Балуан Шолақтың ескерткішін орнату қажет

/uploads/thumbnail/20170708151357104_small.jpg

Мәжілісте Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Қожахан Жабағиев Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі Серік Ахметовке депутаттық сауал жолдады.

«Үстіміздегі жылы қазақтың халық композиторы, дала циркінің негізін қалаушы, ұлттық ат спортының түрлі тәсілін жаңғыртушы өнерпаз, жауырыны жерге тимеген алып күш атасының иесі Балуан Шолақ (шын аты Нұрмағамбет) Баймырзаұлының дүниеге келгеніне – 150 жыл.

Балуан Шолақ – заманында қазақ ән өнерінің тамаша орындаушысы, насихатшысы бола жүріп, өзі де ән шығарып, қазақтың әншілік өнерін өркендетуге үлкен үлес қосқан композитор. Балуан Шолақтың жиырмаға жуық әні болғанымен, бүгінгі күнде олардың халық арасында насихатталуы төмен. Ақындық қыры мүлде зертелмеген.

Тіпті, Балуан Шолақтың өмірбаяны жөнінде де зерттеулер әлі күнге нақтыланбаған. Қазақ руханияты ғана емес, мәдениетінің де қалыптасуында зор орны бар тұлғаның дүниеге келген жері мен қайтыс болған жылына қатысты әртүрлі деректерді айтып жүрміз.

Сондай-ақ, Балуан бабамыздың өз ұлты үшін жасаған күрескерлік қайраткерлігін қазіргі ұрпақтың біле бермейтіні қынжылтады. Өйткені, Балуан Шолақтың ұлт-азаттық көтерілісіндегі орны да анықталмаған. Ол туралы ұлтымыздың көрнекті жазушысы Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесінде және белгiлi жазушы, драматург Дулат Исабековтің "Жаужүрек" атты туындысында айтылғанымен, мұны жеткіліксіз деп есептейміз. Сондықтан, әлі де ашылмаған қырлары көп даңқты балуан, әнші, ақын, халық композиторы Балуан Шолақтың 150 жылдығында осы олқылықтардың орны түгел толықтырылады деген үмітіміз бар. Ұлт тарихы үшін қымбат әрі қайталанбас ірі тұлға Балуан Шолақтың өмірбаянын, шығармашылығын толық зерттеп, лайықты бағасын беру – Елбасының халыққа арнаған Жолдауында көрсетілген жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мен дамытуда үлкен рөл атқаратыны сөзсіз.

Құрметті Серік Нығметұлы!

Үкіметтің 1999 жылғы 28 қыркүйектегі «Мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелу туралы» қаулысына сәйкес Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) Баймырзаұлының 150 жылдығына орай төмендегі іс-шаралардың орындалуына ықпал етуіңізді сұраймыз.

  1. Алматы қаласындағы Балуан Шолақ спорт және мәдениет сарайының алдына Балуан Шолақтың ескерткішін орнату.
  2. Ақмола мен Жамбыл облыстарында Балуан Шолақтың мерейтойына орай іс-шаралар өткізу.
  3. Астана немесе Алматы қалаларында Балуан Шолақтың өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастыру.
  4. Қайраткер тұлға туралы көркем және деректі фильм түсіріп, республикалық телеарналардан беру.

Көтерілген мәселеге белгіленген тәртіппен жазбаша жауап беруізді сұраймыз.

26.02.2014

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар