Омар атаның бір моласы Балқанда, ол – Шағадам–Балқан аймағындағы Джебел–Кяриз жолына таяу маңдағы, Балқан тауының сол жақ қапталындағы көне әулие. Дарған атада тұратын «ата руының» адамдары бұл қорымды жақсы біледі және Омар–ата осы «ата руынан» шыққан кісі деп есептелінеді. Аңыз бойынша Омар–Гөзлі атаның баласы. Омар атаның екінші моласы–теңіз жағасында, Бекдаш маңында.
Қайталап айтсақ, аталған әулиелердің барлығы да «ата» руынан шыққандар және қалай да бір ретпен «Гөзлі атаның туысы не баласы, немересі болып шығып жатады». Мысалы, Кемел–ата руынан шыққан Кемалай деген кісі көрінеді, ал Күкірт–ата (Куртыш–ата) – аңыз бойынша Гөзлі атаның немесересі. Балқан тауының терістік беткейіндегі, Омар атадан шығыстағы бір қорымды Қараәлем–ата деп атайды. Оның екінші атауы–Қараймық–ата, аңыз бойынша ол да ата руынан шыққан және Гөзлі атаның баласы (не немересі) көрінеді.
Айладыр еліндегі әулиелердің басым көпшілігінің «ата руынан» шыққан кісілер болып есептелуі белгілі бір заңдылықты көрсетеді. Оларды шежіре бір руға меншіктеген, соған қарағанда осы әулиелердің культінің қалыптасуына да бір діни–шығармашылық ортаның негіз болғаны айқын. Сондықтан «ата» руының тегіне үңілу көп мәселені шеше алады деуге болады. Біз тіпті осы этнонимнің де, рудың да қазақтың адайымен байланысты болу ықтималдығын атап көрсете аламыз.
Халық болып қалыптасуына негізгі этникалық компонент болған оғыздардан өз тегін бастайтын теке, жәуміт, ерсары, салор сияқты қарапайым түрікмен руларының қатарында «ата руының» шығу тегі бөлектенеді. Ата руы–түрікмен рулық–әлеуметтік қоғамындағы ерекше құрметке ие болған бес–алты «әулие» немесе «әулет» (овляд) рулар қатарына жатады.
«Әулет» немесе «әулие» (овляд) тобының руларының тізімі мынадай:
- ших (шихы, шихлар).
- қожа (ходжа).
- мақтым
- сейіт (сеид).
- ата руы;
|
Өз тегін пайғамбар қасындағы сақабалардан шығарушылар |
Өздерінің тегін нақты (пайғамбарларға, сақабаларға қатысы жоқ) тұлғадан бастайтындар |
|
ших, қожа, мақтым және сейіт рулары |
тек қана ата руы |
Ших, қожа, мақтым, сейіт рулары өз тектерін Мұхамбет пайғамбардың қасындағы сақабалардан шығарады, яғни олардың арғы тегі туралы шежіре жасау үрдісінде ортақтық бар, бұл оларды бір текті орта деп қарастыруға мүмкіндік береді, яғни олардың тегінде этникалық парсы–түркілерден шыққан суфистер не басқа да ислам уағызшылары (миссионерлері) жатыр деуге толық негіз бар.
Екінші топқа «ата руының» жалғыз өзін кіргізуге болады. Олар өз тегін Есен атадан (Эссен ата), «Гөзлі» деп лақапқа ие болған данышпан кісіден бастайды. Анық нәрсе – Есен ата араб та, парсы да емес, әйтпесе ата руының шежіресі де қалған төрт «овлядтан» өзгеше болмас еді. Бұл «ата руының» этногенезінде оғыз этникалық субстратынан басқа «белгісіз этникалық материалдың» жатқандығын көрсетеді.
Ата руының қалыптасу уақытын зерттеушілер 14-15-ғасырлардан бастайды. Бұл – Оқ–Балқан мен Маңғыстаудың толық ислам дініне өтіп болу дәуірі. Осы тұрғыда аталмыш аймақты зерттеген С.П.Поляков Маңғыстау мен Түрікменстан жеріндегі ең бірінші болып аты аталып қалатын «языр» тайпасы осы «ата руының» арғы тегі деп есептейді және бұған бірнеше пайым–дәлелдерін келтіреді. Ертедегі язылар мекендеген жерлердегі молалардың көпшілігіндегі «гоном башылар», яғни басына зиярат етушілер түнейтін («қонатын») әулиелер «ата руынан» шыққандар. Оқ–Балқандағы Гөзлі ата, Кемел ата, Дана аталар сияқты Ахал өңіріндегі Парау–ата, Артман аталар да осы рудікі, ал сол жерлер әуелде язылар мекендеген аймақтар».
