Классик жазушы, белгілі драматург, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековті ақтық сапарға шығарып салу рәсімінен соң, марқұмның рухына арнап Алматы қаласындағы Қабылдау үйінде Жазушылар Одағы басқармасының ұйымдастыруымен ас берілді.
Алдымен Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов ақ батасын берді. Марқұмның рухына арналған асты Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов ашып, жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы толғана айтып берді.
«Қазақ әдебиетін Дулат Исабековсіз елестету мүмкін емес. Қолынан қаламы түскенше тек қазақ әдебиетіне еңбек сіңірді. Біз өз ұлыларымызды ұлықтаған, қадірлеген халықпыз. Бүкіл Қазақстан қазір қара жамылып отыр», деді Мереке Құлкенов.
Асқа Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин мен Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев арнайы келіп, қатысты.
Сонымен қатар жазушы Кәдірбек Сегізбаев, ақын Ханбибі Есенғараева, жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай, Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтар сөз сөйледі.
Одан бөлек, Шығыс Қазақстан облысы, Батыс Қазақстан облысы, Қызылорда, Шымкент, Тараз облыстарынан арнайы делегация келіп, көңіл айтты.
Ал Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлованың, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының көңіл айту хаттары оқылды.
P.S. Марқұмның денесі Алматы қаласында орналасқан қоғам қайраткерлері мен танымал тұлғаларына арналған Кеңсай зиратына жерленді.
Пікір қалдыру