«Уральская неделя» басылымының хабарлауынша, Халықаралық әйелдер мейрамынан соң Батыс Қазақстан облысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сапарлап бармақ. Басылымның айтуынша, бұл жаңалық облыс басшылығы үшін «күтпеген жағдай» болып отырғаны және бар.
Мерекеденн соң Оралға аяқ астынан жетіп баратын елбасы облыс басшысын орнынан алады екен. Облыс басшысы Нұрлан Ноғаевтың лауазымынан алынып, Атырау облысына әкім болып баратыны туралы әңгіме өңірде желдей есуде. Бұған Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамедовтың «Нұр Отан» тізімі бойынша депутаттықтан үміткер екендігі және оның соңғы халыққа есеп беру кездесуінде бұл лауазымда ұзақ отырмайтынын ашық айтуы да себеп болып отырған сыңайлы.
Атырау басшылығына кететін Н. Ноғаевтың орнына кім келетінін де аймақтағы сәуегейлер өздерінше болжап жатқан көрінеді. БҚО басшылығына басты үміткердің бірі Халық ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов болса, екінші үміткер Ноғаевтың бұрынғы бірінші орынбасары, бүгінде Президент Әкімшілігінде қызмет істейтін Серік Шәпкенов көрінеді.
Ералы Тоғжановты облыс әкімдігіне ұсынушылар облыста Ассамблея отырысы өтеді деген жоспарға сүйенетін секілді. Бұл болжамды негізсіз деп айтуға және болмайды. Ералы Тоғжанов 2008 жылдан бері Ассамблея басшылығында отыр. Сегіз жыл бойы бір орында отырған Тоғжановтың әкімдіктен дәмесі жоқ дей алмайсыз. Бұл қызмет оған және жат емес. Оның 2001-2006 жылдар аралығында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болғаны бар. Ассамблея саяси ұйым статусын иеленгелі де бірнеше сайлау өтті. Тоғжанов осы сайлау науқандарын ұйымдастыру жұмысында да бейтарап қалды деуге келмейді. Президентке Елбасы мәртебесін заңмен бекіту, мерзімінен бұрын сайлаулар өткізу сынды көптеген саяси бастамаларға осы Ассамблея ұйытқы болғаны белгілі. Осы «еңбегі» үшін Президент Тоғжановқа әкім тағын ұсынуы әбден мүмкін.
Пікір қалдыру