Марат АЛДАБЕРГЕНОВ, техника ғылымдарының кандидаты: ШЕТЕЛДІКТЕР ЖЕРДІ ӨЗГЕ БІРЕУДІҢ АТЫМЕН САТЫП АЛМАСЫНА КІМ КЕПІЛ?

/uploads/thumbnail/20170709003822427_small.jpg

Бүгінде қоғамды алаңдатып отырған, еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін сөз етіп жүрген тақырып – жер саудасы. Біресе сатылады, біресе жалға беріледі деген себептермен қазақ жері шетелдіктерге берілмек. Бұл бастаманы сарапшылар мен шаруалардың бірі қолдаса, бірі құптамайды. Осы ретте жердің құнарлылығы мен отандық ауылшаруашылығының дамуына, өз шаруаларымыздың дөғлетеіп отырған ісіне бұл бастама қандай ықпалын жасайды? Осы мәселелер төңірегінде техника ғылымдарының кандидаты, Қазақтың ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми хатшысы Марат Алдабергеновпен сұхбат құрған едік.

Марат Карлұлы, әуелгі әңгімені өзіңіз қызмет атқарып отырған институт жайлы аз-кем ақпар беруден бастасаңыз.

– Біздің институттың мақсаты ауылдағы өндірісті механикаландыру, соның механикалық базасын жасау, жер өңдеуден бастап комбайн, дән сақтау және өнімдерді өңдеуге дейінгі аралықтағы барлық машиналар мен өндіріс құралдарын жасау.

Институт ауыл шаруашылығы министрлігіне қарай ма?

– Иә. Министрліктің бастамасымен жақында ғана «Ұлттық аграрлық ғылым-білім орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды. Біз сол қоғамның құрамына кіретін 25 институттың біріміз. Қостанай мен Ақкөлде филиалымыз жұмыс істейді және олардың өз зауыттары, эксприменталды цехтары мен өндіріс орындары бар.

Институттың бағыты ауыл шаруашылығын техникаландыру екенін айтып отырсыз. Ендеше, қазіргі уақытта ондағы отандық техниканың үлесі қанша пайыз?

– Мен елімнің патриоты ретінде бұл әңгімені айтуға тартынған болар едім. Бірақ, сіз сұрап отырғаннан кейін айтайын, бүгінгі күні жағдайымыз, тіпті төмен. Елімізде өндірілетін техниканың үлесі небәрі 4 пайыз. Бұл үлкен мәселе. Жаңадан құрылған орталық басшысының қатысуымен жақында институтымыздың ғылыми кеңесі өтті. Ауыл шаруашылық министрлігінің департамент басшылары да қатысқан кеңесте осы мәселе қозғалды.

Ауыл шаруашылығына керекті техниканы жасауға не кедергі? Ғалымдарымыз ойлап таппай ма, әлде, ойлап тапқан техникасын жасайтын зауыттар жоқ па?

– Институт көлемі бұрынғыға қарағанда едәуір кішірейгенімен, ғалымдардың техника түрлерін ойлап табуында кемшілік жоқ. Тіпті, шетелден әкелінбейтін техника түрлерінің жобасын жасауда институтымыз бен өзге де институттар өз функциясын орындап келеді. Дағдарысқа байланысты жылдан жылға бөлінетін қаржы азайғанымен, ғылымдағы көрсеткіштеріміз өзге елдерден еш төмен емес.

Бірақ, мәселен, 1991 жылы Қазақстан бойынша ауыл шаруашылығы машиналарын шығаратын кіші, орта және үлкен зауыттардың саны 72 болған. Қазір солардың бірде бірі жоқ. Барлығы жекеменшікке өтті. «Жекеге өтсе жақсы боламыз, нарық бәрін өзі шешеді» деген ұғымның дұрыс еместігін уақыт көрсетті. Ол ақталмады. Себебі, бізге керекті құралдарды шығаратын ең қажетті зауыттарды көршілеріміз немесе шетелдік бәсекелестер «сындырудың» ізіне түсті. Жоқ қылып жіберді. Мәселен, Павлодардағы шынжыр табанды трактор шығаратын зауыт жер өңдеу үшін өзімізге өте керекті техникалар жасайтын. 1996 жылы ол зауыт жұмыс істеуін мүлде тоқтатты.

