Енді сақшылар жол ережесін бұзған жүргізушілердің айыппұлын көлік ішінен шықпай-ақ төлета алады, - деп хабарлайды Qamshy.kz 31 арнаға сілтеме жасап.
Ала таяғымен бірге арнайы терминалды ұстап жүруге міндеттелген полицейлер жұртты ұзын-сонар кезекке тұрмай, картамен терминалға айыппұл төлеуге үйретеміз деп отыр.
- Егер де бармаймын десеңіз, кезекте тұрып, жұмыстан сұранбаймын десеңіз, осы жерде төлей салуға болады, 50 пайыздық жеңілдікпен. Бір күннің ішінде бізде қазір 3 операция болды, жол ережесін бұзған адамдар картамен төледі, - дейді Астана қалалық ІІД ӘПБ бөлім бастығы Нұржан Әділов.
Әзірге астаналық полицейлер қолында ұялы телефонға ұқсас терминалдың 30-ы бар. Құрылғыға хаттама нөмірі мен айыппұл мөлшері енгізілген соң, чектің бірі жүргізушіге беріледі. Бұл сенімділік үшін. Екіншісі қорға енгізіледі. Тіпті, жол ережесін бұзбай көшеде келе жатқан жүргізушінің өзі қарызы барын білсе, полицейге келіп айыппұлын төлей алады.
Терминалмен қалай қолдануды банк өкілдерінен арнайы үйренген сақшылар ақшаны қолға алмаймыз, демек жемқорлық болмайды деп отыр.