Бүгін түнде Ресейде болған ұшақ апатының лаңкестікпен байланысы жоқтығы айтылуда, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы РИА Новости – ге сілтеме жасап.
РФ тергеу комитеті Дондағы Ростовта құлаған «Боинг-737-800» ұшағының апатына себеп болуы мүмкін жағдайларды атады. Әзірге Ресей тарабы ұшақтағы техникалық ақаулар, күн райының қолайсыздығы мен ұшақ экипажының қателігін ықтимал себептер ретінде айтып отыр.
«Апаттың түрлі себептері қарастырылуда. Олардың ішінде экипаж мүшелерінің қателігі, ұшақтың техникалық ақауы немесе күн райының қолайсыздығы, тағы басқа жағдайлар ұшақтың құлауына себеп болуы мүмкін. Осы апат бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде», - дейді РФ Тергеу комитетінің ресми өкілі Владимир Маркин.
Қазіргі уақытта апат орнынан ұшақтың екі бірдей «қара жәшігі» табылған. Апатты зерттеу жұмыстарына БАӘ, АҚШ және Франция сарапшылары да жұмылдырылмақ. Жексенбі күні Ростов облысында осы апатқа орай қаралы күн жарияланады.
Естеріңізге салсақ, бүгін Астана уақытымен 06.50-де Дондағы Ростов әуежайына қону сәтінде Flydubai әуе компаниясына тиесілі Boeing 737-800 жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ бортындағы 61 адам түгел қаза тапқан.
Пікір қалдыру