Әншілердің қатысуымен былтыр басталып, биыл екінші рет ұйымдастырылған «Жұлдызды айтыс» жұртшылықтың наразылығына тап болды. Киелі өнерді шулы шоуға айналдырғысы келетіндерді айтыскер ақындар да жөнге салуға ниетті, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.

Мысалы, қарағандылық айтыскер ақын Аманжол Әлтаев «Базар жоқ» бағдарламасымен танылған, бүгінде «Жұлдызды айтыстың» белді «ақынына» айналған қылжақбас Қанат Әлжаппаровқа қарата былай депті:
«Қанат бауырым, бойыңда азаматтық намысың болса, ұлттық өнерге деген құрметің болса, енді айтыс саxнасына шықпауыңды сұраймын. Айтыс өнері еріккеннің ермегі емес, өнерді олай қорлауға болмайды... Қазақтың баласы болсаң енді қой, ақылың жетсе кешірім сұрасаң да артық емес. Төреғали, Еркін, Роза секілді ақындық таланты бар өнер иелерінің айтысқа шыққанын қолдаймын,жылы қабылдаймын. Жанар, Ұлықпан секілді айтыстан ауылы алыс әншілерге ақылға келіңіздер демекпін. Киелі өнердің кұтын қашырмайық!».
Ақын бұл ойын өзінің Фейсбук желісіндегі парақшасында жариялады.
Биыл екінші рет ұйымдастырылған шоуға "Базар жоқ" театрының артисты Қанат Әлжаппаровтан басқа Айгүл Иманбаева, Мөлдір Әуелбекова, Еркін Нұржанов, Мұхтар Ниязов қатысты.