Ол зауыттарымызды көрші немесе шетелдік бәсекелестер тура мағынасында түрлі қитұрқы әрекеттермен «сындырды ма», әлде, шынайы бәсекелестікке төтеп бере алмай өздігінен тоқтады ма?

– Бұл мәселені бұрынғы Одақ кезінен ел басқарып келе жатқан ағаларымыз жақсы біледі. Мысалы, Ақтөбеде ауыл шаруашылығы, оның ішінде қой жүнін қырғатын машиналарын жасайтын зауыт болған. Ол 1989 жылы жабылып, кеңестік үкіметтің қаулысымен Орынборға көшірілетін болды. Сөйтіп, зауыт Ақтөбеде бұзылып, 1991 жылы көшірілді. Алайда, Орынборда құрылған жоқ. Сонымен, қазір не Қазақстанда, не Ресейде қой жүнін қырқатын машина шығаратын зауыт жоқ. Мұны кімнің ісі деп білуге болады?!

Қой жүнін қырқатын машина шығарудан бұрын, оны шығарған күнде де жүнін қырқатын мыңғырған қойымыз бар ма өзі?

– Бүгінде қойымыздың саны едәуір өсті. Еліміз бойынша қазір қой саны 10 миллионнан асады. Шүкір, шаруашылықтар үлкейіп, ісі оңалып келеді. Бірақ, баяғы техникамыз жоқ. Бұл кімнің ісі? Әлбетте, дұшпанның ісі. Басқаша қалай айтылуы керек. Мәселен, Павлодардағы шынжыр табанды трактор шығаратын, Қырғызстандағы немесе Алматыдағы ауыр техника жасайтын зауыттардың бәрі жабылып тынды. Сондай зауыттарды сатып алғандардың әлі күнге дейін оның темір-терсегін Қытайға сатып тауыса алмай келе жатқанын, босатса орнына базар салатынын сырттай ұзынқұлақтан естіп жатырмыз. Демек, бастапқыдағы «бәрін жекеге беру керек, сол кезде бәсекелестік орта болады, сапалы даму болады» деген сөздің бәрі дұрыс еместігіне көзіміз жетіп отыр.

Қазір мемлекеттің меншігіне қарайтын ауыл шаруашылық техникасын шығаратын бірде бір зауыт жоқ па сонда?

– Жоқ. Біздің ғылыми институтты мемлекеттің қоластына қарайды десек, онда қазір бізде үш-ақ зауыт, яғни, институтымыздың эксприменталды цехы, Қостанайдағы зауыт және Ақкөлдегі кішігірім цехымыз бар, Үкіметке тек осылар ғана қарайды. Бүгінгі күні ел басқарып отырған министріміз бен департамент басшыларының бәрі «жекеменшікке бердік, не істеп, не қоятынын жекенің өзі анықтайды» дегенді айтады. Екіншісі «жерді шаруаға жекеменшікке бергенбіз, ол кімнің техникасын алып, кіммен жұмыс істейтінін өзі біледі» дейді. Бұл екі ұғым да дұрыс емес екенін бүгін түсінбесе, ертеңдері ол басымызға таяқ болып тиетіні даусыз. Себебі, көрші елдерімізге қараймыз. Мәселен, посткеңестік елдердің ішінде ауыл шаруашылығын тарқатпай сақтап қалған екі-ақ мемлекет бар. Бірі көршіміз Өзбекстан болса, екіншісі Белорусь.

