Жамбыл облыстық «Ақыл-есі кем балаларға арналған интернат үйінде» Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ұйымдастыруымен «Балаларға қуаныш сыйлайық!» атты қайырымдылық акциясы өтті, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы оқу орнының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақтың санасына мейірімділік, сүйіспеншілік, қайырымдылық ұғымдарын қалыптастыру. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен балаларға көмек көрсету, жасөспірімдерді кішіпейілділікке, бауырмалдыққа баулу, балаларға аз да болса қуаныш сыйлау" делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесі қарсаңында өткен акция барысында институт қызметкерлері «Ұлық мереке» атты театрландырылған қойылым көрсетіп, оқушылардың ойлау қабілетін арттыруға септесетін түрлі ойындар өткізді. Сонымен қатар жарымжан жеткіншектермен жұмыста жаңа әдіс табуға шешім қабылдап, мектеп интернатта емделіп жатқан балалардың сауығу процесінде өнерді кеңінен қолданатын заманауи әдісті пайдаланды.

«Балаларға қуаныш сыйлайық!» қайырымдылық акциясы қоғамдағы қайырымдылық идеяларына қолдау көрсетуге бағытталған.
– Әлеуметтік әділдік, теңдік, өзара сыйластық пен қамқорлық туралы ниетті тек қана мемлекет емес, азаматтық ортаның өзінің көтеруі – қоғамымыздың кемелденгенін көрсетеді. Қайырымдылық – қазақ халқының ең ізгі де асыл қасиеттерінің бірі. Кемтар, жетім, қамқорлыққа алынған балаларға аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу әрбір адамның азаматтық парызы, – дейді акцияны ұйымдастырушылар.
Педагогикалық институттың профессор-оқытушылары мен студенттері алдағы уақытта осы тақілеттес шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.