Сарапшы: ҰЛТТЫҚ БАНК ТЕҢГЕ БАҒАМЫНЫҢ ӨСУІН ҚАСАҚАНА ТЕЖЕП ОТЫР

/uploads/thumbnail/20170708231254660_small.jpg

Валюта нарығына қатысты екіұшты пікірлер әлі тыйылмай отыр. Елдің бір тобы ақпан, наурыз айларындағы ұлттық валютаның аз-маз болса да нығаюын Мәжіліс сайлауымен байланыстырып, саяси науқан аяқталып, елдегі саяси өмір қалыпты арнаға түскен соң, шетел валютасы әлі де қымбаттайтынын айтса, басқалары әлемдік нарықтағы мұнай бағасының өсуі теңгенің долларға шаққандағы бағамының нығаюына оң ықпал етті деп санайды.

Ал, «Асыл-Инвест» компаниясы талдау департаментінің директоры Айвар Байкенов болса, ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамының өсуіне Ұлттық банк өзі кедергі болып отыр деп санайды. Ол бұл ойын «Капитал» іскер ақпарат орталығына берген сұхбатында айтқан.

«Біздің ойымызша, Ұлттық банк қазір теңгенің нығаюын ұстап отыр. Есептерге сүйенсек, соңғы бірнеше апта бойы доллар бағамы 330-335 теңге аумағында тұруы керек болатын. Яғни, Brent маркалы мұнай бағасының баррелі 40 доллар деңгейінде тұрғаны ескерілуі тиіс. Рубльдің де долларға шаққандағы бағамы 68 рубль болып отыр. Егер, соңғы үш айдағы доллар мен рубль бағамына қарасақ, теңгенің долларға қатысты бағамы Ұлттық банк араласпаса ендігісі 323 теңге болған болар еді», - дейді ол.

Айвар Байкенов теңгені Ұлттық банк «Үкіметтің қысымымен» тежеп отыр деп санайды.

«Ұлттық банк әрекеттері түсініксіз болып отыр. Былай қарасақ, былтыр Қазақстан еркін валюта нарығына көшті. Ал, іс жүзінде еркі айналым тек теңгенің құлдырау бағытында ғана жүріп отыр. Ал, теңге нығая бастаса Ұлттық банк араласып, оны тежейді. Бұл меніңше, Үкімет тарапынан жасалған қысым салдарынан болып отырған сияқты. Өйткені, 2016 жылға арналған бюджетте доллар бағамы 300 емес, 360 теңге болады деп жоспарланған. Макроэкономикалық көрсеткіштердің оңалуына байланысты Үкімет бюджетті қайта қарауға құлықсыз. Теңгенің нығаюы керісінше, жағымсыз сценарий ретінде қарастырылуда», - деген пікірде А. Байкенов.

Сонымен қатар, ол Ұлттық банктің қазір шетел валютасын сатып алғанымен, саудаға шығармай отырғанын айтады. Оның айтуынша, ақпан айында ірі көлемде шетел валютасын сатып алған Ұлттық банк наурызда да сол райынан қайтпайтын сияқты.

Жомарт Абдоллаұлы


 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар