Бүгін жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюро қызметкерлері Ақпарат және мұрағат комитетінің бұрынғы басшысы Болат Берсебаев пен оның орынбасары қызметін атқарған Бек Арпабаевты тұтқындады. Бұрынғы лауазымды тұлғалардың тұтқындалуын Антикоррупциялық қызмет өкілдері атышулы «Матаев ісімен» байланыстырып отыр.
Әр жылдары түрлі министрлік пен агенттік түрінде құрылымдық өзгерістерге ұшыраған ақпарат саласы жоғарыда аталған екі шенеунік басқарған кезде (2010-2012 жылдары) Ақпарат және байланыс министрлігінің құрамында болған.
Бұған дейін Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроның Алматыдағы қызметкерлері ақпарат саласына бөлінген мемлекет қаражатын жымқыру бойынша қылмыстық іс қозғап, күдіктілер ретінде «Қазақстан баспасөз клубы» ҚБ мен «ҚазТАГ» ЖШС құрылтайшысы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы Әсет Матаевқа айып таққан еді. Ұлттық бюро оларды «ҚазТАГ» пен «Ұлттық баспасөз клубы» ҚБ арқылы ақпарат, ақпараттандыру және байланыс комитеті мен «Қазақтелеком» АҚ бөлген ұзын-ырғағы 420 миллион теңге қаржы жымқырды деп отыр.
Аталған іс бойынша БАҚ-қа түсінік берген Ұлттық бюро басшысының орынбасары Талғат Татубаев ақпараттық саясат саласында қаржы жымқыруға байланысты істі болатындар саны әкелі-балалы Матаевтармен шектелмейтінін ескерткен еді. Татубаев тауып айтыпты, сайлау өтіп, ел ішіндегі саяси ахуал қалыпқа түсе салысымен, ақпарат құралдарын қаржыландыруға жауапты болған қос бірдей шенеунікке құрық салды.
Қолға түскен қос шенеунік 2010-2012 жылдар аралығында Ақпарат және байланыс министрлігі құрамындағы ақпарат және мұрағат комитетін басқарған. Бірі – бірінші басшы, екіншісі оның орынбасары болған. Ақпарат құралдары арқылы мемлекеттік саясатты насихаттау бойынша бөлінген қаражаттың игерілуіне жауапты, жасалған келісім-шарттар мен қаржы аударымдарына қол қойған тұлғалар.
Жемқорлықпен күрескерлер осы қарқынмен кете берер болса, ақпараттын саясатқа қатысты басқа да келісім-шарттардан «кінәрат» табуы ғажап емес. Заңнамалар кепілдік берген сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндікті көп көрген билік осындай тәсілмен біраз «тентекті» тықсырып алуды ойласа керек.
Жомарт Абдоллаұлы
Пікір қалдыру