Бүгін жалғасқан экс-премьер Серік Ахметовтың апелляциялық сотында айыптаушылар алғашқы сот инстанциясының үкімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Информбюроға сілтеме жасап.
Апелляциялық сотта барлығы 12 айыпталушының шағымы қаралуда. Бүгін түскі сағат үште басталған сот отырысында прокурорлар шағым бойынша қорытындыны оқыды. Бұл қорытынды кеше оқылуы тиіс болған. Алайда, айыпталушылардың адвокаттары жасаған мәлімдемелерге байланысты бүгінге қалдырылған еді.
Прокурорлар айыпталушының келтірілген шығын сомасын қайтарғанына қарамастан Ахметов пен басқа да айыпталушылардың жазасын өзгеріссіз қалдыруды сұрады.
«Үкім өзгеріссіз, қорғаушылардың апелляциялық шағымы қанағаттындырусыз қалдырылсын. Үкімді өзгертуге себеп болатын қылмыстық-процессуалдық кодексті бұзу белгілері анықталмады. Айыпталушылардың кінәлары дәлелденді. Айыпталушылар мен қорғаушылардың пікірлері алғашқы сот инстанцияясында тыңдалып, зерделенді және жеткіліксіз деп танылды», - дейді мемлекеттік айыптаушы тарап.
Сондай-ақ, прокурорлар үкімнен екі сотталушы – Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасары Айдар Телғарин мен «Сарыарқа» ӘКК» ұлттық компаниясының бұрынғы департамент басшысы Ерлан Қисықовтың мүлкін тәркілеуді алып тастауды сұрады.
Апелляциялық алқа 14 наурыз күні аталған іс бойынша қаулы қабылдайтыны белгілі болды.
Естеріңізге салсақ, Қазақстанның бұрынғы Премьер-министрі С. Ахметов 10 жылға бас бостандығынан айрылып, сот мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарған еді. Ахметовтен басқа Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев, Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов, тағы бірнеше лауазымды тұлға кінәлі деп танылып, түрлі мерзімдегі жазаға тартылды.
Апелляциялық алқа отырысының алдында С. Ахметовтың туыстары мен достары қылмыстық әрекеттер салдарынан келтірілді деген шығын – 2,2 млрд теңгені қайтарғаны белгілі болды.
Пікір қалдыру