Алматыда қырыққа жуық адам ғаламтордағы хабараландыруға алданып қалды. Тіпті, миллиондаған ақшаларын алаяқтарға өздері санап беріпті. Мегаполис тұрғындары интернет арқылы арзан кірпіш сатып аламыз деп, ақыры жер сипап қалған. Ал айласын асырғандар қазір із түссіз жоқ болып кетіп, орындарына мәселеден хабарсыз есепшілерін қалдырып кеткен. Не кірпіш, не ақшасыз қалып, аузы күйген адамдардың саны күн санап көбейіп келеді.
Нұрлан Ормахаев жалдамалы пәтерді босатып, жеке үй саламын деп 2 жылға жуық уақыт дайындалған екен. Бой көтерер баспанасының жобасын сызып, жерін қазып барлық керек-жарақты дайындап қойған. Тек жетіспей тұрғаны кірпіш екен. Көптен күткен жоспарын іске асыру үшін жігіт тез арада ғаламтор арқылы кірпішке тапсырыс берген. Алайда ақшасын алғандар енді ізім-ғайым жоқ.
- 40 мың кірпішке 12 теңгеден 480 мың теңге ақша тастап кеттім. 15 мамыр күні маған алып келу керек. Бірақ мен хабарлассам бұл компанияның жұмыс істемейтіні , тек қағаз жүзінде болғаны анықталды. Мен сияқты жәбірленушілер көп, - дейді Нұрлан Ормахаев.
Ал Алматы қаласы ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек Қылмыстық кодекстің 190 бабы, 4 тармағы бойынша аса ірі көлемде алаяқтық фактісі бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр. Норма бойынша күдіктілер 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылу мүмкін екендігін айтады.
Қазір «Отар Строй» компаниясының ғаламтордағы жеке сайты істемей тұр. Тек осы компанияда қызмет қылып, көпшіліктің ақшасын жинап отырған есепші қыз ғана барлығының алдына келіп мән жайды түсіндірген. Айтуынша ол басшылықты еш уақытта көрмеген . Тек орталарында бір делдалды ғана білемін дейді. Әзірге полицияға арыз жазып келгендер саны өсіп жатыр. Тәртіп сақшыларының сөзінше елді алдап соққандарды табу қиынға соқпайды.