«Жер ананы қорғамайтын қорқақ екен мынау!» десеңіздер де өздеріңіз біліңіздер. Ал, «Неге?» деп сұрасаңыздар жауап берейін.
Мәселе бала-шағада, жұмыста емес. Қайдан болсын екі қолға бір күрек табылады. Бала-шағаны асырармыз. Мәселе – елдің тыныштығында.
Осыдан екі жыл бұрын «Ресей зымырандарын Сарышағанға атуды тоқтатсын, қазақ жерін уламасын, сынақ алаңы (полигон) ретінде жалға берілмесін!» , - деген мазмұнда сөйлеп, досымнан кейін ертеңінде алаңға жалғыз өзім шыққанмын. Ондағы мақсатым елді ойлау болғанымен, шын мәнінде ар жағында, жүрек түкпірінде өзімді ойлап едім. Өзімнің арымды ойладым. Менің талабымнан нәтиже шықпайтынын сезсем де шыққан себебім азаматтық парызымды өтеу еді. Парызымды өтедім. Түн ұйқым тыныш болды. «Ел алдында арым таза» деп өзіме іштей басу айтып жүремін.
Айтпақшы, биыл біраз жерді Ресейден мемлекет қайтарып алды. Гуглдан іздесеңіздер, жарияланған деректі мақалаларды табасыздар. Бұл менің емес, мемлекеттік саясаттың жеңісі. Жерді бірден бәрін қайтарып алу мүмкін емес екенін сауатты саясаткерлер біледі. Әйтеуір біртіндеп қайтарамыз.
2013 жылдың 2-шілдесінде протон құлаған кезде де Ресей елшілігінің алдында бір топ жігіт гептилдің зияндығын айтып, наразылық акциясын өткіздік. Енді жігіттердің халық алдында ары таза. Енді олар борышкер емес.
Ресейде «Восточный» ғарыш айлағы толық салынып бітті. Зымырандарын әуеге өздері ұшыра бастады. Байқоңырдан біртіндеп кетеді. Уақыт бәрін өз орнына қояды екен.
Уақыт демекші, «Үш тұғырлы тіл» де уақытша нәрсе. Статистиканы қарап шықтым. Солтүстік өңірлерде қарадомалақтардың туу көрсеткіші қауіптеніп отырған жақпен салыстырғанда анағұрлым, бірнеше есе көп. Ал, біз қорқып отырған орыс тілді кемпір-шалдардың орташа жасы – 60. Сондықтан, алаң болмаңыздар. Табиғи түрде кетеді олар. Бірді айтып бірге кетпей, митингі мәселесіне оралайын. Оның бәрін тізбектеп отырған себебім, митингіге шықтым деп мақтану емес, пайдасы мен залалын нақты мысал ғып көрсету.
Пайдасы Атырауда бейбіт митингтің болуы. Әкімнің халықпен тілдесуі. Міне, осы жетеді. Халық өзінің орасан зор күш екенін көрсетті. Билік те бірден есін жиды. Өйткені, дүние-байлық кез келген пендені шалықтатып жібереді. Періште көкте ғана. Үкімет Атыраудан сабақ алды. Алматы әкімдігі белсенді азаматтармен диалог орната бастады. Бір бірімен ақылдасып, пікір алысуы үшін дөңгелек үстел ұйымдастырмақшы. Қазақ бұрын солай шешкен жоқ па еді?! Ақсақалдар алқасы мен ағалар кеңесі бір шешімге келетініне үмітім зор.
Жәңгір мен Махамбеттің тіресінен кім ұтты? Ұрпақтары Ресейге бодан болды да қалды.
Алматы үлкен шаһар. Зиялылардың дені осында. Бәрі сабыр сақтап отыр. Олар ақымақ емес. Алматыда митинг болса, оның бейбіт болатынына сенімді емеспін. Арандатушылар міндетті түрде пайда болады. Осындай жағдай болып жатқанда Украина Қырымнан айырылғанын ұмытпайық. Қазір қайтара алмай әлек. Ал біз митингіге шықпас бұрын жас боздақтардың келешегі мен денсаулығын ойлайық. Петропавлды жадымыздан шығармайық.
Бастысы, астын сызып тұрып айтайын, ең бастысы, халық пен билік арасында диалог пайда болды. Жақындаса бастады. Дәнекер болып, халық пен биліктен үнемі сұқбат алып жүргендіктен іштегі ойымды жазу – журналистік парызым. Екеуара басталған әдемі диалогтың шырқы бұзылмаса екен. Атыраудан сабақ алған депутаттар дереу ел аралап, халық пен егістік алқабындағы шаруалармен кездессе екен.
Осындай үмітпен, ел тыныштығы және мемлекет біртұтастығы үшін митингіге шықпаймын!
журналист