Алматыда жоғалған студенттің мәйіті Есентай өзенінен табылды, - - деп хабарлайды Qamshy.kz Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
С. Аспандияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің студенті Санжарбек Арзиевті іздестіру жөніндегі жедел тергеу тобы студенттің мәйітін Есентай өзенінен тапқан.
«Топтың хабарлауынша мүрде өзеннің Рысқұлов даңғылы тұсынан табылған. Іздестіру шаралары барысында Су ресурстарын басқару жөніндегі басқармаға Есентай өзенінің суын басқа көздерге бағыттау арқылы төмендету туралы өтініш жасалған болатын. Басқарма өтінішті қанағаттандырып, нәтижесінде жас жігіттің мүрдесі су түбінен табылып отыр», - делінген ІІД таратқан хабарламада.
Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу барысында оқиғаға қатысты басқа да жағдайлар нақтыланатын болады.
Естеріңізге салсақ, С. Аспандияров атындағы Қазақ ҰМУ студенті Санжарбек Арзиев сәуірдің 29-ынан 30-ына қараған түні туған күннен таксимен қайтып келе жатып, таксиден түскен бетте жоғалып кеткен болатын. Көшедегі бейнебақылау камераларының біріне оның Есентай өзеніне құлап кеткен сәті жазылып қалған. Алайда, суға түскен сүңгуірлер жоғалған студенттің мәйітін таппаған еді.