50 заңды бір тоқсанда қабылдап тастап, аузы күйген депутаттар жаңа заңдарды енді майшаммен қарауға кірісті. Күні кеше Мұхтар Тінікеев пен депутат Жамалов арасындағы жанжалға себеп болған «коллекторлық қызмет туралы» заң, бүгін мәжілісмендер арасында тағы да дау туғызды, деп хабарлайды 31 арна.
Өзі жұмыс істейтін бар-жоғы 8 миллион тұрғынның 5 миллионы банкке қарыз, несие алған. Солардың жартысынан астамы қазір қашып жүр екен, қарызын қайтара алмайды.
Қарызды қайтаратын агенттер қажет деген Ұлттық банктің ұсынысына, депутаттар қаржы орталығының өзіне қарсы тап берді.
«Банктер барлығына несие таратып бітті. Қарыз алатын адам қалмады. Енді олар зейнеткерлерге несие беріп, қулыққа барып отыр. Олар зейнетақысын алып, дәрі алайын десе де банктегі агенттер қарияның қолына тимей жатып қаржыны сыпырып алады», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дания Еспаева.
Зейнеткерлерден пайызды жырып отырғаны былай тұрсын, банк кесірінен өзіне қол жұмсағандарды айтты депутаттар. Бұрынғы ұстаз, қазір мәжіліс мінберіндегі Ирина Смирнова тіпті жалақсын жасырған жұмыскерлерді таниды екен. Отқа май құятын коллекторлар келсе, қылмыс артып, маскалы «мафия» пайда болады дегендер де табылды. Себебі көрші Ресейде коллекторлар қарызды жауыздықпен қайтарып, нағыз рэкетшілдікке барып жүргені біраз айтылған.
«Олар кепілдіксіз де беріп жатыр. Магазин ішінде де солар беріп жатыр. Халық келіп алады да, проценті көп қайтара алмайды. Коллекторлар келеді де жағдай одан сайын нашарлайды»,-дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов.
Жағдайдың нашарламайтынына сенімді Омархан Өксікбаев банк пен борышкер арасында ғана емес, көрші-қолаң, таныс пен ағайыннан да алашағын ала алмай жүргендерге агент жіберіп, қарызды қайтару керек дейді. Осылай заң аясын кеңейтпек.
Пікір қалдыру