Белорусь ауыл шаруашылығына керекті техниканың 94 пайызын өздерінде шығарады. Ал, өзбектер 85 пайызын өзінде жасайды. Ресей 50 пайызға енді жетті. Бізде небәрі 4 пайыз. Бұл қалай?! Әлі күнге фермерлеріміздің шаруашылығында баяғы одақтан қалған май-май ескі тракторлар тырқылдап жүр. Егер олар да бір күні тоқтап қалса, сонда не болмақшы?! «Азық-түлік егемендігі» деген ұғым бар. Техника жағынан өзгелерге тәуелді болсақ, онда бізде азық-түлік егемендігі қайдан болады?! Міне, әуел бастан осыларды ойлау керек еді.

Біздікілер Қазақстанда кішігірім ауыл шаруашылығы машиналары шығарылатынын айтады. Алайда, олардың да өзінің орны, бағыты бар ғой. Мәселен, оңтүстікте көптеген шаруа қожалықтарының жері 5-10 гектардан аспайды. Жалпы, оңтүстіктің 20 пайызға жуығы кіші, 30 пайыздайы орташа фермерлер. Ол жақта 2000 немесе 5000 гектар суармалы жері бар дейтіндей үлкен фермерлер жоқ. Кілең ұсақ шаруашылықтар. Ендеше, ұсақ шаруашылықтың техникасы да ұсақ болады. Небәрі 5 гектар жері бар фермерге сағатына 20-30 гектар жер өңдейтін үлкен техниканың қажеті жоқ екені айтпаса да түсінікті. Бұл бір. Екіншіден, Қазақстанның жері қатты. Аударған кезде кесек-кесек болып қалады. Ал, оған Еуропаның немесе Белорустың техникасы шыдамайды. Сондықтан, бұрын жер ерекшелігіне байланысты техниканы таңдайтын республикамызда 7 МИС (машина испытательный станция – С.О), яғни, ауылшаруашылығы машиналарын сынақтан өткізетін бекеттер болған. Соның Қаскелеңде орналасқан біреуі көлемі кішірейіп лаборатория болып біздің институтқа қосылды.

Сырттан келген техника бізде сынаудан өтпейді. Жаңағы МИС-ті сол үшін айтып отырмын. Қазақстанның жер жағдайына жарайтын-жарамайтыны сыналмастан, әркім алып келгенін өзінше қолдана береді. Баяғы министрдің «фермер не қаласа соны, қайдан қаласа сол жақтан сатып алады» дегеніне болып тұр. Нәтижесінде, миллиондаған ақшаға сатып алынған техника алты айдан кейін сынып, жарамай қалады. Бұл кімнің кінәсінен?! Мұның теріс әсері еліміздің фермерлері өндіретін ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнына тиеді. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кірдік. Сондықтан, өніміміз бәсекелестікке төтеп беретіндей болуы керек. Сол бәсекелестік орта әбден күшейді. Ал, қазіргі фермерлеріміз өндіріп отырған өнім соған сай келе бермейді.

Бізде қай салада болмасын білім-ғылым мен өндірісті байланыстыру керектігі жиі айтылады. Ауыл шаруашылығында осы бар ма?

