«Тоқал» демеңіз, «Кіші жар» деңіз

/uploads/thumbnail/20170708230413809_small.jpg

Әлеуметтік желіде тоқал мәселесі жиі-жиі сөз болуда. Мысалы, «ОҚО-да әкімнің баспасөз хатшысы күйеуіне тоқал іздеп, жұртшылықтың жағасын ұстатты», «Роза Әлқожа күйеуіне тоқал алуға рұқсат берді», «Мұхтархан Ділдәбековтың тоқалы Албина ОҚО білім басқармасының бастығы қызметінен босатылды» деген хабарларды оқыдық. Басқа да талқылауларда бәрі де бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, таңдайлары «тоқал, тоқал»деп тақылдайды. 
Бұрын өзге де мұсылман елдеріндегідей қазақ ерлерінің бірнеше әйелдері болған. Олардың үлкенін бәйбіше, кішісін « кіші жар» деп атаған. Оған құда түсуге барғанда қыздың әке-шешесіне «қызыңызды тоқалдыққа сұрай келдік» деп анайы сөз айтпаған, «кішілікке сұрай келдік» деп, сыпайылап мәдениетті тілде айтқан. Тоқал деген сөзді қызғаншақ бәйбішелер мен қалжақбас қайнылары шығарған. Ол заманның зиялы азаматтары мен көргенді қариялары тоқал, деп кішіжарды кемсітпеген. Кіші жарды тоқал деу көргенсіздік саналған. Мысалы, Әйгерімді Абайдың тоқалы деп оның аяулы бейнесіне көлеңке түсірдік пе? Жоқ. Ал енді мына заманда, мәдениетті деп саналатын заманда тоқал, тоқал, деп қақылдайтын болыппыз. Бүкіл баспасөзде, әлеуметтік желілерде солай деп шуылдауын қоймайды. Бұл неткен көргенсіздік десейші! 

Қазір екінші әйел алу заңдастырылмаса да, тыйым салынбайды. Сол себепті мешітке барып, некеге отырып, бәйбішелерінің келісімімен кіші жар алған ерлер жүздеп, мыңдап саналады. Бір ғана мысал келтірейік. Сидней олимпиадасының бокстан күміс жүлдегері атақты батырымыз Мұхтархан Ділдәбеков тұрмыста да батылдық жасап, Оңтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының бастығы Албинаға Шымкенттегі «Манчестер» мейрамханасында дүрілдетіп той жасап үйленді. Сол тойда кішіжардың басына орамалды бәйбішесінің өзі салған. Міне нағыз қазақы мәрттік деп осыны айтсақ керек. Ешкім де мұны сорақы көріп жағасын ұстаған жоқ.
Ал мынау әлеуметтік желіден алған мақала тақырыбында Гауһардың өз күйеуіне кішіжар іздегенін сұмдық көріп, жұрттың жағасын ұстатты деп жазыпты. Бұрын бәйбішелер күйеулеріне кіші жарды өздері іздеп таңдаған. Өйткені екеуінің сыйласып, тату өмір сүрулері үшін солай ету қажет болған. Гауһар, тіпті, кастинг жариялапты. Өте дұрыс істеген. Және өте ақылды сөздер айтыпты. 
Сөз соңында айтарым, журналист әріптестерім, басқа да қолына қалам ұстаған тілшілер, газет редакторлары, желідегі достар, тоқал-тоқал, деп жазып, кішіжарларды кемсіткен, қорлаған көргенсіздікті қойыңыздар. Мен бұл тақырыпты республикамызда сонау 1990 жылы «Ана тілі» газетінде бірінші көтерген адаммын. Содан бері «кішіжар» атауын талмай айтып, насихаттап келемін. Ақпақұлақ болмасаңдар құлақтарыңа сіңетін кез болды емес пе.

Жұма-Назар Сомжүректің Фейсбуктегі парақшасынан алынды

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар