Өткен апта депутаттар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына мерізімінен бұрын Парламент және мәслихат сайлауын өткізу туралы үндеу жолдаған болатын. Міне, осы үндеуге байланысты «Қазақстан» мен «Хабар» телеарналары бастаған БАҚ қарқынды түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл бір жағынан алып қарасақ дұрыс та шығар. Алайда, бұқаралық ақпарат құралдарының ұстанымы бір-біріне қарама-қайшы болып жатқанын түсіне алмадық.
Біздің билік қоғамдық пікірмен санасатындай кейіп танытып белгілі бір саяси науқанға байланысты ел-жұрттың пікірін білуге тырсады. Алайда, бұл әдістің ешқандай шынайылыққа негізділмегенін көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар біліп отыр. Әйтсе де, соған қарамастан Үкімет қаржыландыратын «Қазақстан» мен «Хабар» телеарнасы бастаған әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдары үгіт-насихатты арттырмаса азайтар емес. Ал, осы үгіт-насихатқа мұқият зер салып, үңіліп қарасаңыз көптеген сұрақтар кесе көлденеңдеп алдыңыздан шығады.
Айталық, телеарна «Жаһандық қаржы дағдарысына байланысты депутаттар жаңадан жасақтаулы керек» дейді. Алайда іле-шала «мәжілісімендер өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз атқарып шықты» деп қортындылайды. Егер де депутаттар өз міндетін абыроймен атқарып отырса, онда кезектен тыс сайлау өткізудің қаншалықты қажеті бар? Ендеше қазірігі депутаттардың көңілін күпті етпей, жылдың соңына дейін жұмыс жасауына мүмкіндік берейік. Ақыры олар ешнәрсені қарық қылып жатқан жоқ қой.
Сондай-ақ, «Мәжіліс сайлауынан кейін қаржылық дағдарысты оңай еңсереміз» деген сөзге кім кепілдік береді? Өйткені, аталған сайлаудан кейін бұрынғы депуттаттардың 85-90 пайызы өз орнына қайтып оралады. Ал жаңадан келген 10-15 депутат Парламентте қандай өзгеріс жасайды? Ешқандай. «Жаңарған» парламентке биліктің айтқанынан шықпайтын «Ауыл» сияқты партиялардың бірі өтуі мүмкін. Мұны биылғы сайлаудың ең басты «жаңалығы» деп есептейік. Алайда, бұл жаңалық қаржылық қиындықты оңай еңсеріп, экономикалық әлеуетімізді артыруға жетпейді ғой.
Енді осыны біле тұра бұқаралық ақпарат құралдарында әртүрлі азаматтардың пікірі беріліп жатыр. Мәселен мемлекет және қоғам қайраткері
Мырзатай Жолдасбеков қазіргі депутаттарға алғысын білдіре отырып, бізге жаңа Парламент керек деген екен. Сондай-ақ, ғалым Парламенттің құрамы жастардан болса деген ізгі ниетін жеткізіпті. Алайда, Мырзатай Жолдасбековтың айтты екен деп Парламентке жастарды отырғызайын деп отырған ешкім жоқ. Өйткені, біздің Парламент Сенаты мен Мәжілісі әлдеқашан «қарттар үйіне» айналып кеткен. Ал «қарттар үйінің» қатал заңы жастарды өз ұстанымын білдіріп, қатқыл мәлімдеме жасауына мүмкіндік бермейді.
Қош, сонымен бұқаралық ақпарат құралдарына назар аударсақ кезектен тыс Мәжіліс сайлауы елімізде қызу талқыланып жатқан сияқты. Бұған анау айтқандай сеңгің келмеседе сендік делік. Өйткені, қандайда бір халық өз болашағына өзі бейқам қарамайтын шығар деп үміттенесің. Алайда шет елдік сарапшылардың Қазақ елінде өтуі тиіс сайлауды құптап, «өте орынды бастама» деп пікір білдіруі қаншалықты қисынды. Мәселен, белгілі саясаттанушы Айдос Сарым мен Расул Жұмалыдан Пәкістан немесе Үндістанның журналистері келіп «Бізде өтетін сайлауға байланысты не айтасыз?» деп пікір сұрай ма? Сұрамайды ғой.
Себебі, аталған мемлекеттің ішкі саяси жағдайы туралы қазақ саясаттанушылары білмеуі мүмкін. Біле қалған күннің өзінде біздің саясаттанушыларды Үндістан мен Пәкістанның ішкі жағдайы алаңдатпаса керек еді. Ал біз болсақ бүкіл әлем Қазақ еліне көз тігіп отырғандай жат жұрттың сарапшыларының аузымен сайлау туралы ертегі айтқызамыз. Ал ол ертегі қисынды болса бір жөн ғой. Мәселен, малайзиялық сарапшы «жаһандық дағдарыс кезінде мерзімінен бұрын сайлау өткізу – ұтымды бастама» дейді. Сондай-ақ, ол өз ойын дағдарыс кезеңінде Мәжіліс пен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау қыруар қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді деп түйіндепті. Өзіңіз ойлап қараңызшы Малайзияда өтуі тиіс сайлауға байланысты «қаржы үнемделеді» деп қабырғаңыз қайысады ма? Қайыспайды ғой. Ендеше неге ертегіні дұрыстап айтпаймыз?
Соңғы жылдары елімізде қандай да бір саяси науқан басталса, оған міндетті түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болды. Бұл бір жағынан жақсы да шығар. Өйткені қоғамдық пікірмен санасып отыру демокртиялық мемлекеттік бірден бір белгісі болып есептеледі. Алайда, билікке тиесілі ақпарат құралдарында Мәжіліс сайлауының кезектен тыс өтуіне қарсылық білдірген бірде-бір азаматтың пікірі берілмеді. Сондай-ақ, білікті сарапшылар «бұл сайлаудың қарапайым халық үшін ешқандай пайдасы жоқ, босқа өтіп жатыр» деген пікірде. Міне, осы сияқты көптеген түйткілді мәселелер назардан тыс қалды. Ендеше биліктің қоғамдық пікірмен санасатындай кейіп танытуы кімге керек?
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана
Пікір қалдыру