Парсы авторы Бекран языларды үш топқа бөледі: язылардың өзі, маңғышлақтық язылар, фарлық язылар. Оның бір тайпаны «собственно языры» деп және басқа екі аймақтық (маңғыстаулық, фарлық) топқа және екі бөліп көрсетуіне қарағанда «маңғыстаулық язырлар» таза оғыздық тайпа емес сияқты, сірә, олар – келімсек оғыздарға сіңген ежелгі маңғыстаулық (қандай?) этникалық топ болуы әбден мүмкін, әйтпесе Бекран үш топтың біреуін «собственно языры» деп көрсетіп, қалған екеуін тұрған жерінің атымен атай салуына басқа қандай себеп болуы мүмкін?
Егер «ата руы» - ежелгі язырлардың кейінгі ұрпағы болса, онда Маңғыстауды мекендеген «ата руының» арғы тегінде «маңғыстаулық язырлардың» жатқанын атап өтуге де болады. Қарапайым логика бойынша: «егер ата руы өлкенің көне тайпасы – язырдан шыққан болса, онда ата руынан шыққан әулиелер түсінігінің исламға дейінгі ұғымдық базасы да сол язырлардың және язырларға дейінгі «белгісіз маңғыстаулықтар мен оқ-балқандықтардың еншісінде». Бұл Маңғыстау әулиелері туралы түсініктер комплексі 10-шы ғасырдағы язырларда, тіпті 10-шы ғасырларға дейінгі жүзжылдықтар мен мыңжылдықтарда осы аймақты мекендеген тайпалардан келе жатқан бейне бір «қолдан қолға беретін эстафета» сияқты рухани- түсініктер деген сөз.
Ата руының этногенезін түсінуде Копетдағдағы «ата руынан шыққан әулие» - Агар Убак (Ағар-Ыбақ) есімінің этимологиясын ашу маңызды. Бұл әулиенің есімінен ертедегі «агар» этнонимі көрінсе, екінші бөлімінен «убак» деген ата руының бір тақтасының есімі көрінеді. Бұл – «ата руының» шығу тегіне агар тайпасының қатысуы мүмкіндігін көрсетеді.
Агар этнонимінің тарихи құжаттардан естіле бастауы Оқ-Балқанда 11-ші ғасырдың аяғы мен 12-ғасырдың басы (1072-1102 ж.ж.), яғни олар 11-ғасырда, мүмкін, 9-10-шы ғасырларда да язырлармен қатар Маңғыстауды мекендеген. «Языр» атауы сияқты «агар» есімі де 14-ші ғасырдан бастап тарихи құжаттарда кездеспейді.
«Агар» этнонимі ортағасырлық орыс жылнамаларында да (мысалы «Повести временных лет» жылнамасында) кездеседі, мұндағы «агаряне» - түркі тілдес көшпелілердің жалпы атауы. Ал жалпылама атау дегеніміз – тек бір этникалық ру-тайпаның ғана емес, бір-біріне кейбір ұқсастығы бар ру-тайпаларды ортақ атаумен атау үрдісі, мысалы, кезінде басқа отырықшы халықтар кез келген евроазиялық көшпеліні әр заманда скиф, сармат, ғұн, алан, татар деп атай берген. Әдетте бір этноним мұндай ортақ жалпылама атауға айналуы үшін ол атау көне жұрттың атауы болуы керек, яғни 12-ші ғасырдың орысы үшін барлық половец, печенег, уз, торк тайпалары «агаряне» деп аталған болса, онда нақты агар тайпасы қыпшақтан да, печенегтен де бұрын орыспен көрші болып, кейін жойылып кеткен жұрт болуы шарт. Расында да солай, өйткені агар деп отырғанымыз - 4-9-ғғ. батыс даланы мекендеген түркі (угор-болгар) тайпаларының жалпы атауларының (агар-угор) бірі.
Міне, біз Есен атамыздың тегін іздер болсақ осы агар-угор немесе протоболгар заманынан іздейміз. «Ата руының» бір тармағының «убақ» аталуы да олардың этногенезіндегі угор (агар) субстратының болу ықтималдығын көрсетеді.
