Баршамызға белгілі, "Қазақстан" ұлттық арнасындағы "Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев" атты Нұрлан Қоянбаевтың авторлық жобасы көпшіліктің ыстық ілтипатына ие болуда. Соңғы уақытта еліміздің белгілі өнер адамдары былай тұрсын, тіпті шетелден де қонақтар шақырылып жүр. Күні кеше Ананди келінді шақырып, қазақ атырабын дүр сілкіндірді. "Түнгі студия" Қазақ көрермендерінің күтіп жүріп көретін сүйікті бағдарламасына айналып үлгерді.
Ал, жақында сатира майталманы Тұрсынбек Қабатов та өзінің төлтума жобасын бәйгеге қосатын сыңайлы. «КТК-да Қабатов!» атты жаңа авторлық жобаны жүзеге асыруға білек сыбана кірісіпті. "КТК" арнасының ресми сайтында: " Қабатов күлдірмеген қазақ жоқ. Ауылдан бір ауыз орысша білмей келген Тұрсынбек әзілімен, тіпті, бүкіл Ресейді тәнті етті. Қылығымен-ақ ішек-сілені қатырған әзілқой енді бұдан былай өзінің жеке бағдарламасын жүргізетін болады. Өзі әнші, өзі биші, өзі тележүргізуші Тұрсынбектің теңдессіз телешоуы осы жексенбіден бастап эфирге шыға бастайды" - деп жазыпты.
Ал, Қабатовтың өзі: -Бұның ішінде жаңағы сценарий, жазылып отырған әзіл, тек әншілердің әндері ғана өздерінікі болса, қалған сұхбат, диалогтар, сахнада қойылып отырған көріністердің барлығын қолдан келгенше жазып жатырмыз. Бұған дейін көптеген шоуларға қатысып жүрдік қой, ол жерде жүргізуші рөлін атқарып жүретінбіз, енді осы жолы жаңадан бір жоба бастағалы жатырмыз"- деген екен.
Бұл жобаның ерекшелігі: «КТК-да Қабатов!» деп аталған телешоуда әзіл-қалжыңның бәрінің авторы Тұрсынбек Қабатов. Жүргізушілердің барлығы дерлік, КВН ойыншыларынан іріктеліп алынған. Тапқырлар күлдіріп қана қоймай, арнайы қойылымдар да жасайды. Қабатовқа қонақ боламын деушілерге есік ашық! Тек қазақтың мақал-мәтелдерін білсеңіз болғаны. Біліміңізді Тұрсынбектің өзі тексереді. Бағдарлама наурыздың 9-нан бастап, әр жексенбі сайын эфирге шығатын болады.
Ал, екі арнадағы екі қызықты бағдарлама қазақ көрермендеріне көтеріңкі көңіл күй сыйласын!