Бүгін Алматыда Ұлттық баспасөз клубы алдында жер мәселесіне қатысты митинг өткізуге рұқсат сұрайтындары туралы баспасөз жиынын өткізбек болған 10-ға тарта белсендіні полиция ұстап әкетті, - деп хабарлайды Qamshy.kz порталы.

Жиын сағат 11-де өтуі тиіс болған. Бірақ жиын басталатын уақыт таяғанда полиция келіп, оны ұйымдастырушылардың бірі Маржан Аспандияровадан түсініктеме жазуды талап етті. Белсенді оны жазудан бас тартты.
Бірер минуттан соң клуб алдына полиция жасағы келіп, саясаткерлер Маржан Аспандиярова, Әміржан Қосанов, белсенділер Жанболат Мамай, Инга Иманбай, Ғалым Ағелеуов, журналист Ермұрат Бәпи мен қарсылық танытқан тағы екі-үш адамды күшпен көліктерге мінгізіп алып кетті.


Ал баспасөз жиынына дейін журналист Рысбек Сәрсенбай мен қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжанды да полиция ұстап әкеткені хабарланған болатын.

Айта кетейік, ұйымдастырушы белсенді топ кеше "баспасөз жиынында "Жерімізді қорғаймыз - Ана тілімізді сақтаймыз!" деген атпен Алматыда жалпыхалықтық митинг өткізуге рұқсат сұрау туралы қала әкімдігіне өтініш беру мәселесін талқылайтындарын" хабарлаған еді.