Бүгін Алматы университетінде Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу аясында Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Қазақстан тарихы дәрісханасын ашу салтанаты мен «Қазақ тарихы және Мұхаммед Хайдар Дулати тағылымы» атты дөңгелек үстел өткізілді, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Өткен жылы университеттің Ғылыми кеңесі аталмыш дәрісхананы ашу жөнінде шешім қабылдаған болатын. Шешім бойынша дәрісхананың ашылу мақсаты:
"Жас ұрпақ бойында Қазақ елінің «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының түп қазығы – ұлттық мемлекеттілік екенін ғылыми түрде негіздейтін тарихи сана қалыптастыру".
Міндеттері:
- "Қазақ мемлекеттілігінің екі мың жылдан аса тарихы бар екенін және осы тарихи кезеңде біздің жерімізде болған барлық тарихи процесстер барысында Қазақ хандығының құрылғанын түсіндіру;
- Жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу;
- Бахадүр бабаларымыздың ұлы мұраты – еркіндігін сақтаған тәуелсіз мемлекет құру болғанын ұғындыра отырып, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның болашағы – бірлік пен ынтымақта, ұлтаралық келісім мен татулықта екенін насихаттау;
Ұлтымыз үшін ең үлкен құндылық – тәуелсіз Қазақстан екенін жас ұрпақ санасына сіңіру" болатын.
Салтанатты шараға Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы қоғамдық қордың төрағасы, тарихшы, дулатитанушы баспагер-ғалым Мұхтар Қазыбек мырза келіп қатысып, университет ұжымы мен студенттеріне «Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты еңбегі: тарихы және тағылымы» атты тақырыпта тұщымды баяндамасын жасап, студенттердің сұрақтарына жауап қайтарды.
Қазақ хандығының құрылуы туралы нақты тарихи дерек беретін жалғыз ғана әдеби-мемуарлық жанрдағы "Тарих-и Рашиди" атты еңбектің қазақ тарихында алатын орны зор. Ал оны жазған ғұлама ғалым, ортасырлық ірі ойшыл, аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері Мұхаммед Хайдар Дулати мырзаның атында дәрісхана ашу - жас ұрпақты тәрбиелеу мен оларда тарихи сана қалыптастыру жолындағы игі іс деп ойлаймыз.
Сәбит ШІЛДЕБАЙ
Алматы университетінің ректоры, тарих ғылымдарының кандидаты.