РЕСЕЙШІЛ БЛОГЕР ҚАЗАҚТЫ ҚОРЛАУЫН ҚОЯР ЕМЕС

/uploads/thumbnail/20170708231911931_small.jpg

Әлеуметтік желіде қазақ ұлтының намысына тиіп, Қазақстанның мемлекеттілік тарихына күмән келтіретін, елдің аумақтық тұтастығы мен конституциялық жүйесіне қауіп төндіретін мәлімдемелермен танылып жүргендер аз емес. Сондайлардың бірі Ермек Тайшыбеков деген блогер өткен жылдың соңында 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айрылған еді. Ал, одан сәл бұрынырақ Татьяна Шевцова есімді тағы бір блогер қазақ ұлтының ар-намысына тиетін сөздері үшін төрт жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айрылған еді. 2015 жылдың қарашасында семейлік Игорь Сычевті сот орындары Шығыс Қазақстанды Ресей құрамына қосу туралы сауалнама жүргізгені үшін бес жылға бас бостандығынан айырды.

Бұлардың қай қайсысы болса да әлеуметтік желіде ресейшіл көзқарастарымен танылған, Қазақстанды Ресейдің қол баласы санайтын ұстанымдарымен танымал. Екеуінің де ісінің сотқа дейін жетіп, заңға сай жаза тартуына да сол мемлекетшіл желі қолданушыларының табанды талабы себеп болған.

Алайда, бірді-екілі блогер сотталды деп бұл арам пиғылдылардың тайылын жиятын түрі жоқ. Әр жерде ауық-ауық әлеуметтік ортаға өздерінше «от салып» тұрады. Солардың бірі Фейсбук әлеуметтік желісінің белсенді қолданушысы, қазақты ұлт ретінде мойындамайтын, Қазақстанның Ресейсіз болашағы жоқтығына имандай сенетін және оған басқаларды да иландыруға тырысып жүрген Ерлан Есенәлиев деген жігіт. Фейсбуктегі қай жазбасын ашсаңыз да ресейлік шовинизмнің, бүлікшіл сепаратизмнің исі мүңкіп кетеді. Тіпті, КСРО мен Ресейді Ерландай сүйетін жан Ресейдің өзінде де жоқ па деп қаласыз.

Сол Ерлан енді Фейсбукті қойып, басқа да (дені ресейшіл ұстанымдағы) желілерде бүлікшіл ойларын еш қысылмастан таратып жүр екен. 27 наурыз күні Ерлан Есеналиев тағы да «Конт» деген бір желіде «Как у казаков отняли название и передали степному народу или История превращение КазаКстана (казачего стана) в Казахстан» деген тақырыпта әдеттегі әлаулайына басыпты.

Жазбасының аты айтып тұрғандай, рессейлік желіде өзінің «Қазақ деген халық жоқ. Бүгінгі атауын большевиктер қойған. Қазақстан деген мемлекетті де солар құрған» деген ойын қайталаған.

«Қазақ ұлтын да Қазақстанды да ХХ ғасыр басында большевиктер құрған. Бұл жоба Лондонда, алғашқы большевиктердің штаб-пәтерінде мақұлданған. Большевиктер «қазақ» атауын бергенше бұлар «қырғыз-қайсақ» (дала тайпасы) деп аталып келген», - дейді Е. Есенәлиев.

Одан әрі Есенәлиев: «Қазіргі Қытай мен Қырғызстан аралығында, тауда таулық тайпалар тұрды. Бұрынғы да, қазіргі де қырғыздар – сол тайпалар. Қазіргі қырғыздар – сол таулық тайпалар. Қазіргі қазақтар – большевиктер келгенге дейін «қырғыз-қайсақ» аталып келген далалық тайпалар. Қайсақтар», - деп еседі.

Қазақ халқының қазақ аталуы Есенәлиевтің түсінігінде большевиктердің «жұмысы» екен. Төңкеріс жасап билікке келген большевиктер әскери сословие – казактардың атауын қырғыз-қайсақтарға тартып алып берген көрінеді. 1936 жылға дейін казак аталып келген халық атын осы жылғы реформа «казах» деп өзгерткен. Сөйтіп, большевиктерге зор қауіп төндірген казактарды бүгінгі қазақтардың пайдаланып тарих сахнасынан жоюды мақсат тұтыпты-мыс.

Есенәлиевтің Қазақстанның мемлекет ретіндегі абыройын түсіретін жазбалары бір бұл емес. Елде жүргізіліп жатқан ресми саясатты (Ресейге байланысы жоқ тұстарын, әрине – ред.) сынға алып, мазақ ететін, Елбасының араласуымен жарияланған Қазақ хандығының 550 жылдығы мен «Мәңгілік ел» идеясын ашық әжуа қылатын бүлікшіл блогердің заңнан да, басқадан да қаймықпай, соңғы уақытта ерекше «батырлық» танытып жүргеніне қарап, бұл жігіт бәлкім түзеу мекемесінде отырған Тайшыбеков досын сағынып жүр ме екен деген де ойға қалдық...

Жомарт Абдоллаұлы

 

 

Қатысты Мақалалар