06 Қазан, 2023 Барлық аймақтар
8 миллион теңге. Алаяқтар үшін Jusan bank жұмаққа айналды
Алаяқ зейнеткердің атынан Jusan Bank-тен 4,5 млн теңге несие рәсімдеген екен.
Сурет ғаламтор желісінен алынды
Кеше ғана алаяқтықтың жаңа түрін естіп, шошынып қалдық. Бұл туралы журналист Сабина Қазақбекова «әкемнің атынан алаяқ Жусан банктен 4,5 миллион несие алып, алдап кетті», деп дабыл қақты.
Сабинаның айтуынша, әкесі ара-тұра «Яндекс таксимен» табыс табады. 1957 жылғы. Үш күн бұрын бір жолаушы таксиге отырып, ақысын төлейтін кезде «Аға, каспиіңізге ақша аударылмай жатыр, телефоныңызды бере тұрыңызшы» деп, телефонын сұрап алған. Әкесінің ойында түк жоқ, бере салған. Жаман ойы жоқ, ақкөңіл, аңғал адам ғой.
Әлгі алаяқ телефонды алып, лезде «Жусан» банктің мобильді қосымшасын орнатып, аккаунт ашып, әкесінің атынан несие рәсімдеп жіберген. Онымен қоймай, «аға, сіздің суретіңізді сұрап жатыр» деп суретке түсіріп, биометриясын алған.
– Сөйтіп, әлгі алаяқ әкемнің атынан «Жусан банктен» 4,5 миллион теңгеге несие рәсімдеп алды. Менің түсінбейтінім, 70 жасты алқымдаған кісіге «Жусан банк» қалайша 4,5 миллион теңгенің кредитін оп-оңай бере салды? Былтыр 60-тан асқан апама «жасыңыз асып кеткен» деп, 500 мың теңгеден артық бермей қойған. Оның өзін рәсімдеу үшін жарты күн уақытымыз кеткен, дейді Сабина.
Жалпы, мұндай жағдай кейінгі кезде көп адамның басынан өткен көрінеді. Qamshy.kz «Жусан банкке» хабарласып, онлайн кредитке байланысты сауалнама тастаған болатын. Олар берген мәлімет бойынша, бұл банк кепілсіз және кез келген мақсатқа 8 млн теңгеге дейін кредитті онлайн береді. 18 жастан асқан Қазақстан азаматы осы сомаға дейін несие рәсімдей алады. Жас шектеуі жоқ! Зейнеткерлерге де несие бере береді екен. Несие алушының табыс көзі, басқа да мәліметтері қаралмайды, жеке куәлік немесе төлқұжаттағы ақпаратты толтырып, камераға суретке түссең болды.
Ал жәбірленушінің оқиғасына оралсақ, «алаяқ рәсімдеген кредитті қолына қалай алды?», деген сұрақ туындады.
– Әкеме алаяқ «мені бірнеше мекенжайға апарыңыз» деп, бірнеше банкоматтан ақшаны бөліп шығарып алыпты. Бірінші күні 1 млн шығарған. Ертесінде «аға, мен кәсіппен айналысатын едім, жүргізуші керек болып тұр», деп шақыртады. Ол күні тағы да миллион теңгесін шығарып алады. Басқа микрокредиттік ұйымдардан да ақша алады. Әкемнен ылғи телефон сұраған. Ол бере берген. Кейіннен әкем сезіктеніп, анықтағанда, өзінің алаяққа алданғанын біледі. Ішкі істер бөліміне барса, әлгіміз атақты ұры екен. Енді заңгер жалдауымызға тура келеді, дейді жәбірленушінің қызы.
Ең қызығы, қария алданғанын әлі білмей жүр десе керек, алаяқ тағы хабарласады. Қалған соманы да алғысы келген секілді.
– Содан әкем ағаммен барып, бір «оперді» шақыртып, ұстап берді. Алаяқтың өзі хабарласып, шақырғанын көзімен көрген «опер» оны ДВД-ға апарды. Бірақ прокурордың санкциясы жоқ деп, жібере салыпты. Полиция департаменті өте сылбыр қимылдап жатыр. Әлгі алаяққа қанша адамнан арыз түссе де, ол бостандықта әлі жүр. Әлі қанша адамды алдайтынын кім білсін, дейді Сабина.
Қария онлайн несиені оп-оңай рәсімдеу салдарынан алаяққа бір ұрынса, енді полицейлердің шарасыздығынан тағы күйінуде.
Онлайн несиені еліміздегі ірі банктердің бірі Jusan Bank оп-оңай кез келгенге бере берсе, қалған майда микрокредиттерден не сұраймыз?
Әйтеуір, алданған халық. Ішкі істер бөлімінің түрі анау. Кімге сенеміз?
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір