Қазақстандағы танымал Nur.kz порталының мүлкі тұтқындалды. Ақпарат құралын Солтүстік-Қазақстан облыстық авторлық құқықты қорғау қоғамы Defacto.kz порталынан заңгерлік энциклопедияны ұрлады деп айыптап, соттан 537 миллион теңге өндіріп беруді талап етіп отыр, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы 365инфо-ға сілтеме жасап.
Шағымданушы тарап сонымен қатар, Nur.kz сайтының қызметін 3 ай мерзімге тоқтатуды, ақпарат құралының материалдары мен авторлық құқықты бұзуға қолданылған құралдарын тәркілеп, жоюды сұраған. Сәл кейінірек аталған шағымға Nur.kz интернет-ресурсының Қазақстан Республикасының аумағындағы қызметін заңсыз деп тану туралы талап қосылып отыр.
Авторлар қоғамының заңгерлері интернет-ресурс бірнеше жыл бойы ел аумағында заңсыз қызмет көрсетіп, тіпті, мемлекеттік сатып алуларға да қатысып келгенін анықтадық деп отыр.
Defacto.kz заңгерлері 2003 жылдан бері тырнаштап жинаған энциклопедияның 2015 жылдың қыркүйегінде қолды болып, Nur.kz сайтының «Заң энциклопедиясы» бөліміне орналастырылғанын хабарлады. Аталған бөлімде Defacto.kz-ке тиесілі 542 мақала жарияланған.
Шағымданушылар, жекелеген мақалалармен қоса Defacto.kz сайтының құрылымы айдар, бөлімдердің атауына дейін көшіріліп алынғанын айтып отыр.

«Аталған мақалалар авторлардың келісімінсіз алынып, орналастырылған. Мақалалардың мазмұны толықтай көшіріліп, Nur.kz сайтына авторлары мен жарияланған күні туралы мәліметтер өшіріліп орналастырылған. Ол материалдар орналастырылған беттердің әр қайсысында үш жарнамалық блоктар жасақталып, Nur.kz-тің жарнама берушілеріне ұсынылған. Яғни, материалдарды қолды ету коммерциялық сипат иеленіп отыр», - деген Defacto.kz авторларының бірі Сергей Сизинцев.
Солтүстік-Қазақстан облыстық авторлар қоғамының төрағасы Георгий Сорокин де Nur.kz порталының бірнеше рет осындай дауға қалғанын еске салған.

«Мысалы, порталға қазақстандық блогерлер мен авторлық контент жасаушылар материалдарды келісім сұрамай көшіріп басты деп 2010 жылдың мамыр және қазан айларында да шағымданды. 2010 жылдың қазанында сайттың жарнама берушілерге ұсынылатын көрілімін жоғарылату мақсатында файлалмастырушылар мен порнотрафиктерді пайдаланды деп айыпталды», - дейді ол.
365инфо да Nur.kz порталының бұған дейін де бірнеше рет сынға алынып, спам тарату, интернет-рейтингтерін жалған көрсету сынды әрекеттері үшін Қазақстанның Интернет қауымдастығынан шығарылғанын жазуда.
Аннан-мыннан материалдар алып, контент жасап келген сайт заңгерлердің интернет-ресурсына жиендік жасаймыз деп бастары дауға қалып отыр.
Алайда, Nur.kz те шама-шарқынша «Ұялған тек тұрмастың» қамын жасап жатқан көрінеді. Заңгерлер сотқа шақырту алған Nur.kz сайтының басшылығы ақпарат құралына жарияланған материалдар мен сайт құрылымдарын дереу өзгертуге, оны нотариустарға барып куәландыруға кіріскенін айтып отыр.
«Біздің күмәніміз шындыққа айналды. Nur.kz пайдаланылған материалдардың сыртқы көрінісін, бөлімдердің атауларын өзгертіп, мақалалардың мәтіндерін өшіруге көшкен. Жауапкер тарап осы арқылы бөтен мақалалар жарияламадық деп айтқысы келетін шығар. Бірақ, ол мақсаттары орындалмайды. Nur.kz –те жарияланған барлық контрафактілі материалдар нотариус куәландырған скрин шоттар түрінде сотқа әлдеқашан тапсырылып қойылған», - дейді Солтүстік-Қазақстан облыстық авторлар қоғамының төрағасы Георгий Сорокин.
Сондай-ақ, талапкерлер Nur.kz сайтында осыған дейін болған өзгерістердің барлығы Google және Yandex жүйелерінің кэштерінде де сақталғанын айтып отыр. WayBackMachine қызметі арқылы да Nur.kz сайтындағы материалдар индекстелген.
Сергей Сизинцев сондай-ақ, Nur.kz интернет-ресурсының меншік иелеріне қатысты да күмәнді жайттардың көптігін, сайтқа шетелдік азаматтардың иелік етуінің де мүмкіндігін жариялады. Сондай-ақ, талапкерлер мемлекет қаржысын жымқырды деп түрлі лауазымды тұлғаларға айып тағатындардың бұл ақпарат құралын қалай айналып өтіп жатқанына таң қалатындықтарын айтады. Олардың айтуынша, Nur.kz 2014 жылы республикалық бюджеттен 30,1 миллион теңге, 2015 жылы 48,4 миллион теңге қаражат алған көрінеді.
Жомарт Абдоллаұлы