САЙЛАУ – 2016: БАЯҒЫ ЖАРТАС – СОЛ ЖАРТАС (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170708230656467_small.jpg

Бүгін елімізде кезектен тыс Парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы өтуде. Барлығы 9 млн 791 мың 165 қазақстандық сайлауға қатысу құқығына ие екені бұған дейін баспасөзде хабарланды. Мәжіліс сайлауына алты саяси партия қатысуға өтініш берсе, түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттығына 10825 үміткер тіркелген.

Таң сәріден ашылған сайлау учаскелерінде дауыс берушілер қарқыны түске дейін өте жоғары деңгейде болған. Орталық сайлау комиссиясы түстен кейін, сағат 16.00-де сайлаушылардың 71 пайызы өз таңдауларын жасап үлгергені хабарланды. Саяси ұйымдар мен кандидаттардың, ресми орындардың тарапынан сайлау барысына қатысты, ондағы заң бұзушылықтар туралы ресми мәлімдеме жасалмағанымен, сайлау учаскелеріне бас сұққан журналистер мен қарапайым азаматтар әлеуметтік желіде саяси шараның заңсыздықтардан ада еместігін жазуда.

Бұл деректерге қатысты Бас прокуратура өкілі Нұрдәулет Сүйіндік түсінік беріп, ресми бақылаушылар мен саяси ұйымдар, нақты үміткерлер тарапынан шағым түспегенін, әлеуметтік желілердегі әлгіндей видеолар мен жазбалар көп жағдайда растала бермейтінін айтты.

«Әрбір сайлау процесі барысында біз желідегі мұндай хабарларды бақылап отырамыз. Бірінші кезекте, сайлау барысын үміткерлер мен саяси партиялар өздерінің сенімді өкілдері мен бақылаушылары арқылы бақылайтынын айта кету керек. Қоғамдық бірлестіктер тарапынан бақылау жүргізу тетіктері бар, халықаралық бақылаушылар бар. Яғни, сайлау барысын бақылау тетіктері жеткілікті деңгейде реттелген және заңнамаларда енгізілген. Сондықтан мұндай жағдайларда біз осы ресми тұлғалардың шағымдарына назар аударатын боламыз. Бүгінде біз Астана және Көкшетау қалалары бойынша сайлау бюллетеньдерін үшінші тұлғаларға беру, бір адамға бірнеше бюллетень беру оқиғасы бойынша екі хабарлама алып отырмыз. Бұл ақпаратты қазір тексеріп жатырмыз», - дейді ол.

Сондай-ақ, Бас прокуратура өкілі ОҚО-дағы бір сайлау учаскесінде мәслихат депутаттығына үміткер учаскеге келіп, өзін өртеп жіберуге әрекеттенгенін айтып отыр. Қадағалаушы орган өкілі сайлау процесі аяқталмағандықтан, аталған оқиға бойынша әзірге толық ақпарат беру мүмкіндігі жоқтығын жеткізді.

Алайда, журналистер мен қоғамдық белсенділер Алматы, Атырау, Орал, тағы басқа қалаларда сайлау туралы заң талаптарының бұзылғанын, бір сайлаушыға бірнеше бюллетень берілу оқиғаларын растайтын видеолар жариялауда.

 

Сондай-ақ, Орал қаласындағы №447 сайлау учаскесінде колледж, ЖОО студенттерін оқу орнына тіркеуге қойып, топтап дауыс бергізу оқиғасы туралы да видео жарияланып отыр.

Сайлаушылардың дауыс беруі 20.00 сағатқа дейін жалғасады. ОСК бүгін сағат 22.30-да сайлаушылардың дауыс беруі туралы алдын ала мәліметтерді жариялауы тиіс.

Жомарт Абдоллаұлы

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар