«Әлеуметтік желілерді жабу керек» деген ұсыныстар қылаң беріп жатыр. Сонда көп дүние оңалатын секілді. Адамдар жұмыс істейді, газет-журналдар оқылады, тіпті, еркектер "ұялы телефонына қарамай қатынына қарап жатып" тәтті ұйқыға батады екен. Бәлкім, жер сатылмай, жалға да берілмей мамыражай тірлік орнап та қалар. Жемқорлар жегенін қайтарып, қазына толатын шығар. Ұлтан құл «дурак» бакалаврлық грантты 2000$-ға, магистрлікті 5000$, PhD грантын 10.000$-ға саудалаудан бас тартып, ЖОО кафедраларында Бадамша сақаулардың быдыңдауы күрт тоқтатылып, аяқ астынан жоғары білімнің сапасы артып шыға келер.
Соның арқасында журналистердің біліктіліктері мен таланттары артып, елдегі барлық басылымдарды жұрт дүңгіршектердің алдындағы ұзын-сонар кезекке тұрып, таласып-тармасып сатып алатын күн туар. Қазіргі бас редакторлардың бәрі миллиардер медиа-магнатқа айналар! Мейлі, солай-ақ болсын, жапсақ жабайық!
Журналистерге қайдан да бір мінбер табылар, айтарын айтып, жазарын жазып жүре берер. Ал, интернет қолданушы қарапайым халық көкейдегі ойларын айту үшін алаңға жиналса не істейміз?!
Қуандық Шамақайұлының Фейсбуктегі парақшасынан алынды