Бұрыннан атышулы Мұрат Телебеков тағы да ақпарат алаңының жұлдызы болатын сияқты. Ол «Нұр» ислам университетінің проректоры Шәмшәдин Керім мен журналист Шынар Сағындықты жала жапты деп сотқа беріп отыр. Бұл туралы «Қамшы» порталы 365инфо-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Проректор мен журналистің үстінен Телибековтің арыз беруіне бес жыл бұрын жарияланған видеосюжет себеп болған. Сол кезде «Алматы» арнасында көрсетілген бейнесюжетте елдегі теріс ұстанымдағы діни ағымдардың қызметі сөз болады.

Шәмшәдин Керім
Телибеков сол сюжеттегі журналист Шынар Сағындықтың (қазір "Хабар" арнасында қызмет етеді - ред.) өзіне қатысты «Ахмадия сектасының өкілі» деген пікірі мен Шәмшәдин Керімнің «Телибеков «Нұр» университетінің студенттерін тура жолдан тайдыруға әрекеттенді» деген сөздерін өзіне жабылған жала деп санайды.
Бес жыл бұрын телеарнадан көрсетілген сюжет туралы Телибеков жақында ғана білгенін айтып отыр.
«Бұл сюжет туралы ештеңе білмегем. Бірнеше ай бұрын ол әлеуметтік желілерде белсенді түрде тарала бастады», - дейді М. Телибеков.
Сондай-ақ, М. Телибеков Ш. Керім мен Ш. Сағындықтың түрлі себептермен осымен үшінші рет сот отырыстарына келмей жүргенін айтады. Ол сондай-ақ, судья Ш. Керімге қамауға алу туралы бұлтартпау шарасын қолдануы мүмкіндігін ескертеді.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін Мұрат Телибеков «Ұлтаралық араздық тудырды» деп айыпталған қоғамдық белсенділер С. Мәмбетәлин мен Е. Нарымбаев ісінде куәгер болған еді.