Кезекті кеңес-сайлауы өтті. Бәрі дұрыс. Мәжілісшілерді мәмілеге келтіре аламыз, өйткені, басымы нұротандықтар. Яки, нұр да бар, отан да естен шыққан жоқ...
Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының жетекшісі қатты толқу үстінде былай деді: «Біз жеңіске жеттік. Қазақстандықтардың 77 пайызы қатысты, бұл – рекорд. “Нұр Отан” сайлаушылар дауысының 82 пайызына ие болды, бұл – рекорд. Мен барлық дауыс берушілерге ризашылығымды білдіремін. Біздің партиямыздың әрбір мүшесі көрсетілген сенімді бағалауы тиіс. Бұл жеңіс – көпжылдық жұмыстың нәтижесі. Сайлауды 800 шетелдік және 10 мыңға тарта жергілікті байқаушылар бақылады, олар сайлау үдерісі заңнамаға сәйкес өткенін атап өтті. Біз әлемдік қоғамдастық алдында ашық әрі әділ сайлау өткіздік...».
Үш саяси партия: «Нұр Отан», «Ақ жол» және кешегі қазаққа қырғын салған қызыл коммунистердің (ҚКХП) 7 пайыздан жоғары дауыс жинады. «Нұр Отан» партиясына 82,15; Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясына 7,18; Қазақстан Коммунистік халық партиясына 7,14; «Ауыл» халықтық-демократиялық партиоттық партиясына 2; Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға 1,18; «Бірлік» саяси партиясына 0,29, пайыз сайлаушылардың дауысы берілген...
Ақжолдықтар біраз жалаулатты. Өзім бәс тігіп, алашорданың ізбасарларына ұқсағысы келген жігіттерді қолдадым. Қолдадым да, мақала жаздым. Партияның басшысы туралы әйдік автордың етектей базына-эссесін қайтара жарияладым. Сөз жәрдемі болсын, дем берсін дедім. Біреуден бірдеңе дәметкендіктен емес, үміт еткендіктен: зиялы қауым мен іскер топтың қосындысын қош көріп, оңды өзгеріс, оянған бетбұрысқа иегіміз қышығандықтан...
Пенде көңілмен «Ақжолдың» саяси белсенді қос жетекшісінің бірі алтын уақытының тұтамын (бір-екі минөтін) қиып, бір ауыз «рахметін» айтып, ықыласын білдірер деп дәмелендік. Ойхой, дәмеміз далада қалды...
Ал, қызыл коммунистерде менің бабамның қайтпас кегі қалған, қазақтың жүз жылға азайтқан азғындарды кеше алмаспын...
Сосын, ауылға ұқсас, бірлікті көксеген бірлі-жарым партиялар да қотыр аттарын бәйгеге қосты. Өз басым танымайтын, талтүсте аспаннан түскендей болғандарға уақыт шығын қылмадым...
Өзіме ұнайтын, биліктен аулақ қонған, бірақ, адами келбеті мен имани қасиеті мығым, елдік пен отаншылдық болмысы бекем, білім-білігі терең жалқы жігіттер сайлау аламанына түспеген соң, басқа салса баспақшыл болып, бейтарап жүрдім...
Амалсыз еуропа өркениетінің қағидаттарына «табынған» ел болғасын, сайлау жасап, байлау қылу керек шығар. Мен халықаралық һәм әлемдік саяси саланың маманы емеспін, бірақ, әр сайлау өткен сайын мұңды күйге түсіп, тұйық ойға қаламын: «Ұтылған кім, ұтқан кім?..» - деп...
Әй, осының түйінін ешкім де білмейді. Тіпті, білгісі де келмейді. «Керегі жоқ бас қатырып» деп ойлайды. Керек десең «маған қатысы жоқ» деп те адасады. Сонда бізге қатысы болмаса, несіне ерте тұрып, етік кидік. Етік киіп, сайлауға киліктік?!.
Килігуімізге қарағанда, жанама емес, тікелей қатысы бар, кезкелген сайлаудың... Әрбіріміздің бүгінгі нәпақамызға ғана емес, немереміздің ертеңгі тағдырына та тарамданып тұр...
...Ояна алсақ, осыны ойланып көрейік...
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
Пікір қалдыру