Есен ата мен Асан қайғы бір бейне ме? Осылайша әрі жауап, әрі сауалды «тастай салу» тек «Асан» сөзі мен «Есен» сөзінің ұқсастығымен шектеліп қалмайды. Әрине, түркі тілдерінің заңдылығында «а-е» және «е-а» ауысымы тұрақты құбылыс. Бұдан басқа екі есімді бір бейне деп сөзсіз жариялап жіберуге негіз болар тікелей аңыздар жоқ. Дегенмен бір «Маңғыстаудағы Есен ата мен қазақтағы Асан қайғы бейнесі бір образдық бастаудан шыққан» деп айта аламыз.
...Түрікмен аңызы бойынша Есен атаның лақап есімі «Гөзлі ата», яғни «Көреген ата» деген есім. Бір қызығы Есен ата бейіті Маңғыстаудың ойында болса, оның лақабымен «Гөзлі ата» деп аталатын бейіті Оқ-Балқанда, яғни бүгінгі солт-батыс Түрікпенстанда. ...Гөзлі ата қазақтың қызына үйленген, одан үш бала сүйген, олар – Омар ата, Нұр ата, Убақ ата. Бұл үшеуі үш ру тармағына түп ата болған. Бүгінде Омар ата тақтасы Түрікменістанның Ташауыз, Шаржау облыстарында мекендейді, ал нұр-аталықтар Өзбекстандағы Нұрата тауында мекендейді, убақ-аталықтар 20-ғ басында Иранға көшіп кеткен (С. Қондыбай «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары» Алматы-20007 19-23 беттер).
Марқұм Серікбол бауырымыздың зерттеу еңбегіндегі түрікпеннің Ата руы Қазақтың Адай руымен бір тектен шыққан деген қорытындысы Қаз Адайлардың рулық шежіресімен жүз пайыз сәйкес болып тұр.
Ежелгі жазбалар араптарды да «агаряндар», яғни Аға арыстар деп атаған. Бұл жерде тағы бір арнайы атап өтетін жағдай Қаз Адай шежіресінің түрікпендерді «Айладыр», яғни Айлы ауылынан шыққан ел деп атауы. Қаз Адай шежіресі арап пен еврейлердің де шыққан тегін Айлы ауылы деп атап, олардың тегін Аталық емес, Аналық текке жатқызған.Шежіре тілі араптарды «Ар апа», европалықтардың тегін «ева, дева, девушка, еврей» деп атайды. Шежіре тілі кез-келген елдің тегін сол ел атауының түбір сөзімен айна қатесіз анықтай алады.
Түрікпеннің тегі қазақ екенін осы елдің тұңғыш президенті Сапармұрат Түркменбашының «Рухнама» атты еңбегіндегі мына жолдардан да көреміз. «Сен білесің бе, ең бірінші арбаны түрікпеннің жасағанын? ...Түркпендер ең бірінші болып темір қорытты. Түрікпеннің ең алғашқы дастаны «Эргенекон». Бұл дастанда адамдардың темір тауды ерітіп, таудан шыққаны суреттеледі. ...Оғыз хан ата тегін Нұх пайғамбардан бастайды, оғыздың әкесі Қара хан. Біз өз тегімізді Оғыз ханнан бастаймыз. ...Оғыз ханның тотемі құрт (қасқыр). ...Біз, түрікпендер, Нұрдан жаралдық, біздің атымыз осыған сәйкес «Түрік иман» деген сөзден шыққан. ...Оғыз ханның алты ұлы – Күн хан (Күн), Ай хан (Ай), Жұлдыз хан (Жұлдыз), Көк хан (Аспан), Тау хан (Тау), Теңіз хан (Теңіз) болған. Оғыз хан өлерінде өз орнына үлкен ұлы Күн ханды қойып кетеді. ...Түркпен халқы ұлы ел Иран, Өзбек, Қазақ бауырларымен және Ауған халқымен тату-тәтті тұрады. ...Біз Оғыз дегенде, түрікпенді білеміз. ...Түрікменістан және Турция – екі мемлекет бір ұлт. Шынында да, біздің дініміз де, салт-дәстүріміз де, қанымызда бір. Осман тілі, оның алдындағы оғыздар мен селжүктер тілі – бұлар түрікпен тілі. Түрік тілі - өзгеріске ұшыраған түрікпен тілі. ...624 жыл ғұмыр кешіп, осы мезгіл ішінде 36 билеушіні ауыстырған Түркиядағы Оспан империясын 1299 жылы Оспан қазы құрған болатын. ...Өгіз демекші, ежелде Құс жолын Өгіз садағы, немесе Өгіз қаған садағы деп атаған. Қазіргі Амудария - Өгіз өзені, Бұзау - Өгіз жұлдызы деп аталған. Өгіз елі осы жұлдыз туғанда жаз жайлауға, батқанда қыс қыстауға оралған» (33,34,142,167, 198, 209, 210 беттер, Ашхабад. 2005).
