Қарағанды өңірінің басшылары бірінен соң бірі жалақыларын жария етіп жатыр. Нақтырақ айтқанда табыстары мен жеке мүліктерін өз еріктерімен емес, жария етуге тура келгендіктен ашық көрсеткен, - деп хабарлайды Qamshy.kz порталы 31 арнаға сілтеме жасап.
Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков бастаған тізімде лауазымды тұлғалар үй-жайымен бірге, жылына қанша ақша табатындарын ашық жариялауда.
Қарағанды облысы әкімі Нұрмұхамбет Қанапияұлының табысы - 953 260 теңге, қала басшысы Нұрлан Әубәкіровтің айлығы 630 мыңға тең. Қала әкімі 2015 жылдың ішінде 7 000 646 теңгенің басын құрап үлгерген. Ал мемлекеттік қызмет тізгінін ұстаған шенеуніктер арасында «Сәулет және қала құрылысы» бөлімі жетекшісінің айлығы ең төмен екен. Сабыржан Дәуітбергеновтың бір жылдық айлығы 1 000 237 теңгені құрапты.
Бірақ ай сайын қолына бір миллион теңгедей түсетін аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібековтың салықтық декларациясында дүние-мүлкі жайлы айтылмаған. Қомақты қаржыға жұмыс жасап жүрген Қарағанды облысның әкімі үйді жалдап тұрады екен. Есесіне, қала басшысы Нұрлан Әубәкіровтің меншігінде 10 жүздік жер бар. Ал қала әкімі жұбайының атында бір, екі және төрт бөлмелі үш пәтер бар екен.
Бірақ, статистика департаментінің соңғы көрсеткішіне сай, еліміздің өндіріске бай өңірдегі адам басына шаққандағы орташа еңбекақы есебі - 100 мыңға тең. Әзірге, мемлекеттік қызметкерлер табысын жария ету бойынша Қарағанды өңірінің басшылары көш бастады. Әзірге еліміздің өзге облыстар мен қала әкімдері мемлекеттен берілген жалақыларын жария етпек түгілі, аттарына тіркелген дүние-мүліктері туралы ештеңе жазбаған.