– Әлбетте. Әлбетте. Министрлігіміздің «Ұлттық аграр білім-ғылым орталығын» құрғандағы мақсаты білім мен ғылымды ауыл шаруашылығына жақындату. Соның үшін бұл орталыққа Батыс Қазақстандағы Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университет, Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университет және Алматыдағы Қазақ Ұлттық аграрлық университет бекітілді. Содан соң, бұрынғы «Казагроинновация» АҚ-ның құрамында болған 25 институт та қосылған ұлттық орталық жаңа саясат, жаңа бағыт бойынша жұмысын бастады. Дегенмен, біз шығарған кішігірім техникаларымызды бұған дейін де ауылдардағы фермерлердің шаруашылығында сынап жүрміз. Сонымен қатар, ғалымдарымыз үлкен-үлкен шаруашылықтардың ғылыми кеңесшісі қызметін де атқарады. Мәселен, өз басым Жамбыл облысындағы «Қайыңды» фермасының және Алматы облысындағы түйе шаруашылығымен айналысатын «Дәулет-Бекет» ЖШС-нің ғылыми кеңесшісімін. Мұның өзі «ғалымдарымыз өндірістен қол үзіп қалды, ғылым өз жолымен, өндіріс өз бетінше жүріп жатыр, арасында байланыс жоқ» деген пікірдің бекер екендігінің дәлелі. Байланыс бар. Тіпті, шүкір, ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде жаңа технологияны қолданып, жаңа сатыға көтеріп жүрген фермерлеріміз де бар. Арасында ғылым өкілдеріне өздері келіп жаңа технология сұрайтындары да жоқ емес.

Соған қарамастан, Қазақстан неліктен ауылшаруашылық өнімдерімен өзін өзі қамтамасыз ете алмай келеді?

– Бұл фермер өнімді қалай өндірсе де өзі біледі деп еркіне жіберіп, еркелетіп қойғандықтан болып тұр. Бұрын азық-түлікті өндіруге арналған техникалық регламент деген болатын. Сондықтан, министрлікті регламенттеуші орган дейтінбіз. Қазіргі министрліктің қолында сол регламенттің өзі жоқ. Екіншіден, өнім өндірушіні ортада пайда болған делдал қанап, жеумен келеді. Мысалы, ауыл аралап жүріп сүтті 20-30 теңгеден сатып алады да, мұнда келіп 200 теңгеден сатады. Бұл сүтті өңдеместен тікелей сатқандағы жағдай. Мұнымен өнім өндіруші ешқашан өспейді.

Осы тұста Үкіметтің көңілге қонымды бір ісі, ол «Ауыл шаруашылығы кооперациясын құру туралы» заң қабылдауы. Бірақ, заң қабылданғанымен, оны қолданатын механизм жоқ. Заң бар, жазылғанда бәрі дұрыс. Айналып келгенде, Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігі өндірушілердің реестрі, өңдеушілердің реестрі, өңдеушілерден кейін сақтаушылар реестрі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты деген мәселелерді бірінен кейін бірін қойып, ауыл шаруашылығын толық және тұтас бір жүйеге келтіре алмай отыр. Бізде тәртіп жоқ. Өнім өндірушілердің өнімін өткізе алмай қиналған бейнетін көргенде жаның ашиды. Бағып-қаққан малдың етін базарға өткізе алмайды. Өйткені, ондағы делдалдар не су тегін алғысы келеді, оған көнбесе ветеринариясы ауру мал деген анықтама жазып, етін өртеп жіберуге дайын. Сонда, ондағылар кімнің пайдасына жұмыс істеп жүр?! Ал, базардан басқа өнім өткізетін көз жоқ. Бұл мал етіне ғана емес, көкөніс, бақша өнімдеріне де қатысты жағдай. Аталмыш мәселе бір ғана заң шығарумен реттелмейді. Әр өнімді өндірудің техникалық, технологиялық регламенті болуы тиіс.

Тағы бір мысал айта кетейін, көрші өзбек елі одақ кезінен бері әлі күнге мақта өндіреді. Мақта өндіретін колхоздарды жекеге беріп, таратқан жоқ. Фермерлер бірлестігі деп атын өзгертіп ғана сақтап қалды. Ең бастысы, мақтаның бәрін кеткен шығындарын есептеп, төлеп, үкімет қабылдап алады. Өйткені, ол алдымен экспорттық, одан кейін стратегиялық шикізат. Бір келі мақтаның бағасы 14 келі бидайдың құнына тең. Себебі, мақтадан жасалмайтын нәрсе жоқ. Терең өңдейтін болса, одан оқ дәріні де, ақшаның қағазын да жасауға болады. Бір мақтаның өзінен 70 түрлі өнім алынады. Бізге келсек, мақта егетін үш ауданымыз бола тұра мақта егістігінің көлемі жылдан жылға азайып барады. «Мақта егудің пайдасы жоқ» дейтіндер де табылды. Мұны көшедегі жай біреу айтса, құлақ аспас едік. Министрлікте, Парламентте отырғандар айтқан соң, әрине, жанымызға батады.