Несі бар. Келтірген деректерінің бәрі дұрыс. Бірақ, әркімнің түсінігі әр басқа. Өгіз қаған атамыздың тақ мұрагері Күн хан. Бүткіл әлемнің Хун, Хунну деп жүргендері осы атамыздың елі. Ал, Күндердің де, Түріктердің де қарашаңырағының иесі бүгінгі қазақтар. Ал, оның «Түрік иман» дегеніне келсек, бүкіл түрік әлемі мойындаған Иманның мағынасы Сенім болғанда, Ман деген атау Сенімнен емес, керісінше Иман деген сөздің өзі Ман атамыздың атынан шығатыны да дауға жатпаса керек. Оның үстіне Өгіз атамыздың лауазымының Қаған, Өзбек пен Қазақты бауырым деп атағанын қосыңыз. Ал, Осман қазының тегінің қазақ екендігі оның «қазы» деп аталғанынан да анық көруге болады. Олар да кезінде таза түркі (қазақ) тілінде сөйлеген. Кейіннен араб, парсы тілдерінің ықпалына ұшыраған. Осман мемлекетін құрғандар Адайдың Қосайы. Қосай мен Османның бір түбірден, яғни бір атадан болатыны осы. Еске ұстайық! Сөз түбірі (өз түбі, өз атасы) ешқашан жаңылысқан емес.
«Түрікпен халқының құрамындағы қазақтың белді рулары үйсін, керей, арғын, қыпшақ және алшын» (М.Тынышбаев «Қазақ халқының тарихына қатысты материалдар» Ташкент-1925. 27 бет).
«Қурайдан туған Аламан,
Аламан деп шақырып
Ұран болып тараған.
Артық туған ер екен
Хақ нұрынан жаралған.
Аламаннан туған Алаш-ы,
Алаш, Алаш болғанда
Арыға салды құлашты.
Сейілхан мен Жайылхан
Онан туған рас – ты.
Алты түрлі халық болып
Әрбір жұртқа үлесті.
Сейілхан ұлын сұрасаң,
Сегіз арыс түрікпен,
Беттеген жауы үріккен,
Дұшпанын көрсе іріккен.
Көк мойын ат, көк қылыш
Азырақ мін таппасаң көріктен» (Әбубәкір Кердері «Жолдас болсаң жақсыға мәртебеге жетесің» Ақтөбе-2011. 161 бет).
«Әнес қазақтың баласы,
Шуннан алаш болған екен (Бердақ, қарақалпақ шайыры).
Түрікпеністан ежелгі шежірелердің бәрінде де Алашқа жататын алты елдің қатарында аталады. Ол жайлы Мұстафа Шоқай былай деп жазыпты: «Бүгін Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түрікменстан һәм Тәжікстан деп жат үкімет күшін алты жүмһүриетке бөліп тұрған Түркістан – бөлінбес, айрылмас бір өлке. Халқының қаны бір, тілі бір, діні бір». «...Түрік халқы – батыр халық. Түрік халқы – арыстан ер халық. Кімнен таяқ жегендей біздің түріктің баласы, алдырып жүрген дұшманға ауызының аласы».
Тура осындай өсиетті бізге Қожаберген жырауда қалдырған:
«Алашқа жатқан алты елдің,
Түпкі атасы Тұраннан,
Жаңылмаңдар қазағым,
Алаш баба ұраннан».
Қазіргі уақытта әлемнің 49 мемлекеті өздерін түркі мемлекеттері санатына қосады. Бірақ олардың бірде-біреуі бүкіл түріктің бастарын қосу саясатымен айналысқан емес. Осының өзі-ақ бізді, сонау бағзы замандардан бері келе жатқан Ұлы Қазақ қаған, Алаш қаған, Ата ұлы (Ад ұлы, Еділ, Аттила), Тоныкөк Білге қаған, Қарахан қаған, Оғыз (Өгіз) қаған, Шыңғыс қаған сияқты әлемді билеген ұлы түрік асылдарының, түп қазығы, ата жұрты екенімізді көрсетсе керек.
