ТЕК ҚАЗАҚСТАНДА ҒАНА ҚАЗЫНА ҚАРЖЫСЫНА САУДА ОРТАЛЫҒЫН САЛУҒА БОЛАДЫ

/uploads/thumbnail/20170708232212402_small.jpg

Дағдарыс деген тамаша желеу болды. Қысқартуға. Қымбаттатуға. Бірақ, осы «үнемшілдіктен» деп ұрандатқан барлық қысқартулар мен қымбаттатулар Қазақстанда тек халыққа қатысты ғана қолданылатын секілді. Ал, бюджеттің бүйірін тесіп, қазына қаржысына кенеліп жүргендерге бұл үнемшілдік қауіп төндірмейді. Республикалық бюджетті шұқшия қарап, әрбір тиынын есептеп отырған билік бір қарағанда үнемшіл кейіп танытқанымен қыруар қаржыны желге шашып отыр. Қалай дейсіз бе?

Бірер күн бұрын Astana Group басшысы, белгілі кәсіпкер, «Жағымпаздықты өмірдің өзі үйретті» деп президенттің бетіне айтатын «батыр» бизнесмен Нұрлан Смағұлов журналистермен кездесіп, өз компаниясының жобаларын таныстырды. Өзін ашық, жария тұлға ретінде көрсетуді мақсат еткен ол тілшілердің кез келген «ыңғайсыз» сұрақтарына жауап берем деп күпсініпті.

Смағұлов мырзаның ашқан дүкендері туралы жазып оның жеке бизнесін жарнамалайтын жайымыз жоқ. Бірақ, сол «Мега», «Сити», «Плаза» деген жат тілдегі атауларды жапсырған сауда орталықтарының құрылысы мен іске қосылуына мемлекет қаражаты, мына Сіз бен біздің қалтамыздан төленген салықтың жұмсалып жатқанын айту – парыз.

Смағұлов Астанада MEGA Silk Way атты тағы бір алып сауда кешенін салып жатыр. Бұл Смағұловтың айтуынша, Қазақстанда теңдесі жоқ сауда һәм ойын-сауық орталығы болатын көрінеді. Құрылыс 2014 жылдың қыркүйегінде басталған. Әзір нысан құрылысының 65 пайызы аяқталған екен. Нысанға салынған инвестиция құны 71 миллиард теңгеден асады. Оның тек 28 пайызы ғана компанияның жеке қаражаты, қалғаны – қарыз. Қарыз болғанда да жеңілдікпен берілген мемлекет ақшасы. Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев та Астанадағы сауда кешенінің құрылысына 15 миллиард теңге бөлінетінін хабарлаған еді.

«Несиелік 36 миллиард теңге 3 пайыздық жеңілдікпен, тағы 15 миллиарды 18 пайызбен беріліп отыр. Несиелердің екеуі де «Бәйтерек девелопмент» АҚ-ы арқылы алынды. Жобаға компаниямыздың өзі салған қаражат 20 миллиардты құрайды. Келісім бойынша, салынған сауда орталығы қарыз толық қайтарылғанша «Бәйтерек девелопмент» АҚ-ға кепілдікке қойылады», - дейді Н. Смағұловтың өзі. Қыруар қаржыға салынған сауда орнының салтанатты ашылуы 15 желтоқсанға жоспарланып отыр (оны кім барып ашатынын ішіңіз сезген болар).

Бірақ, Н. Смағұлов мырза қазына қаржысын жеке бизнесіне жұмсап отырғанына еш қысылмайтын сияқты.

Қайта «Мемлекет бізге осы жобаны ұсынды. Біз келістік (!!!). Біздің міндетіміз – жай ғана коммерциялық нысан тұрғызу емес, ЭКСПО-ға кірер қақпа салу. 2017 жылы 5 миллион адам келеді деп күтілуде. Олар қазірдің өзінде дайындық жұмыстарына келіп жатыр. Бұл имидждік жоба болды», - деп мемлекетті өзіне кіріптар етіп көрсетуде.

Сөйтіп, Н. Смағұловтың арқасында бұрын соңды қазақ даласы естіп білмеген әлемдік брендтер елімізге келеді екен.

Үкіметтен ақшаны текке емес, өсіммен алып отырғанын алға тартқан ол салынған нысанның өзін-өзі ақтайтын уақыты бұрын жоспарланған 10 жылдан 20 жыл мерзімге дейін ұлғайып кеткенін де жасырмапты.

Бұл өзі жұмыртқадан жүн қырқып жүретін пайдақордың нақ өзі сияқты. 2006 жылы сатып алған оңтүстік астанадағы «Алматы» қонақ үйін қиратып, орнына басқа нысан салуды жоспарлап жүріпті. Тіпті, Парк Хаятт деген бір компаниямен келісімге де келе бастапты. Бірақ, дағдарыс келіп, ол жоспарын күрт өзгертіпті. Енді Н. Смағұлов келер жылы салынғанына 50 жыл толатын қонақ үйді алдағы Универсиада қонақтарын қарсы алу үшін күрделі жөндеуден өткізбек екен. Универсиада да мемлекет үшін «имидждік» жоба екенін ескерсек, Смағұлов бұл жерде де біраз тиын «сындыратын» секілді.

Басына тартса, аяғына жетпей жатқан бюджет қаражаты осылайша «Қазақстанның абыройын асқақтататын алып жобаларға» жұмсалып жатыр. «Әй, мұның қалай?» деген ешкім жоқ. Былқылдақ биліктің осал тұстарын әбден біліп алған Нұрекең де қайтпайды. Бюджет қаржысын бағыттайтын «жобалары» дайын тұрады. Ешкім бетін қақпайды. Нағыз май шаммен қарайтын осындай жұмыстарын мемлекет қаржыландыратын республикалық ақпарат құралдары арқылы халыққа танытып, дүкені ашылғанша жарнамасын да жасап қояды. Оны да мемлекет қаражатына, әрине...

Жомарт Абдоллаұлы

  

Қатысты Мақалалар