Ауыл шаруашылығын, онда шаруа жүргізуді, өнімді қалай, немен өндіруді жекеге берсе, бәрін жеке фермер өзі шешетін, білетін болса, онда министрліктің қажеттілігі болмай қалмай ма?

– Осы сауал институтымызда өткен жиын, кеңестердің бәрінде айтылып жүр. Расында, қолында регламенті жоқ министрлік ауыл шаруашылығын қалай басқарады?! Ауыл шаруашылығы министрлігінің бүгінде қолында қалған жалғыз қызметі, халықтың әлі де болса оған қарайлайтыны, ол субсидия беретіндігі. Содан басқа министрлік басқару, қолдау, кеңес беру, ақпараттандыру, ұйымдастыру қызметтерінің бірде бірін атқармайды. Сіздің айтып отырғаныңыз дұрыс, олай болса ондай министрліктің керегі де жоқ. Егер субсидия бөліп беру үшін қажет болатын болса, оны Инвестиция және даму министрлігінің бір департаментіне жүктей салса да жетеді. Сосын Ауыл шаруашылығы министрлігінің түкке де керегі болмай қалады. Шын мәніндегі министрлік болса, онда неге халықты, фермерлерді белгілі бір бағытқа бағыттамайды. Бұл біздің ғылыми ортада айтылып жүрген мәселе. Тіпті, техниканы Қытай бізден де арзан шығаратын болса, онда механикаландыруды ғылыми зерттеудің, зауыттардың не қажеті бар деп пікір білдіріп жүргендер де бар.

Егер біз азық-түлік қауіпсіздігін, егемендігін ойласақ, оны өндіруге керекті техниканың тым құрығанда жартысын өзімізде шығаруымыз керек. Ең қажеттісі өзімізде болуы тиіс. Еуропаның немесе АҚШ-тың жақсы деген техникасын әкеліп қолданғанның өзінде бәрі жақсы бола салмайды. Өйткені, олардың ертең техникалық қызмет мәселесі шықпай тұрмайды. Бізде қосалқы бөлшектері жоқ. Шетелдің техника сататын компаниялары қазір саясатын жолға қойып алды. Қарапайым бір мысал, жапонның сурет шығаратын принтері бар-жоғы 14 доллар тұрады. Алайда, елу сурет шығарар-шығармастан бояуы бітіп, картриджін ауыстыруға тура келеді. Онысы 10 доллар тұрады. Жылына 4-5 рет ауыстыру керек. Сөйтіп, өмір бойы соған қызмет қыласың. Ал, бұдан кім пайда көреді, ауыл шаруашылығы техникасының 96 пайызын сырттан әкелсек, онда біз кімнің өндірісін қолдап отырмыз?!

Бұрын агроном, инженер-механик және тағы басқа ауыл шаруашылығы мамандықтары оқытылатын...

– Оқытылды, әлі де оқытылады.

Оқытылғанымен, қазір олардың ары қарай «барар жер, басар тауы» бар ма?  

– Бұдан екі бөлек мәселе туындайды. Біріншіден, инженер даярлайтын университеттер ақ тақта, түрлі түсті қаламмен ғана оқытып отыр. Ондағы инженерлер қолымен бірде бір ауыл шаруашылығы техникасын жөндеп, құрап көрмейді. Яғни, ешқандай практикадан өтпейді. Тек қана теорияны оқиды. Мен жоғары оқу орнында 25 жыл инженер-механиктерге сабақ бердім. Сонда теплотехника, термодинамика секілді ең күрделі сабақтарды өтетінбіз. Ішіміз ашитыны, сол сабақтар бүгінгі инженер мамандығын оқытып жатқан бағдарламада жоқ. Бағдарламаны әбден жеңілдетіп тастады.