Тұранның тегі Маңғыстауда. Оның топономикалық айғақтамасы Маңғыстауда Тұран, Қара Тұран, Қызыл Тұран және Белтұран (нағыз Тұран) деген атауларда сақталған. Атам қазақтың сөздік қорындағы "Ол пәленшенің бел баласы ғой" дейтініміздің сыры осы.
Осы жерде басын ашып кететін бір мәселе бар. Ол «Қазақ алаштан тараған ба?», әлде «Алаш қазақтан тараған ба?» деген. Біз бұған Алаш (алты алаштың бәрі) Қазақтың бел баласы деп батыл айта аламыз. Барлық шежіре де қазақтарды «Алаш ұранды» деп көрсеткен. Қазақ ұранға шығыпты деген дерек еш жерде жоқ. Ежелгі қазақтар (қазақ рулары, тайпалары) ұрпағыма үлгі болсын деп, өз ішінен шығып елін жақсылыққа жетелеген, еңәйгілі ұландарын ұранға шығарып отырған. Кейбір рулардың бірнеше ұрандары болған. Демек, Алаш ұранға шыққанда оны ұранға шығарған қазақ деген елі болған. Ақыл-есі түзу қазақ баласы бұл тұжырымға тоқтауға тиіс деп есептейміз.
«Үшеу екен Әнестің,
Некелеп алған қатыны.
Өз белінен баласы,
Жетіпті жүз де алтыға.
...Қарттардың айтқан сөзі бар.
Бәйбішеден Әнестің,
Естек пенен Ноғай деп.
Естектен туған Жабалды,
Жабалдан туған Сейілді,
Сейілден туған Мағазды,
Қаза етпеген сол Мағаз,
Ораза мен намазды.
Сол Мағаздың баласы,
Ақшолпан мен Құрай-ды.
Құрайдан туған Аламан,
Аламаннан Сейілхан,
Ел халқына сыйлы хан.
Сейілханның ұлына,
Түрікмен деп ат тағылған.
Бұл түрікменнің үйіне,
Мейман келсе бағылған,
Ақ ниет адал бір сөзді.
Тілектері қабылдан,
Сегіз арыс түрікменнен,
Жақсы адамдар табылған» (Ыбырай Ақұн Құлбайұлы «Алтынды Орда қонған жер» Ақтөбе-1994. 10-11 беттер).
«Сейілхан баласы екен Аламанның
Жүретін жалғыз өзін көпке балап.
Түрікпен сегіз жүйе Сейілханнан
Жауынгер алған атақ жұртты қанап» (Ш. Жұбанұлының шежіресі. Хамит Маданов «Кіші жүз шежіресі». Алматы, 1994. 12 бет).
«Түбіміз бір түркі тілдес халық болсақ та, кейде өткен тарихымыз бірін-бірі толықтырып, араласып жатса да жер мәселесіне келгенде қазақтар да, түркімендер де талас-тартысты қыздырып, күшпен шешетін. Бір заманда түрікмен Сапар Бозда жырау Тәуекел ханға келіп,
Қазығұрттан тараған барша халық
Біздерді Түркеш, Ернеш, Оғыз дейді.
Кіндігін Қоңыраттың бөліп жарып,
Көтердің «Жеті Жарғыны» Берке Науан!
Ордаңнан Құт-Береке арылмасын.
Алашың жинала берсін түбін танып!
Танысаң Қоңыратпын Оғыз тілді
Панасызға парасатпен қорған болған.
Санасызға Нұр құйған Сіз бір жарық!
Оң аяқты қоңсымын керуен бастар,
Бахир Зарафқа қол ұшын бер оң қанатыңа алып! - деп жырлап, қызылбас-ирандықтарға қарсы соғыста көмек сұраған-ды. Уақытында берілген көмектің арқасында бірлескен қол жеңіске жеткен болатын» (Ә.Қ. Мұқтар т.ғ.д., профессор. «XVIIІ ғасырдың І жартысындағы қазақ-түркімен қарым-қатынасы». http://e-history.kz/kz/contents/view/1376).
Түрікпендер Манқыстаудан кеткен жеті жұрттың бірі ретінде Түмен Балтабасұлының «Маңғыстау» атты жырында аталады:
...«Бұл жерден кімдер кетіп, кім қалмаған?
Қара жер қаза жетсе кімді алмаған?
Қызылбас, Қытай, Қыпшақ, Қырым, Қырғыз,
Айладыр алтау болса, қалмақ жетеу – (Маңғыстау халқы түрікпендерді Айладыр деп атаған).
