Таразда тал түсте оқ атқан кім? (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170709004920108_small.jpg

Таразда тапа тал түсте оқ атылды. Кәсіпкердің үйінен шығуын аңдып тұрған екі азамат егде жастағы әйел адамды есік алдында қылқындырып, қолындағы сөмкесін ала қашады. Сұмдық жағдайды жолай өтіп бара жатқан көліктегі жолаушы байқап қалып, қуа жөнелген. Алайда ұрының біреуі тапаншадан оқ жаудырып, куәгерден құтылмақ болған, - деп хабарлайды Qamshy.kz 31-арнаға сілтеме жасап.

Бұл шытырман кинодағы атыс-  шабыс емес. Күні кеше Тараз қаласы Асанбай Асқаров көшесінде тапа тал түсте болған жайт. Жақын маңдағы дүкеннің бейнекамерасына түскен бұл көріністе ұрының бірі өздерін қуа жөнелген жігітке бірнеше мәрте оқ жаудырғаны анық аңғарылады. Тапаншадан атылған оқ 22 жастағы азаматтың санына тиіп, алдыңғы бұлшық етін жұлып бірақ шыққан. Жараланған жігіт ет қызумен алғаш жарақатын байқамағанын айтады.

ЖАНДОС ТОҚТАСЫН, Тұрғын:

- Шамамен 3-4 рет атылды. Бірақ санаған жоқпын. Ондай кезде ешкім санамайды деп ойлаймын. Сөйтіп қуалай бастадық. Сомен тапанша атылып жатқан соң сәл - пәл басты бұғып, қашып қуалап едім. Сол сәтте патрульдік машина қуды. Кейін қарасам аяғымнан қан кетіп жатыр екен.

Белгілі болғандай көлікпен өтіп бара жатқан Жандос екі азаматтың келіншекті ұрып, қол сөмкесін тартып алғанын көреді. Бірден басын бәйгіге тігіп, бұзақыларды қуа жөнеледі. Абырой болғанда тәртіп сақшылары жедел жетіп, аман қалыпты. 

ӨМІРЖАН НҰРАЛИЕВ, ЖПП батальонының полицейі:

- Қызмет барысында үш азаматтың қарама-қарсы бетпен жүгіріп келе жатқанын байқадық. Ең артында  бетперде, қолында тапаншасы болды. Асқаров көшесінен Мичурин көшесіне бұрыла тапаншасы бар азамат екі рет қолданып, ортадағы жүгірген азаматтың аяғынан жаралады. Ол отырып қалғанда біз көпке созбай күдіктіні құрықтадық.

Осылайша он минуттың ішінде күдіктінің бірі қолға түседі. Екіншісі жақын маңдағы арық ішінде жасырынып жатқан жерінде ұсталды. Олар осы үйде тұратын кәсіпкерді бір ай бойы аңдып жүріпті. Бейтаныс жігіттердің бұл маңды айналшықтап жүргенін көршілері де, кәсіпкердің өзі де байқапты.

САРА БАЙНАЗАРОВА, Зардап шегуші:

- Дәл мына жерде отырды. Не істеп отырған балаларсыңдар дедім. Мен ондай күткен жоқпын. Жағамнан ала кетіп, мойнымнан қылқындырады деп. Мен олардан жақсы сөз күттім. Ұрып-соғып, пистолет тақағанда мен мында құладым.

Қазір зардап шеккен Сара тәртіп сақшыларына алғыстан басқа айтары жоқ. Өзі үшін оққа ұшқан азаматты бейбіт күннің батырына балайды. Айта кетейік қолды болған сөмкеде екі жарым миллион теңге болыпты. Ал оны тартып алғандар Тараз қаласының 1994 жылғы   тумалары екені анықталды. Қазір олар уақытша қамау абақтысында.

Қатысты Мақалалар