Екіншіден, бұрынғы колхоз, совхоз, машина-трактор паркі жоқ, техникалық қызмет көрсету деген секілді ауыл шаруашылығы өндірісінің субъектілері жоқ. Енді инженер-механиктің ауылға түкке керегі болмай қалды. Шетелдердің аграрлық университеттерінде қазір инженерия-биосистем деген факультет бар. Біздегі ауыл шаруашылығын механикаландыру оның оннан бірі ғана болып қалады. Яғни, олар маманның қызметін үлкейткен. Агроном, энтомолог және инженер-механик үшеуін қосып бір маман даярлайды. Сондықтан, олар инженер демейді, оны кеңесші деп атайды. Себебі, шаруашылықтың барлығы жеке, ал, мамандар тек кеңес беретін орталықтарда ғана қалады. Жеке фермерлері болса, өнімді соған арнап шығарылған регламентке сәйкес өндіреді. Регламент бойынша өндірілмеген өнім Дүниежүзілік сауда ұйымына кіре алмайды. Ертең Қазақстанға бір шетелдік өнім сатып алуға келсе, алдымен оны қандай регламентке сүйеніп өндіргеніңді сұрайды. Ол кезде «айдап жүріп бақтым, өріске жібердім өзі жайылып келді» деген сөз өтпейді. Ол кезде қолымызда министрлік Қазақстан бойынша қолдануға арнап жазған, Әділет министрлігі бекіткен құжат, регламент болуы керек. Ал, қазір көп фермерлеріміз өнімін Кедендік Одақтың регламентіне сілтеме жасап, өткізіп жібереді. Тіпті, министрлікте ауыл шаруашылығын басқарып отырғандардың өзі сол Кедендік Одақтың регламентіне сүйеніп жасай салуға кеңес береді. Бұл қалай сонда?! Белорусь Қазақстанның Сарыарқасында түйе бағып өсіруге арнап регламент жазбайды ғой.

Елімізде инженерлер жаппай даярланады. Бірақ, қайда баратынын білмейді. Себебі, орын жоқ. Ғылым қызметкерлерінің жағдайы мүлде басқаша. Доктор немесе академиктеріміздің жасы 60-тан төмені жоқ. Орта жастағылары бірен-саран ғана. Одан кейінгілері, тіпті, қиын. Қазіргі даярланып жатқан phd докторларымыздың дәрежесі одақ кезінде 80-ші жылдары даярланған инженер-механиктердің деңгейіне жетпейді.

Бұл салада тағы бір мәселе бар. Жақында Қазақ-Британ техникалық университеті мен Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетті біріктірді. Үлкен оқу орнына, ғылыми зерттеу орталығына айналады деп жатыр. Оқытушы келер жылдан бастап өзінің пәнін ағылшын тілінде оқытуы керек деген талап шықты. Бұл қалай?! Жасы алпысты алқымдаған оқытушы-ғалымдар енді ағылшын тілін үйрене де алмайды, үйренген күнде де бүгінге дейін жинаған білімін, тәжірибесін ол тілде жеткізіп те жарытпайды. Олар зейнет жасына жетіп құрметті демалысына кеткесін не болмақ?! Иә, бізде «Болашақ» бойынша шетелде оқып келген ағылшын тілін жақсы білетін жастар бар. Бірақ, олар тек тілді ғана біледі. Сала бойынша не тәжірибесі, не бір алған атақ-дәрежесі жоқ. Енді солар ағылшын тілін білетіндігі үшін ғана оқытады. Қазақта «патшаңа қарсы сөйлеме, патша Құдайдан» дейтін сөз бар. Сонда да, бір алаңдайтын нәрсеміз бар, ол үш тілді мектептен бастап университетке дейін қолдану, меніңше, еліміздің, әсіресе, техникалық мамандықтар бойынша сауатын едәуір төмендетіп жіберуі мүмкін.

