«Алматы қаласында немере ағасы інісіне адамның аузы бармайтын хайуани зорлық жасап келген». Егер бұл жайт рас болса және осы оқиғаны жазып отырған сайттардың дерегіне сүйенсек, мәселенің мән-жайы төмендегідей көрінеді.
Әкелері дүние салған үш баланы – екі қыз, бір ұлды қайтыс болған азаматтың ағасы опекундыққа, яғни қамқорлығына алады. Үш бала қамқорлыққа алынған үйде тұрып, өсіп жатады. Осы күндердің бірінде үш баланың кішісіне – 11 жастағы ұлға немере ағасы үнемі қиянат жасауды әдетке айналдырады. Қиянат жасағанда ұрып-соқпайды – төсекке тартады. Бұл сұмдықты бала қамқорлығына алған әкесіне айтып көрсе, ол мұның өзіне дүрсе қоя беріп қорқытады. Бала сыртта жүріп келсе, телефонын тексеріп, телефонының дауыс жазып алатын аппартын ақтарып отырады. Ал немере ағасы болса, інісіне «егер сен менің ісімді біреу-міреуге айтар болсаң тірідей жерге көмемін» деп зәресін ұшырады. Бала бұл қорлықты үш жыл көреді. Ақырында қорлыққа төзе алмай полиция қызметіне жүгінеді. Полицияға бармас бұрын ол үш баланың үлкені – бұл кездері тұрмысқа шыққан әпкесіне барып шағынады. Әпкесі жетелеп баланы полиция басқармасына әкеледі. Полиция қызметкерлері басында әпкелі-інілі қос жетімектің арыз-шағымын ысырып тастағанға ұқсайды. Іске белгілі бір адвокат араласқаннан кейін ғана баланың тағдырына мән беріле бастапты.
Асығыс ақпарат тарататын сайттар мен көрермен аудиториясын селт еткізер сенсациямен ұстап тұруға ұмтылатын телеарналар осылай деп жатыр. Жоғарыдағы жайт расымен сұмдық! Бірақ ол шынымен де сол солай ма екен?.. Өйткені бізге жеткен кейбір деректер мәселеге басқаша қарауға жетелейді.
Алдымен алғашқы сұрақ? Үш баланың әкесі өлсе, шешесі қайда? Сайттар «сен бұл балаларды бағып жеткізе алмайсың» деп» үшеуін опекундыққа алған отбасы оларды анасынан ажыратып алыпты» дейді. Бұл – мүлде жаңсақ ақпарат. Біздегі дереккөзі үш баланы анасы тастап кеткенін айтады және оған нақты мәліметтер келтіреді. Сосын, әкесіз қалған үшеуді жаңа отбасы опекундыққа емес, қазақы жолымен бауырына басып, асырап алған. Өйткені дүниеден қайтқан жігіттің ағасы – әкесіз қалған үш баланың үлкен әкесі. Қазақы әулеттік дәстүр – бұл. Балаларды бауырына басып алған әке Үкіметтен жәрдемақы сұрамайды, жетімдерді бағып отырмын деп ешкімге міндетін артпайды. Мұны «бір» деп қойыңыз. Екіншіден, балаларға ата-ана болып отырған отбасында әлгіндей зорлық-зомбылықтың болуы мүмкін бе? 11 жастағы баланы немере ағасы төсекке тартып зорлайды екен, соны біле тұра үйдің отағасы күнде қиянат көріп, жаны күйзеліп жүрген баланы қорғаудың орнына өзінің туған ұлының әрекетін қолдағандай болады. Шамасы, бұл отбасында адамдар емес, қандай да бір сексманияктар, зомбилер тұратын болса керек. Анығында немере інісіне «зорлық жасап» жүрген ағаның да баласы бар болып шықты. Және ол бала «немере ағам мені төсекке тартады, түн ішінде келіп зорлайды» деп, полицияға шағым түсірген баламен түйдей жасты екен әрі екеуі бір бөлмеде, қатар салынған төсекте жатады екен. Сонда баласы ұйықтап жатқан бөлмеге кіріп әкесі баласындай баланың үстіне келіп артыла ма? Немесе жыныстық қатынастың басқа түрін жасай ма? Бұл не қылған азғындық? Қайдан шыққан азғындық? Әлде әлгі сайттардың түртпектеп отырып айтпағы, «міне, қазақ осындай азып-тозған халық» дегенге сая ма? Түсінбедік.
Үш баланы ыстық бауырына басқан ана бар. Ол осы күні аңырап, көкірегі қарс айрылып отыр. Оның сөзін, тіпті оның бар-жоғын елең қылып жатқан ешкім жоқ. Ол бейбақты да бір уақ тыңдауға болар еді ғой. Алайда бір жақты ақпарат тартып қойып, хайп қуып отыратындарға оның үні, зары керек емес.
«Бала зорлағыш» немере аға қайда жүр? Оны неге полиция тергеп-тексермейді? Бәлкім ол психологиялық ауытқуы бар ауру адам шығар? Медициналық сынама алынды ма? Зорланған баланың тәнінде жарақат бар ма? «Алматыда мектеп оқушысы зорланды» деп айқай салып отырған сайттар осы және өзге де сұрақтарға жауап іздей отырып мақала жазса, жөн болар еді. Әзірге біз олардан ондай объективтілікті көріп отырған жоқпыз. Бірақ біресе басына қап кигізіп видеоға түсіріп, біресе қолымен бетін көлегейлеп көрсетпеген болып «зорланған баланы» олар да «зорлап» жатыр. Мәселенің анық-қанығына жетпей ұшқары түрде жарияланып жатқан бұл ақпараттар баланың құқығын қорғап емес, қорлап жатыр, оған психологиялық қысымды арттырып және барлық жасөспірімдердің өмірін үрейге толтыруда.
Біздің қоғам құқық қорғау органдарын қашанда кінәлай жөнелуге дайын тұрады. Баланың ісіне араласқан адвокат та, баланың тағдырына жаны ашығансып отырған сайттар мен телеарана да полиция мен прокуратураның үстіне әкеліп барлық былықты үйіп тастады. Бұл жерде де қисын мен шындық шамалы. Өйткені анық қылмыстың белгісі байқаласа, оның бетін жылы жауып қоя салуға болмайтынын полиция да, прокуратура да жақсы біледі. Ал олар істің мән-жайын біліп отыр, сондықтан да жарияға жар салмай отыр. Алайда ашушаң адвокат пен баспасөздің ықпалы құқыққорғау органдарын «бала зорлағыш» немере ағаның үстінен қылымыстық іс қозғауға итермелеген көрінеді. Мұның соңы немере ағаның істі болып, сотталып кетуіне жетсе, біз оған таңғалмаймыз. Әрине, немере ағаның жеке басы толық тергеп, тексерілуі керек. Егер ол сондай хайуандық әрекетке барған болса, жазасын да алуы керек.
P.S. Біздің білуімізше, айрандай ұйып отырған отбасының тірлігіне бөтен біреулер араласып, алатайдай бүлдіріп жатқан көрінеді. Жоғарыдағы шу-шұрқан содан шығып жатыр-мыс. Оны да реті келген кезде оқырманға жеткізетін боламыз.
Пікір қалдыру