Алматыдағы Жетісу аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратында 34 жастағы азамат өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болған, - деп хабарлайды Qamshy.kz 31 арнаға сілтеме жасап.
Алайда, марқұм Бақыт Мұстафаевтың жақындары, полицияның бұл жауабына күмәнмен қарайды. Себебі, "марқұмның өз-өзін буындырып өлтіру үшін, өзімен бірге полиция бөлімшесіне артық шалбар алып кіргеніне сенбейміз. Оның үстіне, қайтыс болған азаматтың денесінде көгерген іздер бар" дейді.
Алматы облысына қарасты, Райымбек ауданы, Сарыжаз ауылында тұратын Мұстафаевтар отбасының шаңырағынан жоқтаудың үні естіледі. Марқұмның жақындарының айтуынша, жалақы алған күні үйіне оралмаған азаматтың қайтыс болғаны туралы хабарды полиция қызметкерлері жеткізген. Бірақ Бақыттың туыстары, бауырының полиция ғимаратында өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болғанына сенбейді.
Марқұмның жақындарының айтуынша, Бақыт Мұстафаев полиция бөлімшесіне бұзақылық бабымен сәуірдің 18 күні кешкісін түскен. Таңғы сағат бестің кезінде денесі қалалық мәйітханаға жеткізіліпті. Ал, туыстарына хабар келесі күні кешкі 18.50-де бірақ жеткізілген. Бұл іске қатысты Алматы қалалық ішкі істер департаменті, қандай да бір пікір беруден бас тартып отыр. Өйткені, тергеу әлі жүргізіліп жатыр дейді. Оның үстіне, дәл осы оқиға болған күні аудандық ІІБ кезекшілікте болған Алмалы аудынының прокуратурасы да дәл осы істі жіті зерттеп жатқан көрінеді.