АҚ ҮЙ АНТИЯДРОЛЫҚ САММИТКЕ БАРҒАН ЕРДОҒАНДЫ ЕЛЕМЕЙ ҚОЙДЫ

/uploads/thumbnail/20170708232145417_small.jpg

Бүгінде Вашингтонға әлемнің түрлі елдерінің басшылары ағылуда, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.

31 наурыз бен 1 сәуір күндері онда әлемдік ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит өтеді. 2010 жылдан бері төртінші рет өткелі отырған антиядролық бас қосуға 52 елдің делегациясы қатысады деп күтілуде. Саммит жұмысынан бөлек қатысушылар жоғары деңгейдегі екі жақты кездесулер өткізеді.

Осы жерде мына бір жәйтке назар аударған жөн. Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында ғана АҚШ-қа жеткен Түркия басшысы Ережеп Ердоғанды Ақ үй тарапынан бірде-бір ресми тұлға күтіп алуға бармады. Ердоғанның алдынан Түркияның Сыртқы істер министрі Мәуліт Шауышұлы шықты.

Мемлекет басшыларының протколдарына сай бірінші басшыны қарсы алуға негізінен күтіп алушы елдің басшысы немесе одан кейінгі екінші, үшінші тұлғалар, мемлекеттік хатшы, яки сыртқы істер министрі, тым болмағанда шенеуніктер ішінен тағайындалған арнайы өкіл баратыны белгілі. Осыны ескерсек, Түркия басшысының Ақ үй үшін «сенімді серіктес» ретіндегі бағасы төмендеген бе деген ойға қаласыз. Бұл күдігімізді Ердоған тоқтаған қонақ үй алдында Анкара саясатына наразылық білдірген акция өткізгені туралы хабарлар да қоюлата түсті.

Бұған дейін АҚШ президенті Барак Обама Ердоғанның Мэриленд штатында Түркия қаражатына салынған мешіттің ашылу салтанатына шақыруын да жауапсыз қалдырған. Ал, саммит аясында Ердоған АҚШ тарапынан мемлекеттік хатшы Джон Керримен ғана екі жақты кездесу өткізетіні хабарланды.

Ал, Ресей Федерациясы бұл жолғы саммитке қатысудан мүлдем бас тартып отыр.

Жалпы жиынға жоғары байытылған уранды қолдануды азайту, ядролық материалдарды лаңкестерден қорғау мәселелері сөз болады делінгенмен, саммитке қатысушылар, оның ішінде, АҚШ, Түркия, Украина сынды елдердің басшылары геосаяси мәселелерді де алға тартары анық. Кремльдің де бір мемлекет өткізетін жиын ғаламдық проблема ядролық қауіпсіздік мәселесі үшін айтарлықтай алаң емес деп, бұл саммиттен ат-тонын ала қашуы да содан болуы мүмкін.

Қатысты Мақалалар