ҚР Білім және ғылым министрлігінің бекіткен бұйрығы бойынша елімізде биыл «Болашақ» халықаралық стипендиясын алуға үміткерлерден құжаттар қабылдау 3 наурыздан 30 мамырға дейін, 30 маусымнан 31 шілдеге дейін, 1 қыркүйектен 31 қазанға дейін жүргізіледі.
Сондай-ақ, бұйрыққа сәйкес стипендия беру жөніндегі конкурс 2014 жылы 1 мамырдан бастап, 2015 жылғы 31 қаңтарға дейін өткізіледі. Аталған құжатта 2014 жылғы халықаралық «Болашақ» стипендиясының жеңімпаздарын тілдік курстар бойынша оқыту ұсынылатын алдыңғы қатарлы шетелдік ЖОО, шетелдік ұйымдардың тізімі беріліп, «Болашақ» стипендиясы шеңберінде шетелде оқуға арналған туыс мамандықтар тізімі бекітілген. Айта кетейік, «Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə.Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен құрылған. Бағдарлама аясында белді шетелдік жоғары оқу орындарында отандық кадрлар даярлықтан өтеді. 1993 жылдан бастап 2013 жылға дейін жиырма жылдың ішінде «Болашақ» халықаралық стипендиясы әлемнің 33 еліндегі 200 үздік жоғары оқу орнында оқу үшін 10025 қазақстандыққа тағайындалған. Ал, биыл 2014 жылы 1100 "Болашақ" стипнедиясы бөлінеді.
Baq.kz