Ерлерден ертедегі қалынған жер» (Әзірбайжан Қонарбаев «Түмен Балтабасұлы» Алматы-2009. 22 бет). Өздеріңіз көріп отырғандай аттары аталған елдердің ешқайсысы Маңғыстауға жаулаушы болып келген ел емес, отау болып кеткен ел ретінде жырланады. Әйтпесе, олар Ер (батыр) деп дәріптелмеген болар еді. Мысалы, Алтын Орда мен Осман империясын күйреткен Темірді, мына көрші өзбектер Әмір, Көреген, Сақыпқыран деп үлкен құрметпен атаса, біздің аталарымыз оны ауыл, үйдің тентек баласы іспетті, жай ғана Ақсақ Темір деп атаған. Қазақта дені дұрыс, құрмет көрсететін адамының дене кемшілігін есіміне қосып атамайды. Әйтпесе, ежелгі қазақта дене кемшіліктері (соқыр, шолақ, бүкір т.т.) бар билеушілер (хандар мен қағандар) аз болмаған.
Өлкемізге белгілі тарихшы С.Қондыбайдың «Қараман Ата» атты еңбегінде «Қараман Ата 362 әулиенің бірі саналатын ескі қорым, бүгінде мемлекет қарауындағы мұражай, жерасты мешіті бар, қасиетті орын, өз ұлты Түрікпен болса керек» деген жолдар бар. Осы жолдарды басшылыққа алған кейбір тарихшылар Қараман атаны түркпендерге теліп жүр. Бұл қате тұжырым. Бұның шежіре дерегін «Қобыланды батыр» жырынан табамыз. Онда Қият руынан шыққан «Сейілдің ұлы Қараман батырдың» бейнесі сомдалған. Ал, Қиян (Қият) Шыңғыс хан шыққан рудың аты емес пе?
Түрікпен халқының шығу тегі де тура Қарақалпақ халқы сияқты. Айырмасы, Қарақалпақтар қазақтардан жақында ғана (1936 жылы) бөлінсе, түрікпендердің бөлінуі ежелгі замандарда болған. Қазақтар мен Түрікпендердің құрамында да бір рудың екіге бөлінген деректері көп. Айырмасы Түрікпеннің құрамында Қият руы жоқ, оның есесіне Қараман руы бар. Түрікпендер өз тегін Оғыздардан таратады.
Оғыздардың тегі Адай атаның тоғыз деген сандық атауын иемденген тоғызыншы буын ұрпағы, яғни жетінші немересі Тобыштардан тарайды.
«Түрікмен деген ел ескі түрік нәсілінен. Бұлардың арғы атасы туралы айтылған әр түрлі сөз көп, олай да болса көбінің қисыны баяғы Оғузханның нәсілінен болса керек. Түрікменнің басты рулары жетеу:
1. Шаудур һәм әмірлері. Бұлар 16-жүз жылдың ішінде қалған түрікменнің адалы деген таптан. Бұлар осы күнде Хиуаға қарайды. Бұлардың рулары – абдал, ёкдер, бозащы, есенлу, қарашаудыр, бұрыншық, шайых.
2. Басты ру – ямут. Бұлар Гургене өзенінде орыс, парсы, Хиуа үшеуіне үш бөлініп қарайды. Мұның рулары – атабайтана, жапарбай, шарифчоны, өгіржалы герей.
3. Үлкен табы – гоқлан. Бұлар Терек өзенінде, парсыға қарайды.
4. Үлкен табы – Теке. Бұл Закаспий облысында ахал, теке, Мерв жерінің аты. Ахал текенің рулары – көкше, салық, ясман, меріш, қоңыр һәм ұсақтары бар. Мәру текенің рулары – тоқтамыш, өтеміш. Тоқтамыштан – бек, уәкіл. Көкшенің рулары – қан, қоңыр, аквекил, қаравекил. Өтеміш рулары – Сичамаз, бахшы.
5. Үлкен табы – сарық. Мархаба ортасында тұрады. Қазіргі оның рулары – қаңлыбаш, харасаны, галишах, сохты, байраш.
6. Үлкен табы – салор. Бұл Оғузханның немересі. Мұның рулары – яалауаш, қараман, анабилегі.
7. Үлкен табы – Ерсары. Амударияда, Чаржау маңында, оның руы – бордалық, керкі.
Закаспий ескі облыстың 1890 жылғы обзорында «түрікмен – Оғ<