Үкіметтің ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлерді жекеге сату туралы шешімі қазір қоғамда үлкен дау туғызып, қарсылыққа тап болып жатыр. Бұл мәселеде сіз қай жағындасыз?

– Мұның екі жағы бар. Егер, жалға берілген жерді өзіне сатып алып өндірісін күшейтетін болса, мал бағып жүрген фермер жайылымды сатып алып өзімен өзі өнім өндіретін болса, бұл пайдалы. Себебі, ауыл шаруашылық мақсатта жалға берілген жердің келісімшартын 49 жылдан кейін мерзімі бітуіне байланысты жер комитеті бұзса, фермер жерсіз қалады. Не болмаса оны өзге біреу алады да, алдыңғысының соншама жыл төккен тері текке кетеді. Жалға берілген мерзімнің бітетін уақытына әлі жеткеміз жоқ, енді ғана 25 жыл өтті. Ол болса 49 жылға беріледі. Тіпті, жалдау мерзімі біткеннен кейін не болатыны, ары қарай қалай реттелетіні, қандай дау-дамай болатыны белгісіз. Соның алдын алу үшін фермерлердің қазір жалдап, пайдаланып отырған жерлерін жекеге сатып алғандары дұрыс. Мұны тек түсінбегендер ғана жер сату мәселесінен шу шығарып жүр. Олардың арасында шуды пайдаланып көздеген жерін алып қалғысы келіп жүргендер де жоқ емес.

Екіншіден, жерді алуын алып, ештеңе істемей отырғандар да көп. Тоқсаныншы жылдарға дейін бидайы мен арпасы жайқалып тұратын жерлер қазір сардалаға, қара тақыр жерге айналды. Өйткені, біреу жалға алды да ештеңе істеген жоқ. Жұмыс жүргізбеген. Егер жерді пайдалана білетін адамның ауыл шаруашылығы жерлерін сатып алып, өнім өндіруіне қолдау білдіруді көздесе, онда бұл дұрыс шешім.

Ал, қолдамайтын жағы, суармалы қаратопырақты құнарлы жерлер болады және ол жерлер елдің бүгін һәм келешекте жейтін нанының қоры саналады. Бірақ, бізде қазір сондай құнарлы жердің бәріне қала салып жатыр. Мысалы, Алматы қаратопырақты жерде тұр. Қаланың Талғар жағына қарай жүрсең құнарлы жердің бәрінде жеке үйлер мен түрлі ғимараттардың құрылысы жүруде. Құнарлы жерлердің сатылуының, жекеге өтуінің келешекте кері әсері болуы мүмкін. Және бір нәрсе, министріміз жер шетелдіктерге сатылмайтынын жиі айтады. Алайда, расында солай екеніне кепілдік жоқ. Олар өзге біреудің атымен сатып алмасына кім кепіл. Жер сатудың осындай тетіктері қауіпті. Бұрындары да Қазақстан жерінің 5 пайызы сатылатыны айтылса, қазір 10 пайызы ғана сатылуы мүмкін деп жатыр.

Құнарлы жеріміздің көлемі онсыз да өте аз емес пе?

– Оныңыз рас. Ең қызығы сонда, Қазақстанның суармалы-құнарлы жері жалпы жеріміздің 0,25 пайызын ғана құрайды. Жаңа айтып өткен 5 немесе 10 пайыздың қай-қайсысы да одан анағұрлым көп. Соның үшін бұл үлкен дау болуы мүмкін. Сондықтан, бұл мәселе бүге-шігесіне дейін зерттеліп, әрбір тетігі дұрыс ойластырылуы керек.

Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ

                                            

Қатысты Мақалалар